Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл – 26 жыл. Ал елімізде қытайтану мамандығы ашылып, маман дайындала бастағанына 30 жылға жуықтады. Сондай-ақ «Шетел филологиясы: қытай тілі», «Екі шет тілі: ағылшын-қытай тілі» мамандықтарының ашылғанына да ондаған жылдың жүзі болды. Соған қарамастан, күні бүгінге дейін Қытаймен арадағы келіссөздер барысындағы  синхронды тәржімада, қытай тілінен саяси, әдеби, ғылыми аудармалар жасауда, қытай тілін оқытуда, қытай тілін үйренуде біз тек қана «китайско-русский словарь» немесе «русско-китайский словарь» дегендердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық. Бұл жағдай қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен өрістеуіне салқынын тигізіп келгені де рас.

– Еліміздің жоғары оқу орындарында қытай тілі мамандарын дайындаумен ширек ғасырдан бері табан аудармай айналысып келе жатқан маман ретінде, жұбайым, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Айнұр Әбиденқызы екеуміз бұл олқылықты байқап қана қоймай, қиындығын да сәт сайын сезініп жүрдік. Содан 2008 жылдан бастап «Қытайша-қазақша сөздік» құрастыру жұмысына кірісіп кеттік, – дейді шығыстанушы, ақын, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы.

Ғалымның сөзіне жүгінсек, бастапқыда қызық секілді болып көрінген жұмыс жүре келе қиындап, анау айтқандай оңай шаруа болмай шыққан. Талай рет тастап кетуге оқталған кездері де болған. Сөйтіп, сөздікпен күресте бір құлап, бір тұрып жүрген күндердің бірінде Д.Мәсімханұлы ҚР парламенті сенатының төрағасы, белгілі қытайтанушы-ғалым Қ.Тоқаевтың қабылдауына шақырылады. Екеуара әңгіме көші-қонның түйткілді мәселелері және еліміздегі қытайтану ғылымының өзекті проблемалары төңірегінде өрбиді. Сол қабылдау кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қытайша-қазақша сөздік» шығаратын уақытымыз да болды» , – дей келе, сөздіктің маңызы мен көкейкестілігіне де тоқталады. Д.Мәсімханұлы сол арада ондай сөздікті жұбайы екеуі он шақты жылдан бері құрастырып жүргендерін айтады. Оны естіген Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мынауыңыз керемет жаңалық қой, тездетіп бітіріңіздер, шығарып беру жағын мен мойныма аламын», – деп, ғалымға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Д.Мәсімханұлының айтуынша, содан кейінгі үш-төрт жылдың ішінде сенат аппаратының жетекшілері ылғи хабарласып, «Сөздікті аяқтадыңыздар ма? Төраға сұрап жатыр»  деп жиі-жиі хабарласып тұрған. Осы жағдай қамшы болған ерлі-зайыпты ғалымдар күнді түнге жалғап жұмыс істеу нәтижесінде 2017 жылдың басында сөздіктің соңғы нүктесін қояды. Көп ұзамай Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен қаржы мәселесі шешіліп, қолжазба баспаға беріледі. Сөйтіп, «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» өткен жылдың қараша айында Алматыдағы «Эксклюзив КА» баспасынан жарық көрді.  «Сөздіктің жарық көруіне байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы желтоқсан айында мені арнайы қабылдап, құттықтады. Осыдан бірер күн бұрын ойламаған жерден көмекшісі хабарласып, Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы құттықтау хатын үйге әкеліп берді. Бұл мен үшін керемет тосын сый болды. Азын-аулақ еңбегімізді бағалап, осындай ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысым шексіз», – дейді Дүкен Мәсімханұлы.

Р.ҚҰРМАНБАЕВА

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.