Жоқ жерден ақылға қонымсыз қымбатшылыққа тап болып «Назарбаевты» желкеміздің шұқыры көрсін» дегендей бәрі кетіп жатыр екен. Теріс айналғандардың көбі халықаралық беделі бар, аты қалыптасып, атағы жүріп тұрғандар. Кетуге себеп – бағаның өсуі. Қазірдің өзінде Austrian airlines, KLM, Asiana Airlines,  British Airways, Air Baltic, Czech Airlines компаниялары Н.Назарбаев халықаралық әуежайына қатынайтын рейстерін жапса, China Southern и FinAir әуе компаниялары Астана бағытын тоқтатқан. Сөйтіп, «Назарбаевтағы» тарифтерінің өскені соншалық – одан бәрі теріс айналып жатыр. Мәселен, халықаралық рейстердің ұшып-қонуы 30 пайызға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету 100 пайызға, ұшақты орналастыру 157 пайызға, әуе кемесінің нормадан көп уақыт тұрақта тұру ақысы 188 пайызға бір-ақ шарықтаған. Бұл аз болғандай, авиакеросиннің де бағасы жалпы жер бетіне тән емес шамаға көтеріліп алған екен. Мұны көрген шетелдік әуе компаниялары көздері тас төбесіне шығып, төбе шаштары тік тұрып шалқасынан түскен. Бірақ Астана әуежайына бәрібір секілді. Оларға салсаң, әуежай президенттің атымен аталса, ойыңа келген бағаны қойсаң да бәрі соған көне салатындай көрінсе керек. Алайда жұрттың бәрі мойнына мініп, қанап отырсаң да мыңқ демейтін қазақ қоғамы емес қой. 2018 жылдың екінші жартысына арналған тарифтердің бағасын көрген айтулы әуе компаниялары «Назарбаевқа» келмей-ақ қойдық» дегендей бәрі де Астанаға қатынап абырой таппайтындарын біліп, рейстерін жауып жатыр.
Аты дардай Н.Назарбаев халықаралық әуежайы қонуды былай қойып, белден басып, еш негіздемесіз қолдан баға өсіріп отырғаны шетелдік компанияларды бұрын-соңды көрмеген жат әлемге тап қылғандай көрінеді. Мысалы, халықаралық ережеге сай, әуежайдағы кез келген өзгеріс жолаушы тасымалдаушы әуе компанияларына алдын ала ескертіліп, баға мен қызмет түрлері толықтай ашықтыққа құрылып, әуе компанияларымен кеңесе отырып шешім қабылданады. Айталық, Еуропа елдері мен АҚШ-та әуежайлар жарнама, ғимаратты жалға беру және өзге де алуан түрлі коммерциялық қызметтерді ұйымдастырудан кемінде 30-40 пайыз пайда табады. Ал Назарбаев әуежайы болса ешкіммен ақылдаспай, ешқандай себепсіз бағаны өсіре салу дейтін ең оңай жолды таңдаған. Талай елдің әуежайларына ұшып-қонып жүрген әуе компанияларын таңғалдырған да осы жайт сияқты. Сөйтіп, Turkish Airlines, Lufthansa, LOT, Air Arabia және FlyDubai әуе компаниялары азаматтық авиация комитеті мен инвестициялар және даму министрлігіне Н.Назарбаев әуежайындағы жаңа тарифтерге келіспейтіндерін айтып, арнайы хат жолдапты. Ол компаниялардың мүддесін әуе транспорты халықаралық қауымдастығының Орталық Азия бойынша өкілі жеткізіпті. Осылайша халықаралық әуе хабы болады делінген «Назарбаевтан» әлемдегі жетекші әуе компаниялары теріс айналып жатыр.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу