Былтыр БАҚ өкілдеріне жаңадан қабылданған «Коллекторлық қызмет жөніндегі» заңдағы өзгерістерді түсіндірген ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Айнұр Көшербаева сол кезде облыстағы 38 коллекторлық агенттікпен келісім-шарт бойынша жұмыс істеп отырғандарын айтқан еді. Одан бергі жарты жыл ішінде коллекторлық ұйымдар кеңселерін аудио және бейнежазу құрылғыларымен жабдықтау сияқты бірқатар талаптарды орындағаннан кейін Ұлттық банктің реестріне тіркелуі керек болатын. 2017 жылғы желтоқсанның 3-інде олардың есепке тұру мерзімі аяқталды. Енді елдегі қаптаған коллекторлық компаниядан заңды жұмыс істеп тұрған 60-ы ғана қалыпты, оның 34-і Алматыда екен. Ал Атыраудан бір ғана мекеме тіркелген. Ол – «Арбитр» коллекторлық компаниясы.
Компания басшысы Рита Бөпежанованың ойынша, қаржы нарығындағы бәсекелестерінің сиреп қалуына екі жай себепші. Біріншісі, Ұлттық банк тізіліміне ену талаптарының қатаңдығы. Екіншісі, жаңа заңдағы кейбір өзгерістер.
Борышкерлер тарапынан банкке бережағы барын туған-туысынан бастап көрші-көлеміне дейін жеткізетін, күндіз-түні қыр соңынан қалмай, қоңырау шалып есінен тандыратын, қорқытатын-үркітетін коллекторға деген арыз-шағым қардай борағасын, бұл қызмет түрінің жұмыс істеу механизмін реттейтін заңның қажеттігі күн тәртібіне шыққан. Сөйтіп, заң бойынша коллектордың борышкерге жұмыс күні сағат 8.00-ден 21.00-ден басқа уақытта телефон соғуына, күніне үш реттен артық хабарлама жіберуіне, бір тәулікте бір реттен артық жолығуына, мереке, демалыс күндері мазалауына, басқа тұлғаларға несие туралы мәліметтерді беруіне тиым салынды. Банктер клиенттің келісімінсіз оның «несие тарихын» коллекторға бермейтін болды.
«Арбитр» коллекторлық компаниясының төрт инспекторы үш мыңнан астам жеке тұлғалардың қайтарылмай тұрған кепілсіз несиесі бойынша алашапқын болып жатыр. Компания әзірге Атыраудағы 23 екінші деңгейдегі банк филиалдарының ішінен «Каспийбанк» филиалымен ғана келісім-шартқа отырған. Жыл жаңа басталғанмен, әлден-ақ қол жеткізген нәтижелері бар.
​-Жасырып қайтеміз, «Коллекторлық қызмет жөніндегі» заңда қабылданған өзгерістер бізді кәдімгідей шектеп тастады. Ол банктің қарызын қайтармай жүрген клиентіне көбірек тиімді сияқты, — дейді Рита Бөпежанова.
​Коллектор жұмысының тиімділігін арттырудың бір жолы – банктердің өтелмей тұрған қарызын сатып алуы. Банк жүйесінде «проблемалық» деп аталатын борышкерлерді коллекторлық ұйымдарға басыбайлы сатып жіберу әдісі қолданылады екен. Мұндай кезде банк клиентінен рұқсат сұрауға міндетті емес, ал коллекторлар қарыз иесінің берешегін сот арқылы өндіріп ала алады. Кесімді ақыдан бөлек, банкке қайта түскен ақшаның пайызына жұмыс істейтін коллектор үшін мұның қаншалықты тиімді екені түсінікті болар?!
​-Біз алдымен несиесін төлей алмай жүргендермен ашық сөйлесіп, мәселенің жай-жапсарын сұраймыз, – деп түсіндіреді «Арбитр» компаниясының директоры, — Әдетте, олардың көпшілігі жұмыссыз не жалақысы төмен болып, қаржылық дағдарыс салдарынан қиындыққа ұшырағасын төлеуге шамасы жетпей жүргендер болып келеді. «Қайтесің ал, төлемеймін!» деп қасарысып отыратындар да бар. Банкке қарызын қайткенде де бермеуге тырысқан азаматтарды да ә дегеннен танимыз. Адамдардың мінез-құлқын, ойын, пиғылын танып-білуде психологтан кем түспейміз десем қателеспеспін!
​Коллекторлық мекемеде жұмыс жасауға ниеттенген маман психологиялық тест тапсыруы шарт. Алайда, кейбір органдардың қызметкерлері психология бойынша шағын курстардан өтетін болса, коллекторлар үшін ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Ал «жылап барып, күліп қайтатын» қарыздың ізіне түсем деп күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыратын жұмыстың жүйкеге түсіретін салмағы көп-ақ.
​Сонымен, коллекторлық компаниялар мен агенттіктер саны азайды. Коллектордың аяқ-қолын байлап-матадық. Кім ұтты, кім ұтылды? Банктердің өндіре алмай отырған қаражатының көлемі осыдан кеми бастады деп айту қиын. Ғаламтордағы деректерде Қазақстанда бір миллиондай адамның банктерге 4 трлн.теңгедей қарызы бар екені көрсетілген. Көз қорқатын сан болғанмен, халықтың ұялы телефонды да несиеге алып, тойды да несиеге жасайтынын көріп жүргесін таңғала қоймайсың. Түптеп келгенде, сол несиені тұтынушының материалдық жағдайына қарамай оңды-солды беріп жатқан банктердің өзі сол әрекетінен ақыры берекет таппай, коллектордың қызметіне жүгінуге мәжбүр болып отыр.
​Бұдан бөлек, борышкердің ісі сотқа жетіп, сот шешімі шыққан жағдайда оны өндірумен жеке сот орындаушылары да айналысады. Соңғы жылдары оларға да бережағы бар адамның мүлкін тартып алу, сатуына тоқтау салу, шетелге шығуына тиым салу сынды біршама өкілеттіліктер берілді. Соның арқасы болар, облыстық әділет басқармасының мәліметінше, 2011 жылдан бері жеке сот орындаушылары өндіріске келіп түскен 102 мыңнан астам атқару құжатының 71 пайызын орындаған. Бұл сот шешімдерінің ауқымды бөлігін банктердің өтелмей жүрген несиесі құрайды. Ал өткен шілде айындағы брифингте ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Айнұр Көшербаева облыстағы тұтынушылық несиенің қарызы 116 млрд.теңге құрайтынын айтқан, бұл жұртшылыққа берілген жалпы несиенің 37 пайызын құрайды екен.
Құралай ҚУАТОВА,
Атырау облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.