Журналист Райхан Рахимнің “Казах из Стамбула” фильмі шетелдегі қазақтарға арналған алғашқы деректі фильм болуы керек. Бұған шүкір делік. Өйткені, шетелдегі қазақтар туралы том-том еңбектер басылып жатқанымен, қазақ кино индустриясы бұл тақырыптқа немқұрайлылық танытып келе жатқаны бар. Совет одағы кезінде 70 жыл туған халқынан жырақтап, өзге ел өзге мәдениеттің ықпалында өскен, бірақ соған қарамастан ана тілін ұмытпауға талпынған шетелдегі қазақтар туралы әңгімелердің толассыз ағылуы – тәуелсіздік жылдарының еншісінде. Оған дейінгі айтылып келген там-тұм дерек, «Отан» қоғамы, «Біздің Отан (кейіннен «Шалқар»)» газеттері арқылы жасалып, әлемнің 50-ден астам мемлекетінде қазақ бар екендігі айтылып, шартарапқа жар салынуы – қоғамдық сананы сілкіндіруге негіз болған еді. Соның арқасында шеттегі қазаққа сауын айтылды, Елбасының арнайы бұйрығымен Атамекеніне қоныс аударуға шақырылды. Қазақ құрылтайлары өтті. Бірақ, бұл оқиғалардың қазақтың шетке қоныс аудару тарихын кино туындыға айналдыруға түрткі болмағаны өкінішті. Қазақ көші басталғаннан бергі 25 жыл ішінде Сәбит Құрманбектің «Оралман» көркем фильмі мен Райхан Рахимнің «Стамбулдағы қазақ» (“Казах из Стамбула”) деректі фильмдері.

Стамбулдағы қазақ. Ол қандай қазақ?         Фильмнен алынған кадр

Автор түркиялық екі қазақтың өмір жолын сөйлетеді. Деректі фильмде – сторителлинг әдісі қолданылады. Қазақтың бірі тарихи отанына оралған Муфтихан ата болса, екіншісі – Түркияда кәсіппен айналысатын, жас балаларды таэквондаға баулитын Ильяс Керім.

Стамбулдағы қазақ. Ол қандай қазақ?           Фильмнен алынған кадр

Бұл түсірілімді деректі фильм дегеннен гөрі, ұзағырақ жасалған теле интервью деуге келетін сияқты. Өйткені, өзге деректі фильмдерге тән – деректерді сөйлету, тарихқа терең бойлау, куәгерлерді тарту секілді көріністерді көре алмадық. 42 минутқа созылған фильмнің өн бойында басты екі кейіпкерді ғана тыңдаймыз. Түркияға қазақтардың бару тарихы да, жолда көрген машақаттары да сол екі кейіпкердің аузымен айтылады. Алайда, фильм авторының немесе режиссерінің ескермеген бір дүниесі – екі кейіпкердің бұл көш жолында бірінің бала, екіншісінің – әлі дүниеге келмегендігі.

Муфтихан ақсақал “Алтайдан Анадолыға көш басталғанда, небәрі 7 жаста едім”, – деп толғанады. Ол кісінің бұл көштің жүріп өткен жолын, қазақтардың тартқан мехнатын баяндағысы келгенімен, бастан кешкен қиындығын оншалықты тартымды жеткізе алмағандығы байқалады. Көш тарихын баяндаған кітаптар бұған дейін де талай рет жарық көрді. Халифа Алтайдың “Алтайдан Анадолыға дейін”, Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір”, Жәди Шәкенұлының “Қаралы көш” секілді кітаптарының автордың қолына түспегені байқалады. Ал, 41 жастағы Ильяс Керімнің көш тарихын ауыл ақсақалдарынан естіп-білген ақпараттарымен толықтырғаны да сенімді шықпаған. Дәл осы тарихи сәттер тарихи деректермен көмкерілгенде, деректі фильмнің құнын арттыра түсер еді.

Алма-кезек монологтан Түркиядағы қазақтардың өмір-тарихына сәл де болса қанық боламыз. Олардың күнкөріс көзі де, тұрмыс-тіршілігі де, қазақтар көп шоғырланған аудан Зейтүнбурныдағы бір күндік өмірі де көз алдымыздан өткендей болады. Алайда, бұл видеодан онда тұратын өзге қазақтардың өмір-тіршілігінен бейхабар қалдық. Тіпті, бас кейіпкер ретінде алынған екі қазақтың да өмір тарихы жеткілікті сипатталмаған.

Фильм соңында бас кейіпкер – Муфтихан ақсақалдың аузымен және журналистің өзінің субтитрдегі жазбасымен екі өрескел қатеге жол берілген.

Бірінші қателік, қазақтардың шетелге қашқандығы туралы әпсана. Түркияға барған қазақтың басым көпшілігі, Қытайдағы қазақ аймағы – Алтайдан ауғандар. Алтай – қазақтың атамекені. Ондағы қазақтар ешқайдан қашып бармаған, өз атажұртында қалғандар. Қытай мен Ресей Қазақ жерін бөліске салғанда, Қытай аумағында қалып қойған байырғы қазақ мекені. Қазақтың бөліну тарихы — ХVІІІ ғасырдан бастау алады. Қазақ жерін әуелі екі ірі империя – Ресей мен Қытай өзара бөліске салған. Қытайға қолды болған қазақтың үш аймағы – Алтай, Іле, Тарбағатайда 2 миллионға жуық қазақ өмір сүреді. Міне, қазақ халқының белгілі бөлігі өзге мемлекетте, бірақ өзінің атақонысында отыр. Демографтардың тілімен айтқанда, бұлар диаспора өкілдері емес, ирридиенттер. Әлемнің өзге мемлекеттеріндегі шашырап жүрген қазақ диаспорасы өкілдерінің негізі Қытайдың Алтай аймағынан ауған қазақтар. Оспан батырдың Шығыс Түркістан үшін күресі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оспан батыр Батыстың да, Шығыстың да назарында болды. Ал бұл көтерілісті аяусыз жаншылды. 1930 жылдары Шыңжаң өлкесін басқаруға келген Шыңшысайдың зұлым саясатына көнбеген қазақтың біраз бөлігі босқынға айналды. Бұл босу 1936 басталып, 1954 жылға дейін жалғасты. Марқұм, дін абызы Халифа Алтай «Алтайдан ауған ел» кітабында Алтайдан 18000 адамның шыққанын, оның 1300-і ғана Түркияға жеткенін және 6 жылда бірде-бір шарананың дүние есігін ашпағанын жазады.
Екінші қателік, “Муфтихан ата мемлекеттен оралманға арналған жәрдемақы ретінде айына 12 мың теңге алады. Соның өзіне риза” делінген автордың түсініктемесінде. Мемлекет “оралман” болғаны үшін ешуақытта ай сайын жәрдемақы төлеген емес. Бір кездері оралмандарға бір жолғы жәрдемақы төленгені рас. Қазір бұл жәрдемақы арнайы 7 облысқа орналасқандарға ғана төленетін болады. Біздіңше, Муфтихан атаның ай сайын алатын жәрдемақысы Қазақстан Республикасының азаматтарының зейнетақыға жұмыс өтілі жетпегендіктен, тағайындалатын ең төменгі әлеуметтік жәрдемақы болуы керек.

Әрине, бұл кемшіліктерге көз жұма қарайтын болсақ, осы тақырыпқа жасалынған алғашқы деректі фильм ретінде, автордың қадамына бәрекелді дегіміз келеді.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.