Мақта өндірісі неге мандымай тұр?

265

Қазақ мақтасының қарашаңырағы – Мақтаарал ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толады.  Тарих парақтары мен географиялық карталарда Бетпақдала деп таңбаланған бұл өлке қазір тер төгіп, тіршілік кешкен аға ұрпақтың еткен еңбегі мен кетпен-күрегінің арқасында аттылы адам тұрып қарайтын, жаяу адам жатып қарайтын аяулы ару қыздай «ақ алтын» өсіретін мерейлі мекенге айналған. Түркістан өлкесін суландыру жобасын жүзеге асыру үшін 50 млн рубль бөлдірген Лениннің 1918 жылғы  17 мамырдағы декретінен кейін шөл дала шуақ шашып, шүлен тартқан алғашқы қадамдарын бастап та кеткен. Қазақ мақтасының қарқынды даму үдерісіне көшкеніне биыл тұп-тура 100 жыл толады екен. Қолмен каналдар қазылып, игерілген жерлердің игілігін ел көріп, үш аудан шаңырақ көтерген. Тұрмыс-тіршілігі де тәп-тәуір болатын. 1997 жылы жаңсақ пікір, жарымжан идея, жарамсақтардың жетегімен отауы бөлек, атауы басқа сол үш аудан қосылып, ірілендірілген Мақтаарал ауданы дүниеге келді. Аудандарды біріктірудің берекесі болмады, тірлік қожырап ұтылмасақ, ұтқанымыз шамалы. «Ақ мақтаны алтын қолдар жаратқан»  сонау 80-жылдары үш аудан 200 мың тоннаға жуық шитті мақта өндірген болса, қазір де соның арғы-бергі жағында қалып отырмыз. Мақта өндірісінің мандымай отырғанын осыдан-ақ байқауға болады.

      Осыдан 20 жыл бұрын ауданның 70 жылдық мерейтойында атқамінерлер президенттің алдында мәймөңкелеп, сүт өңдейтін, шұжық жасайтын, тері илейтін, мақтадан жіп иіріп мата тоқитын, тігулі өнімдер шығаратын цехтар ашамыз деп ант-су ішіп, үйіп-төгіп уәде берген еді. Жарамсақтар мен жағымпаздар жайына кетіп, сол уәделердің бірде-бірі іске асқан жоқ. Қазір Мақтаарал ауданының әл-ауқаты кеміп, ауруы асқынып, бір орында тапжылмай тұрғаны жүк тиелген вагонға ұқсайды. Жұрт жапа-тармағай ары-бері итергенімен, қозғалатын түрі жоқ.

      Мақтаарал – аграрлық аудан. Қазақстандағы тұрғындары өте жиі қоныстанған аймақтың бірі. Аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі шитті мақта өндірісіне тікелей тәуелді. Бір қолымен кетпен ұстап, екінші қолымен ескі-құсқы көлігімен жолаушылар тасып жан бағады.  Күнкөріс көзін көліктен тауып, бүйірлері томпаймаса да, көштен қалмай келеді. Диқандардың кетпеніне батпан құйрық ілініп жатқан жоқ. Егістік алқаптың әр гектарынан 10-20 центнерден өнім алса, соған мәз. Ауданда мақта өнімділігінің  төмен болып жатқанын атқамінерлер бұлбұлша сайрап былай түсіндіреді: жерасты суының көтерілуі, дренажды бұрғылардың жұмыс істемеуі, топырақтың тұздануы.  Отыз жылдан бері айтатындары осы. Адам факторын бір ауызға алмайды.

      Қазір жердің бәрі жекенің қолында. «Ерінбеген етікші болатыны» белгілі, ал еріккеннен диқан болып жүргендерді түсіну қиын. «Әр кәллада бір қиял» демекші, әркім білгенін істеп жатыр. Өйтіп-бүйтіп пайда көргісі келеді. Алдағы жылдарға алаңдамайды, бәрін биыл бітіріп, жерді аямай пайдаланып, қамқорлық жасамайды. Мақта өсірудің ғылымға негізделген технологиялары сақталмайды. «Жерді күз айда, күз айдамасаң жүз айда» деген қабырғалы сөзді қаперге алмайды. Жер жырту, сор шаю, топырақты қопсыту, ылғалдандыру, шит егу, зиянкестермен күрес, минералды заттармен қоректендіру, арамшөптерден тазарту т.б. технологиялық процестер дер кезінде сапалы жүргізілмейді. Мемлекет тарапынан кеңес заманындағыдай қатаң қадағалау мен бақылау жоқ. Жердің иесі – өзі ғалым-агроном, өзі инженер, өзі энтомолог, өзі гидротехник. Жауапкершілік жоқ. Өзі бай, өзі Құдай. Егістік жері есіне түскенде  шауып барып, қимыл әрекетке  көшеді. Жерді жыртпай-ақ көктемгі науқан кезінде сіресіп жатқан жерді жеңіл-желпі тырмалап жіберіп, мақта шитін топыраққа сіңіре салатындар аз емес. Жүрек қалауымен емес, «сен айтсаң, мен де айтамын айым-қайым»  деп, жұрттан қалмауға тырысқан «шала туған Шекспир, толыспаған Толстой»  диқан-кәсіпкерлер көп.  Күзде «шөже» санап  өнімділік аз болса, топыраққа, тұзға, ауа райына, ағын суға, көсек құртына жауып, қол жайып мүсәпір бола қалады.  Үкімет бөлетін субсидияға мойнын созады.

      Біздің айтайын дегеніміз, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын». Мал баққан шопан не жылқышыңыз түліктің тұяғын түгендеп, алынған төлді аялап, асты-үстіне түсіп, күйіп-пісіп жүретін. Біздің құл жұмсауға құмар қазақтар – супердиқандарымыз өз шаруаларымен дамылсыз шапқылап, егістік жұмыстарын екінші кезекке ығыстырып қояды. Сондықтан мақта шаруашылығымен  пайда көздеген кездейсоқ «өлермендер»  емес, нағыз диқандар, мамандар, еңбекті жаны сүйетіндер, мақтамен «ауырғандар», жердің тілін білетін жанашырлар мен жанкештілер, жауапкершілікті жете түсінетіндер айналысуы керек. Өйтпеген күнде мақта өндірісі мандымай, бір орнында мызғымай тұра береді.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы

Мақтаарал ауданы

Оңтүстік Қазақстан облысы


3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.