Қанша жерден қаражатың көп болса да, ғылым дамымай, тірлігің алға баспайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан болашақтан үміті зор елдер ең алдымен ғылымға, инновацияға, жаңашылдыққа назар аударады. Бірақ «ақшам көп екен» деп, ғылым саласына оңды-солды жұмсай беру де ақылды адамның тірлігі емес. Ең бастысы, оң нәтиже керек.

2013 жылы еліміздің 2020 жылға дейін инновациялық дамуы туралы концепция қабылданған болатын. Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде шаң беріп жатқан индустриалды-инновациялық бағдарламасының екінші бесжылдығы нағыз инновацияға, жаңалыққа толы болады деп жоспарланған еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмады. Бюджет қаржысы есебінен жүзеге асқан инновациялық инфрақұрылымдар өздерін ақтамады. Бұл тұрғыда «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағына дұрыс сын айтылуда. Концепцияда бұл экономикалық аймаққа ең кемі 250-350 млн АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвесторлар тарту міндеті қойылған болатын. Енді бұл тапсырманың орындалмауына кім жауапты? Кімді кінәлаймыз?

– Осы экономикалық аймақтың инфрақұрылымының өзіне бюджеттен 20 млрд теңге жұмсалыпты, – дейді үкімет жетекшісіне жолдаған сауалында мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов. – Бірақ жеке инвесторлардан бар-жоғы 22 млрд теңге тартылған. Біздің енді Назарбаев университеті, Астана халықаралық қаржы орталығы және ІТ стартаптары халықаралық технопарктері секілді жаңа инновациялық орталықтарды құруда тағы да қателесуге құқымыз жоқ. Бұл іс шегіне жетті. Сондықтан әлем тәжірибесіне сүйене отырып, ІТ-секторға түрлі жеңілдіктер жасауымыз қажет. Бүгінгі ғылыми-технологиялық революциядан тыс қалып кетуге болмайды.

Жалпы алғанда, еліміздегі инновациялық дамуға мемлекеттік қолдау көрсетуді 2011 жылы құрылған «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ өз міндетіне алған. 2011 жылдан бері бұл мекемеге құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 316 инновациялық грант берілген. Бірақ бұдан да оң нәтиже жоқ. 2017 жылдың ортасында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның есепшотына 10,2 млрд, депозитіне 6,8 млрд теңге аударылды. Тағы бұл қаржының 4,3 млрд-ы банкте дефолт есебінде тұр. Яғни бұл жоғалған қаржылар деген сөз. Өткен жылы бұл АҚ-ның бюджетіне 3,7 млрд теңге бөлінсе, биыл 0,8 млрд теңге беру жоспарланыпты.

Егер салыстырмалы түрде осы бағытта жұмыс істеп жатқан Беларусь елінің жоғары технологиялар паркін алар болсақ, ол бүгінде ІТ қызметі мен бағдарлама өнімдерінің ірі экспортері болып отыр. 2017 жылы Беларусьтың жоғары технологиялар паркі құрамындағы 1 млрд АҚШ долларын құрайтын 192 компания шетелден тікелей 100 млн доллардан аса инвестиция тартты. Ал Қазақстанда аталмыш салаға тартылған қаржы бұл цифрға тіптен жақындамайды да… Өткен жылдың желтоқсан айында Беларусь билігі сандық экономиканы дамыту үшін декрет қабылдап, түрлі жеңілдіктер жасап, тағы да 100-200 млн доллар тартуды жоспарлап отыр.

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.