Несиеге тіс салғыза бастады

950

– Тісті арзан әрі сапалы етіп салады дегенді естігеннен кейін, Қытайға барып айтарлықтай төмен бағада тісімді салғыздым. Қызмет көрсетулері өте жоғары. Барлық жағдай жасалған. Көңілім толып қайтты. Бірақ… Келгеннен кейін бір ай өткенде тісім ауырып, біраз әбігерге түскенім бар. Содан жергілікті тіс дәрігеріне барып қаралмақ болғанымда, олар қабылдаудан бас тартты. Себебін сұрағанымда, «қайда барып салғыздыңыз, сонда барыңыз» деп шығарып салды. Дәріханадан дәрі-дәрмек алып өз бетімше емделдім. Қытай дәрігерлері тісіңізге бес жыл кепілдік береміз, ауырса қайтып келіңіз, бару-келу жол шығыныңызды өзіміз  төлейміз дегені бар, – дейді танысым Римагүл. Бұл бір ғана жағдай, қаншама адам сол Қытайға сабылып барып-келіп жатқаны жасырын емес. Егер сол қолжетімді бағаны өзімізде ұсынса, алысқа сабылмай-ақ қояр еді ғой.

Баға демекші, қазір әр орталықта баға әртүрлі. Мәнісін сұрасаң, емдеу технологиясы басқаларға қарағанда сапалы, уколдың қымбат түрі салынатынымен түсіндіреді. Бұған қарапайым адамдардың көзі жетпесе де, имандай сеніп, қымбат болса да, сапалы көмек көрсетеді деп ойлайды. Кейде сондай тіс емдеу орталықтарының қызметі де көңілден шықпай жатады.

Тіс емдеу орталықтарының бағасына оралсақ, Тараз қаласындағы Қарахан көшесіндегі «Стоматолог» және «Дантист» тіс емдеу орталықтарының қызмет көрсету бағасында айтарлықтай алшақтық бар. Бір тісті жұлғызу «Стоматологта»  3500 теңгеден басталса, «Дантисте» осы қызметке төленетін жоғары баға –10 000 теңге. Ал пломба салу 4000 мен 11 000 теңге аралығында. Керамика тісті қаласаңыз – 12 000-18 000 теңге, имплант салсаңыз 90 000-130 000 теңгеңіз болуы керек. Дәрігердің қабылдауы 1000 теңгеден басталады.

Бұл айтып отырғанымыз, бір ғана облыс орталығындағы тіс емдеу клиникаларындағы баға. Ал бұны қалтаңыз көтермесе, ықшамаудандардағы стоматологиялық кабинеттерді жағаласаңыз болады. Жақында бір медбике теміржол вокзалы жанындағы тіс емдеу мекемесіне барып, алты тісін 80 мыңға салғызыпты. Дәрігері 10 мың теңге жеңілдік жасағанын қуана жеткізген еді.

Бүгінде тіс салу табысты кәсіпке айналған секілді. Қазір қала, аудан орталықтарынан жекеменшік орталықтар көптеп ашылып жатыр. Жарнамасына көңіл тояды, ал ішіндегі қызмет қаншалықты деңгейде екен деген сауал тұрады санада. Қалада көпқабатты үйлердің бірінші қабатынан бір-екі бөлмені жалға алып, стоматология кабинетін ашып алғандар көп. Ал аудандардағы тіс емдеу кабинеттерінің тазалығына қарап көңілің құлазып қалады.

Қазір аудан орталығында тиісті несиеге рәсімдеп, болмаса ақысын кейін шамаңыз келгенше бөліп төлеу арқылы тіс емдей бастады. Кейбіреулер сол қарызын апарып береді, кейбір тұрғындар қызметін пайдаланып болған соң қарыз ақшасын бермей «әне-мінеге» салып қашып жүретіндер де бар.

Негізі, Өскеменде тіске имплант жасауға қажетті титан металы шығарылатыны белгілі. Ал сол шикізатты өңдейтін елімізде бірде-бір кәсіпорын жоқ. Шетелдіктер сол титанды бізден алып, өңдеп, өзімізге қайтадан еселеген бағамен сатады. Сол имплантты жасайтын кәсіпорын елімізде ашылса, бәлкім, баға да біраз арзандай түсер ме еді. Қалай десек те, тіс емдеу мен салғызу Қазақстанда оңай болмай тұр.

Камила БОРАШОВА

Тараз қаласы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.