Атырау облысы бойынша жекешелендіруге жатқызылған он бес мекеменің ішінен бүгінде он бірі сатылып отыр. Оның ішінде сегізі жеке тұлғаның, екеуі ЖШС-ның, біреуі жеке кәсіпкердің қолына өткен. Әрі қарай таратсақ, Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы жолдары» ЖШС мен «Бейбарыс-Атырау» хоккей клубы сенімді басқаруға берілген. Олардың қатарын көп ұзамай «Атырау» облыстық футбол командасы толықтыруы мүмкін. Ал ақыры иесі табылмаған «Мұнайшы» спорт кешені таратылып, «Атырау Инновейшн», «Арнайавтобаза» ЖШС-ларына екінші мәрте тендер жарияланған.
​Көріп отырғанымыздай, сатылған немесе сенімді басқаруға берілген нысандардың басым бөлігі – дене шынықтыру саласына қатысты. «Мұнайшы» спорт кешені, «Атырау баростаты» спорттық ойын түрлері бойынша облыстық командасы, «Атырау» облыстық волейбол командасы, «Атырау» спорттық су түрлері бойынша клубы, Ұлттық спорт түрлерінің Атырау облыстық клубы, «Атырау» спорт кешені, «Бейбарыс-Атырау» облыстық хоккей командасы және облыстық футбол командасы – осы топтардың құрамында болып, аймақтың абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың ендігі жай-күйін жаңа «қожайындар» шешеді.
Бұлардың ішінен, мәселен, «Бейбарыс-Атырау» спорт клубының саудасы 183 млн.теңгеден басталып, ақыры 500 млн.теңгеге кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беріліпті. Одан әзірге төленгені — 27,4 млн.теңге кепілдік жарнасы. Жергілікті хоккейшілер үшін оң жаңалық – қызметкерлер саны қысқармай, жүзден астам жеткіншек қатысып жүрген секциялардың жұмысы жалғаса бермек. Сондай-ақ, 1,5 млрд теңгеге салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген, жалпы көлемі 6000 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны сарайы жеке қолға өтпейді екен.
Облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары Серік Демегеновтен білгеніміз, қазіргі таңда облыстағы жекешелендірудің сату құны 748 млн. 607 мың 259 теңгеге бағаланып, одан бюджетке 189 млн. 806 мың 259 теңге түсіпті. Бұл соманың ішінен сенімді басқаруға берілген екі мекеменің жаңа иегерлерінен әзірге кепілдік жарналар ғана төленген.
Ғимараттардың мемлекет меншігінде қалатыны жөніндегі мәліметті демеу тұтқанмен, сатып алушыларға қойылатын талаптардың тым жұмсақ екендігі көңілге қонбайды-ақ. Олардың кадрларды сақтауы, жалақыны қысқартпауы бұдан былай міндетті емес. Бастысы, ұйымның бағытын үш жыл бойына өзгертпеуі талап етіледі.
Еліміздегі жекешелендіру бойынша кешенді жоспар 2014-2016 жылдарға арнап қабылданып, кейін 2016-2020 жылдарға шегерілген. Алайда, былтыр бұл мерзім қайта қаралып, нысандар осы жылдың соңына дейін сатылуы тиіс болған. Өткен күз айынан бері жұмыстың қарқынды жүріп кетіп, бірнеше рет саудаланса да өтпей тұрған мекемелердің тез арада жекешеленіп кетуі осылай түсіндіріледі. Жақында Қазақстан бойынша «қара тізімге» енген ұйымдардың ішінен халық қалаулылары тек қана Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына араша түсті. Мұнайлы өңірде жоғарыда аталғандардан бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауыты да Павлодар мұнай өңдеу зауытымен бірге жекешелендірілмек екен.
Жеке меншік институтын дамытуға бағытталған шара нарықтық экономика негізі ретінде бағаланып, дағдарыстан шығудың бір жолы іспеттес қарастырылады. Мұндай биік мақсаттың қаншалықты орындалатынын қайдам, бірақ, тендер өтер-өтпестен-ақ оған наразылық білдірушілер табылып жатыр. Он сегіз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Атырау-Жанашыр-Болашақ» ардагер волейболшылар клубы Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсына хат жазып, жаңа басшылықтың келе салысымен команда директоры, былтыр екі мәрте Қазақстан кубогын алған белгілі спортшы Болат Қабдрахиевті әй-шәй жоқ жұмыстан шығарып жібергеніне шағымданулы. Хаттың толық мәтіні клуб президенті Сергей Алпатановтың «Фэйсбук» парақшасында жарияланды. Онда аймақ басшысынан тендер нәтижесін қайта қарауға ықпал етуін сұрайды.
-Шындығында, басшыдан бөлек, басқа қызметкерлер де шетінен жұмыстан кетіріліп жатыр. Волейбол командасы қазір өзінің дер шағында тұр еді, елдің чемпионы атанудан да үмітіміз бар-тын. Ендігі күніміз не болатынын білмеймін, — деп торыққан клуб мүшесі, ауған соғысының ардагері Салауат Исеев жағдайды жұртшылық пен БАҚ өкілдеріне жеткізу үшін үлкен жиналыс өткізуді жоспарлап отырғандарын айтады. Ардагер спортшыларға сүйікті клубтарының алматылық кәсіпкерге сатылып кеткені де ұнап тұрған жоқ, «Тым болмаса өлкені жақсы білетін, жаны ашитын, жергілікті адамның қолына берілсе екен» дейді олар.
Құралай Қуатова,
Атырау облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу