Жаназасы шығарылмаған скрипка патшасы

330

«Паганини настолько виртуозно
играл на скрипке, что многие
считали, что он подписал договор
с дьяволом…»

 Паганини, сыр ақтардым нотаға,
Шағынбассың жолдады деп кеш сəлем.
«Бұрын неге білмедік, – деп, о тоба»,
Əуеніңе елең етсін есті əлем.

Зұлымдықтың соңы да жоқ, басы да,
Бəрі сені қара жынға теңейді.
Қажып біттім, барайыншы қасыңа,
Себебі жұрт мені де ақ демейді…

Ел айтпаған ертегідей болсақ деп,
Қиялыммен қашап тұрдым тасқа жыр.
Бес адым боп көрінді ғой сол сəтте,
Арамызды бөліп жатқан бес ғасыр.

Мені тағы мұңға орайтын кеш күтті,
Бəлкім, сенің осы шығар үкімің.
Сен ұстаған скрипка естіртті –
Иесіне жүректің əр лүпілін.

Паганини, сен неғылған бақытты ең,

Жер үстінде оңбай қойды-ау күйім бір.

Сен ешқашан бағынбаған уақытпен

Арпалысу маған ауыр тиіп жүр.

Ақындардың қашаннан да соры – бақ,
Ал өзгесін мінезімнен көрермін.
Аспабыңа қарап тұрмын қолыма ап,
Арасында әуен менен өлеңнің…

Кейде дәл осылай бар сырыңды ақ қағазға ақтарасың. Әрі оңай, әрі қиын. Әуен мен өлеңнің үйлесіміне, өнер құдіретіне таңғаласың. Оның әуені тыңдарманды бірден баурап алады. Тірліктің күйбіңінен тынысың тарылып, өз жүрегіңнің дүрсіліне құлақ түресің. Әуен басталғанда жүрегің кеудеңе сыймай алып-ұшады, бүкіл уайым-қайғың ұмытылады.  Бес ғасыр өтсе де, оның аспан мен жер арасында әуелеген әсем әуені мұңайғанда сырласым болды.

    Никколо Паганини – виртуоз, композитор. Италияның Генуя қаласында 1782  жылы  Антонио Паганини мен Тереза Боччардоның отбасында дүниеге келген. Әкесі баласының музыкаға қабілеті барын байқап, бес жасында мандолина, алты жасында скрипка үйретеді.  Болашақ композитор әкесінің тегеурінімен балалық шақтың не екенін сезінбей өсті. Үздіксіз жаттығулар денсаулығының нашарлауына себепкер болды. Талантты бала сегіз жасында-ақ алғашқы туындысын жазып, әлемге таныла бастайды.

Паганини еркіндікті сүйді. Бұл пафоспен айтыла салған сөз емес. 1794 жылы  Генуяда алғашқы концертін өткізеді. Ол 24 каприччио жазады. Яғни композитордың фантазиясын көрсететін, еркін формада жазылған музыкалық туынды. Төртінші каприччиода сұлулықты әуенмен жеткізсе, 13-каприччиосынан әйел күлкісін естисіз. Төлқұжатына айналған 24-каприччиосы  өмірге деген құштарлықты әспеттейді.

Ол скрипканы сүйді. Әйтпесе: «Мен – скрипканың патшасымын, ал гитара – менің патшайымым», – демес еді. Денсаулығы мазалап төсек тартып жатып қалатындықтан, газеттер оның «өлімі» туралы жиі жазды. Бірақ  Паганини тірі еді. Төсегінде скрипкасы тұратын. Әлсірегеннен ойы шашырап, саусақтары әуенді сезінбей ме деп қорқып, скрипканы мүлде қолына алмаған. Оның скрипкасы «Паганинидің жесірі» атанған.

1824 жылдың көктемінде Паганини әуені қайта көктейді. Миланда, Генуяда, жеті жылдай Италиядан кетіп, Венада, тіпті Германияда концерттерін өткізіп, халық қошеметіне бөленеді. Өнерінің өзгеге керек екенін сезінген Паганини осы сәттерде новаторлық туындыларын дүниеге әкеледі, дәл осы кезеңді композитор шығармашылығының шырқау шегі десек қателеспейміз. Ол 18 айда 30 қаланы аралап, 200 мәрте өнер көрсетеді.

Шіркеу гимнін жазудан түбегейлі бас тартқан Паганиниге католиктер: «Жер бетіндегі бар игілік христиандықпен байланысты. Біздің дәуіріміздің музыканттары шіркеу гимндерін жазады. Моцарт реквиемі, Бахтың ораториясы  бұған дәлел. Бірақ осы жолмен жүрмейтін скрипкашы

пайда болды. Паганини өзінің ұстанымы, жербетілік ләззаттарға тоймауы арқылы адамдарды тозаққа бастап барады», – деген жала жапса, концерттерінің бірінде көрермендер оның арт жағынан қара адамды көргенін және скрипканы сол басқарып тұрғанын байқағанын мәлімдейді.

Паганини жайлы  «жанын жынға сатқан», «жынмен келісімшартқа отырған» деген қауесет тарайды. Бұл аңызға айналып, түрлі карикатуралар да салынған. Аңызда «Паганинидің скрипкасы қинап өлтірілген әйелдің ішегінен жасалған» делінген. Ұлылардың соңынан аңыз еретіні  қалыпты құбылыс.

Өкпе кеселінен азап шеккен Паганини 1839 жылы 56 жасында Ниццеде өмірден озды. Шіркеу «күнәһар» санап, жаназасы шығарылмаған талант жер астына әуенін ала кетті. Зиратының орны кейіннен бірнеше рет ауыстырылса да, оның қабірінен скрипка үнін естігендер көп. Бұл – мәңгіліктің әуені. Жүректегі жарылыстар мен көңілдің құлазуына жол бермейтін құдірет!..

Әлия  ІҢКӘРБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.