26 қаңтарда Астанадағы Алматы аудандық соты Макс Боқаевты Петропавл түрмесінде қалдырудың заңдылығын анықтау туралы шағымды сотталушының қатысуынсыз қарады. Сотқа Боқаевтың адвокаттары да қатыспады.

Интернет арқылы байланысқа шыққан Макс Боқаев сот отырысында адвокаттарының жоқтығын көріп, процесті кейінге қалдыруды сұрап, бұл отырысқа қатысудан бас тартты. 

— Адвокаттарымсыз сот процесін өткізу менің құқымды бұзу болып табылады. Мен бұл сотқа қатысудан бас тартамын, — деді ол.

Судья Дәурен Байменов барлық тараптар соттың болатындығы туралы хабардар екендігін ескертіп, сотты кейінге қалдыруға негіз жоқ деп мәлімдеді.

Оны қолдаған Алматы аудандық сотының прокуроры Ботагөз Рашидова істі жалғастыруды сұрады.

— Макс Боқаевтың Петропавл түрмесінде қалуы заңға сай. Бұған қоса Боқаевтың өтелмеген бес тәртіптік жазасы бар әрі түрме қызметкерлері оны екінші дәрежелі теріс мінез-құлық көрсетті деп бағалап отыр, — деді ол сотта.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Қайрат Асыл Макс Боқаевтың шағымын қанағаттандырмауды сұрады. Оның сөзінше Боқаевтың Петропавл түрмесінде болуы заңды.

Судья Дәурен Байменов сот шешімінің 29 қаңтарда шығатынын хабарлады.

Азаттық тілшісі Макс Боқаевтың адвокаты Айман Омароваға хабарласып, не себепті сот процесіне келмегендерін сұраған. Адвокат «олар судьяға сенімсіздік білдіру туралы шағымдарын 26 қаңтар күні түсте тапсырғандықтан, бүгінгі сот процесінде судьяны ауыстыру туралы осы шағымдары қаралуы тиіс деп күткендерін» айтты.

— Судья Дәурен Байменов біздің қолымызда Алматыға кету билетінің болғанын біледі. Бұған қоса біздің оған сенмісіздік білдіріп, судьяны ауыстыру туралы шағымымыз қаралмастан жарыссөзге өтіп кетті. Судьяның өзі біздің құқымызды бұзып отыр, — деді Айман Омарова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Макс Боқаев: «Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес»

25 қаңтардағы сот процесінде Айман Омарова қылмыстық атқару жүйесі комитеті өкілінен Макс Боқаевты оның тұрғылықты жеріне немесе сол маңдағы облыстардың біріне ауыстыруға кедергі келтіретін құжатты көрсетуді талап еткен. Комитет өкілі Қайрат Асыл «құпия бұйрыққа» сілтеме жасап, құжатты көрсетеуден бас тартқан еді. Бұған наразылық білдірген Айман Омарова іс материалдарына қажетті құжатты сұрата алмаған судья Дәурен Байменковке сенімсіздік білдіретінін айтып, сотты ауыстыруды сұраған.

Макс Боқаевты Петропавл түрмесінде қалдырудың заңдылығы туралы шағымын қарау Астананың Алматы аудандық сотында 18 қаңтарда басталған. Бұған дейінгі сот процесінде азаматтық белсенді «денсаулығына байланысты таңғы дене шынықтыруды қатты аязда сыртта жасаудан бас тартқаны үшін бір айдан бері ақпараттық блокадада отырғанын, 16 қаңтардан бері тәртіптік оқшаулау камерасында жазаланып жатқанын» мәлімдеген еді.

 

 

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.