«Бүкіләлемдік көрмені өткізуден Францияның кандидатурасын алып тастауға шешім шығардым. Көрме жобасында экономикалық пайда жоқ. Мұндай жағдайда көрме өткізу үшін мемлекеттік кепілдеме беру қажет. Үкімет мембюджетті сауықтыруды қолға алған шақта қосымша шығынды талап ететін көрмені өткізбейді», – деген премьер-министр жеке бизнестің де ЭКСПО-ға қызықпайтынын мәлімдепті. Жобада Expofrance 2025 көрмесіне 35-40 миллион көруші келеді, бірақ олардың саны 65 миллионға дейін жетуі мүмкін делінген. Алайда Франция үкіметі бұл жоспарға сенбейді. Өйткені 2015 жылы Миланда өткен көрмеге бар-жоғы 20 миллион адам келіп, жоспарлы 1,3 миллиард евро табыстың орнына көрме өткізгендер 455 миллион евроны қайта-қайта санап қалған-ды. Жалпы, еуропалықтар қызық. Не болашағын бағамдай алмайды, не қолындағыларын ұқсата білмейді. Көп нәрсені біздің шенді-шекпенділерден үйренетін жөндері бар. Мәселен, бізде мемлекет басшысынан бастап, қосшыларына дейін көрменің шаш етектен келетін пайдасын айтып тауыса алмадық. Ойпырым-ай, не демедік! «ЭКСПО өткізу арқылы Қазақстанның жаһандағы беделін арттырамыз» дедік. «Болашақ энергиясын» талқылап, жер-жиһандағы ғылыми үрдістің ордасына айналамыз» дедік. ЭКСПО біткеннен кейін «осы көрменің арқасында әлем Қазақстанды жеті рет мойындады» дедік. Сондай-ақ «көрмеге кеткен барлық шығын өтеліп, жеке бизнес, кәсіпкерлер табысқа көміліп қалып, «кайф» ұстап жүр» дедік. Міне, осылай ірі-ірі сөйлеу керек қой! Көрме жобасында экономикалық пайда жоқ деген не сөз? Әрбірден кейін осы сөзді Франция премьер-министрінің айтатын жөні жоқ қой. Ең бірінші ЭКСПО деген пәлені ойлап тапқан да осы француздар емес пе? Бір ғасырдан астам уақыттан бері он шақты ЭКСПО өткізген де осылар. Былай қарасаңыз, көрме өткізу олар үшін той алдындағы ақылдасу шайын ұйымдастырумен бірдей. Ғимараттары жетіп жатыр, тоқсан жолдың күрмеуінде тұр, әуежай салып қажеті жоқ. Қонақүйлері пішен. Дәмханасы қырғын. Азық-түлігі төгіліп тұр. Қаңғып жүрген турисі тұрғынынан екі есе көп. Париждің ажары мен айбаты және бар. Осындай мүмкіндік пен баршылықтың ортасында отырып, көрмеден неге бас тартады ей? Неге Францияның жаһандағы беделін арттырмайды? Неге одан әрі әлемдегі ғылыми үрдістің ордасына айналмайды? Осыны түсініп көріңізші! Біз ғой мұғалім, дәрігер, зейнеткерді тасып жүріп, қолдан ұзын-сонар кезек ұйымдастырып, келуші санын 4 миллионға жеткізіп, шаш етектен пайдаға батып, кәсіпкерлерді «кайфқа» бөлей аламыз. Ал еуропалықтар көрмеге 20 миллион көруші келсе де, көк тиын пайда таппайды. Сонда бұл не? Сыбайлас жемқорлық па? Әлде халықты ақымақ санап, бітпейтін қырық өтірікті бөсу ме? Қысқасы, Франция өзі ойлап тапқан, өзі алғаш боп өткізген, сол арқылы әлемнің қызғанышын оятқан ЭКСПО көрмесін кезекті рет өткізуден бас тартты. ЭКСПО-2025 көрмесін өткізуге енді Екатеринбург (Ресей), Осака (Жапония) және Баку (Әзірбайжан) таласпақ. Дегенмен бұл додадан алдағы уақытта Жапония да бас тартуы мүмкін. Егер өркениетті елдер ЭКСПО өткізуден Франция сияқты бас тарта берсе, көрме кезегі қой кезегі сияқты көп ұзамай Қазақстанға да жетеді-ау. Ондай жағдайда біздің шенді-шекпенділердің нендей шешім қабылдары айтпаса да түсінікті ғой.

Жасұлан Ақкер

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу