Ричард Талер — адам көкейінде жүрген сансыз сұрақтарға жауап тапқан дарынды ғалым, қоғамға үлкен еңбегін сіңірген қайраткер. Әлемдік экономикаға елеулі үлесін қосып, Нобель сыйлығымен марапатталған Ричард Талердің қаржы жайлы кеңестеріне жас кәсіпкерден бастап қаржы саласындағы ең үздік мамандар құлақ түреді. Назарларыңызға америкалық профессор Ричард Талердің қаржы жайлы айтқан 4 кеңесін ұсынамыз

1. Аукцион жеңімпазы қаржыдан көп ұтылады

Ричард Талерге танымалдық сыйлап, оның беделін арттырған ең атақты кітабы “Жеңімпаздың қарғысы” деп аталады. Автор өз кітабында оқырманға ойланбай асығыс шешім шығарудан келетін зардапты ескеріп, кітаптың басты кейіпкерлері ретінде аукционға қатысуды жақсы көретін адамдарды алған. Аукцион ережесі, оның шарттары, қандай мақсатпен жасалатындығы бәрімізге белгілі. Аукционда адамдар бір-бірінен асып түсуге ұмтылады, тауарға дұрыс баға қоя білмейді. Мысалы сіз аукционның жеңімпазы атандыңыз делік. Жеңімпаз болған соң, қоғам арасында танымалдығыңыз да артты. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін сіз өз қателігіңізді түсінесіз. Себебі сіз қарапайым дүниені, оның өзіндік құнынан екі есе жоғары бағаға сатып алып, ашығын айтқанда жеңіс емес, жеңіліс таптыңыз. Ричард Талердің сөзімен айтқанда жеңімпаздың қарғысына ұшырадыңыз. Сондықтан аукцион сынды ауқымды шараларға қатысатын болсаңыз, өз ісіңізге, сөзіңізге абай болғаныңыз жөн.

Жеңімпаздың қарғысы қандай жағдайда жүзеге асады?

– Егер адам тауарды оның өзіндік құнынынан екі есе жоғары бағаға сатып алса

– Сатып алған дүниесі көңілінен шықпай, оны қапаландырса

2. Адамдар өз дүниесін аса жоғары бағалайды

Ричард Талердің пікірінше, адам өз затынының құндылығын тым жоғары бағалайды. Профессор осындай шешімге экономика факультетінде оқитын студенттерге жүргізген эксперименттің нәтижесін ескере отырып келген. Ол студенттерге қарапайым кеселерді таратып беріп, “кесе қанша тұрады деп ойлайсың” деген сұрақты қойған. Сондағы әр студенттің берген бағасы, кесенің өзіндік құнынан екі есе жоғары болып шыққан. Профессор эксперимент арқылы адам түсінігінде жеке заттың құндылығы жоғары, бағалы екенін және адам өзіне тиесілі әр затты өзгенің дүниесінен биік қоятынын түсінген.

3. Көрегендік — пайдалы қабілет

Ричард Талерге Нобель сыйлығы адамның өзін-өзі басқару, дамыту саласында жасаған еңбегі үшін берілген. Оның зертеу жұмыстарының басым бөлігі адам өмірін жеңілдету, жақсарту, дұрыс шешім қабылдауға көмектесу сынды қоғамға қажетті мәселелерді қамтиды. Ричард Талердің пікірінше, адам өзінің тек бір күнін ғана емес, болашағын, әсіресе зейнетке шыққан соң қалай өмір сүретінін ойластырып қоюға міндетті. Зейнетке ақшаны қазіргі күннен бастап жинау керектігін барлығымыз білеміз, бірақ оны барлығымыз жинамаймыз. Себебі түсінікті. Адам қаржыны болашаққа сақтағанша, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне жұмсауды жөн көреді. Келешекке ақшаны жинап үлгеремін деп ойлайды. Бірақ қажетсіз, пайдасыз, зиянды заттарға шығынданады. Пайдасыз заттарға ақша жұмсағанша, оны күніге жинап тұрсаң, келешегің үшін алаңдамауға болады. Адам баласы осының барлығын жақсы түсінеді, бірақ сонда да ақша жинамайды.

Адамның жан дүниесінде үнемі жақсылық пен жамандықтың, дұрыс және бұрыс шешімнің арасында күрес жүреді. Тіпті қарапайым таңдау жасайтын кезде де біз мың ойланып, мың толғанамыз. Профессор Ричард Талер адамның жан дүниесіндегі арпалысты психологтар мен нейробиологтардың жұмысына сүйеніп, “жоспарлаушы/қайраткер” моделі арқылы түсіндірді. “Жоспарлаушы” мен “қайраткерді” адам санасындағы субтұлғалар деп айтуға болады. “Жоспарлаушы” әрдайым өз ісіне жауапкершілікпен қарап, келешекке ақша жинауға талпынса, “қайраткер” өзімшіл, өз қажеттілігін ғана ойлайды. Профессордың сөзінше, адам осы субтұлғаларды жақсы таныса, оларды еркін басқара алады. Сондай-ақ егер адам осы модель арқылы ішкі жан дүниесін ретке келтіре білсе, ақша үнемдеудің, табыс табудың қарапайым жолын табады. Сонымен қатар, профессор артылған кішкентай немесе үлкен соманы бірден банктік шотқа аударуды әдетке айналдыруға кеңес береді.

4. “Белгілі бір жағдайға түрткі болу” теориясы

Ричард Талер әріптесі Касс Санстейнмен бірге “белгілі бір жағдайға түрткі болу” теориясын шығарды. Теория бойынша, адамдардың белгілі бір шешім шығаруына түрлі сыртқы факторлар әсер етеді. Осы сыртқы фактілер адам дұрыс шешім шығаруына түрткі болып, оған бағыт, бағдар береді екен. Талер зерттеулерінің негізгі мақсаты адамдарды әрдайым дұрыс шешім шығаруға үйрету. Ол осы теория арқылы әлемнің барлық мемлекеттерінде билік пен қарапайым халық арасындағы қарым-қатынас жақсарады деп үміттенеді.

Айару Өтенбаева “7”

Запись Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Талердің қаржы жайлы 4 кеңесі впервые появилась Жеті күн.

Дереккөз 7kun.kz ақпараттық агенттігі

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.