Осыдан 13 жыл бұрын денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмысы басталған болатын. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, бұл жұмысқа 9 млрд теңге бөлінді. Әрине, түк істелінбеді деп айтуға болмас. «Дегенмен бұл толық цифрландыру емес, ал оның жекелеген элементтері ғана еді. Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап, бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуға тиіс. Осы қызметтердің барлығы өзара байланысты болып және бірыңғай республикалық ақпараттық жүйеге біріктірілуге тиіс», – дейді мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.

Иә, шынында, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасау әлі де арман болып келеді. Әрине, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың баяндамасына сенсек, бұл саладағы жұмыстар көңіл көншітерлік. Бірақ жағдай, шынында, солай ма? Бүгінде республика бойынша онлайн-режимде 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Олар денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды қамтамасыз ету және статистикалық ақпараттарды жинау үшін құрылған. Бірақ бұл жүйелердің не орталық орган базаларымен, не бір-бірімен байланыстары жоқ.

– Жаңа ғана денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртановтың баяндамасын тыңдадық, – дейді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.Маған министр ертегi айтып жатқан секiлдi болды. Неге? Өйткенi цифрландыру болу үшiн денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды бiз жақсы, жоғары интернет байланысына қосуымыз керек. Ал, ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң айтуынша, бұл 2022 жылы ғана жүзеге асады. Онда да қаражат болса… Сонда бұл цифрландыру кiмге жүргiзiледi? Мысалы, өңiрлердi алып қарайтын болсақ, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының денсаулық ұйымдары бар-жоғы 14-43 пайыз ғана интернет жүйесiне қосылған. Сондықтан бiрiншi кезекте осыны шешуiмiз керек. Құрметтi министр, сiзге айтарым, аспанға қарап жұлдызды санағаннан гөрi жердегi тiршiлiкке дұрыс көзбен қараған жөн секiлдi.

Расында, ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы әлі күнге нашар. Қазiргi таңда Қазақстан бойынша 2124 жедел жәрдем көлiгi бар десек, соның 36 пайызы, яғни 770-i ескi. Өткен ғасырда шығарылған көлiктер бар. Нұртай Сабильяновтың айтуына қарағанда, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының орталығы  Қалбатау ауылындағы аурухананың жөнделмегенiне 25 жыл болған. Үржар ауданының орталығында мүлде емхана жоқ, тек үш дәрiгерлiк амбулатория қызмет көрсетедi. Оның бiреуiнiң ғимараты да жоқ.

– Қазақстан шекарасының ең шетiндегi Зайсан ауданының ауруханасы тар, бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Iшiнде су жоқ, кәрiз жүйесi жоқ. Адамдар тұрып тұрады, шешiнетiн жер жоқ. Осыдан кейiн медициналық көмектiң жоғары деңгейде екенiн қалай айтуға болады? Осы мәселелердi шешетiн уақыт болды ғой, – деп күйінді Н.Сабильянов.

Оның сөзін әріптесі Кеңес Әбсатиров те тұздай түсті.  «Алыстан кеңес беру, электронды құжат жүргізу немесе телемедицина туралы бірдеңе айту қиын. Өйткені жеке гигиена сын көтермейді. Ыстық су жоқ. Палатадағы жиһаз совет заманынан ауыспаған. Ыстық су операция жасайтын және  одан шыққанда жуынатын бөлмеде ғана бар. Оның өзі электр пешімен жылиды. Пациентте порталға өздігінен тіркелу туралы хабар да жоқ. Хабары болмаған соң, бұл жүйеге көңіл бөлмейді. Оларға өздігінен ем-дом жасау оңай. Осыдан келіп ауру  асқынады», – дейді депутат.

Әрине, әлемде ешқандай кемшілігі жоқ денсаулық сақтау саласы жоқ. Әлеуметтік саланың дамуы елдің саяси және экономикалық жағдайына байланысты. Адам өмірінің жоғары деңгейі ең алдымен әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі нәтижесінде қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні электронды амбулаторлық карта немесе денсаулық паспортын ендіру тым қиын болып тұр. Осы саладағы порталдарда бірде-бір электронды медициналық карта жоқ. Сондай-ақ 2017 жылдың желтоқсан айындағы мәліметке қарағанда, еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің 55,6 пайызы ғана интернет жүйелеріне қосылған. Бұдан бөлек, республикадағы елді мекендердің 15 пайызында интернет жоқ. Және бұл елді мекендерге интернет желілерін тарту тиімсіз деп табылған. Бұл мәселені қалай шешеміз?

Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов шалғайда жатқан қай ауылға барып, қай медицина мекемелерінің жағдайымен танысыпты? Мәжілісте Біртановқа осындай да сұрақ қойылды. Бірақ министр жауап беріп, ақталып жатпады. Бұл министрдің жағдайды мойындағаны ма екен деген ой қалды…

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу