Орталық Азия елдерінің ішінде бітімгер рөлінде танылып, қақтығыс аймағындағы жанжалдасушы тараптардың басын қосып, Астананы келіссөз алаңына айналдырған Қазақстанның аймақтағы бәсекелесі пайда болғандай. Ауғанстандағы мәселені реттеуге атсалыспақ ниеті бар Өзбекстан Ауғанстан үкіметі мен тәліптердің басын Ташкентте қосып, бейбіт келіссөз ұйымдастырмақ. Ал наурыз айында Ташкентте Ауғанстан бойынша ірі халықаралық конференция өтеді. Осылайша 2010 жылдан бері Ауғанстан мәселесіне көңіл бөліп,  оны реттеуді күн тәртібіне қойып жүрген Қазақстан бұл жолы Ташкенттегі жиынды тек сырттай бақыламақ.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне осы айда төраға болған Қазақстан Нью-Йоркте БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің аясында Ауғанстан мәселесіне арналған сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі пікірталас өткізген. Мың шақты ауған студенттерінің оқуына Астананың 50 миллион доллар бөлгенін сөз еткен БҰҰ хатшысы Қазақстанға ризашылығын білдіргені бар. 2008 жылы Қазақстан Ауғанстанның бірді-екілі аудандарында мектеп, аурухана салып, тас жолды жөндеген-ді. 2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ төрағасы болған кезден бастап Ауғанстан мәселесін сыртқы саясаттағы маңызды стратегиялық бағыттың біріне айналдырды. Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапарын талдаған батыс ақпарат құралдары Трамптың Назарбаевты қабылдауына түрткі болған бірден-бір себеп – Ауғанстан екенін жазған. Аймақта Ауғанстанмен шекаралас өзге елдермен қарым-қатынас нашарлай қалса, АҚШ Қазақстанды Ауғанстанға апаратын ішкі дәліз ретінде пайдалануы мүмкін. Қазір Пәкістан мен АҚШ-тың арасы, расында да, нашар екенін ескерсек, Ақ үйдің Астананы керек ететіні түсінікті. Алайда дәл осы кезде бұл ойынға Өзбекстанның араласуы аймақтағы жағдайға қалай әсер етпек? Аймақтағы екі ойыншының басы бір қазанға сыймай, бітімгершілік рөліне таласып, бір-бірін тықсыра бастай ма, әлде бұл бағытта жұмылып бірге әрекет ете ала ма – мәселе сонда.

Өзбекстанның екінші президенті Ауғанстандағы ахуалға енді мойын бұрғанымен, экс-президент Ислам Каримов 1999 жылдың өзінде-ақ «алты плюс екі» форматында жиын ұйымдастырып, Ауғанстанмен көршілес елдер мен алпауыт мемлекеттердің басын қосып, Ташкентте Ауғанстандағы қақтығысты реттеу бойынша декларация қабылдауға мұрындық болған. Ташкент ұйымдастырған «алты плюс екі» форматындағы келіссөздерге аймақтағы Қытай, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Иран және Пәкістаннан бөлек, АҚШ және Ресей қатысқан. Алайда Ауғанстанды геосаяси мақсатты іске асыруға тетік деп қарастырудан гөрі қауіптің көзі деп бағалаған И.Каримов шекараны барынша қымтап ұстауға тырысып, Ауғанстан проблемасын сыртқы саясаттағы күн тәртібіне анау айтқандай жиі қоймайтын.

Шавкат Мирзиеевтің осы бағыттағы талқылауларды жандандыруы Өзбекстанды Орталық Азиядағы бітімгерге айналдырмақ ниеті бар екенін көрсетеді. Ауғанстан үкіметімен араз тәліптердің Ташкентке келуге келіскені Өзбекстанның аймақтағы рөлін айқындай түсетіндей. Ауғанстан саясаткерлерінің басым бөлігі келіссөз алаңы ретінде өздерімен шектеспейтін Астанадан гөрі экономикалық тұрғыдан пайдасы басым Ташкентті таңдайтынына таңғалуға болмас. Оның үстіне Ташкент Өзбекстан арқылы өтетін ауған тауарларына салынатын баж салығын екі есе төмендетті. Өзбекстанның діттегені – Ауғанстанмен көршілес елдің аумағын Иранмен қосатын теміржол салу. Қаржы табыла қалған жағдайда Ташкент осы жобаны іске асыра бастамақ. Каримовтың орнын басқан Мирзиеев Ауғанстанды сыртқы саясаттағы күн тәртібіне қою арқылы Өзбекстанды саяси оқшаулаудан алып шықпақ. Бұл – бір. Екіншіден, аймақтағы геосаяси мүддесін іске асырмақ. Ташкент Ауғанстан тақырыбы арқылы Қытай және Иранмен қарым-қатынасын жолға қойып, ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатыспақ ниетте. Астананың да Түрікменстан және Ауғанстан аумағы арқылы өтетін теміржол арқылы Иранға шығатын инфрақұрылымдық жобасы бар. Бірақ дәл қазіргі жағдайда Астанадан гөрі Ташкент жобасының іске асу ықтималдығы басым. Ал аймақтағы бітімгер рөліне келсек, Ташкент Астананы бұл алаңнан әзірге біржола ысырмаса да, Ауғанстан тақырыбын меншіктеп алып, аймақтағы орнын айқындағысы бар.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.