2016 жылы 24 сәуірде Атырауда өткен жер митингілерінен кейін бес жылға сотталған қоғам белсендісі Макс Боқаев жазасын Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 колониясында өтеп жатыр. Бірақ азаматтық белсендінің өзі мен оның қорғаушылары оның жаза мерзімі тұрғылықты облыстағы колонияда өтелуі тиіс деп есептейді. Осыған орай, қаңтардың 25-і мен 26-сы күндері Астана қаласының Алматы аудандық соты Макс Боқаевтың анасы Р.Қожасованың ұлының Солтүстік Қазақстан облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеудің заңдылығын анықтау жөніндегі шағымын қарады. Осы сотқа қатысқан «Азаттық» тілшісі Сәния Тойкеннің жазуынша, М.Боқаев бұл сотқа видеобайланыс арқылы қатысып, өз талаптарын қойды. Атап айтқанда, белсенді өз адвокатымен түрме қызметкерлерінің қатысуынсыз кездесу жөнінде сотқа өтініш түсірді.  Бұдан бөлек, белсенді денсаулық жағдайына байланысты  –25 градус аязда сыртта таңғы денешынықтыру жаттығуларын жасаудан бас тартқаны үшін түрме әкімшілігі өзін бірнеше мәрте жазаға тартқанын баяндады.

Соттағы үзіліс кезінде «Азаттыққа» видеобайланыс арқылы сұхбат берген М.Боқаев жазасын өтеп жатқан колониядағы ахуал мен денсаулық жағдайы жайлы әңгімелеп берді. Белсендінің айтуынша, солтүстіктің ызғары мен суығы денсаулыққа кері әсер етпей қоймайды.  Былтырғы жылдың қарашасында белсенді денсаулығына байланысты таңғы жаттығуды сыртта емес, ғимарат ішінде жасау жөнінде өтініш берген. Алайда қаңтардағы қақаған аязда түрме қызметкерлерінің бірі Боқаевтан неліктен сыртқа шықпағанын сұраған. «Мен денсаулығыма байланысты сыртқа шыға алмаймын, аязда сыртқа шығаруды азаптау деп санаймын» дедім. Түсініктеме жаздырды. Мекеме басшысы соған сүйеніп қаулы шығарды. Үшінші қаулыдан соң тәртіптік оқшаулау камерасына (дисциплинарлық изоляторлық камера) апарып жапты. Ондағы камерадағы бөлмеге күн көзі түспейді, бірақ жатын бөлме бар. Телефон соғуға рұқсат жоқ, кездесудің өзі бір мәрте қысқа уақытқа ғана беріледі. Сондықтан қатаң режим саналады. Мен сол қаулыларға байланысты 7-8 шағым түсірдім», – дейді белсенді.

Түрмедегі ахуалға тоқталған М.Боқаев бастауын ГУЛАГ-тан алатын қылмыстық атқару жүйесі одан көп ұзай қойған жоқ депті. «Себебі  ХІХ ғасырдың саяси жүйесінде пенитенциарлық жүйе ХІХ ғасырға сай болды, өкінішке қарай, ол әлі өзгерген жоқ. Бүкіл әлем камералық түрмелерге өткенімен, Қазақстанда лагерьлік режим сақталып қалған. Маған тікелей қысым жасаған емес, бірақ нормативтік-құқықтық актілердің көбі ескірген, ерсі, адамның ар-ожданына тиіп кемсітеді. Осының салдарынан түсініспеушіліктер болып тұрады. Осыған орай, талай шағымдарды жазып жібергенмін. Мен отырған ЕС-164/3 мекемесі Қазақстан түрмелері арасындағы үлгілісі саналады. Сотталушылардың арасында ақ төсекке жатып көрмеген үй-күйсіз адамдар бар. Еуропалық стандарттарды маңайламаса да, мұндағы жағдай оларға, әрине,  ұнайды», – дейді ол.

Тілшінің «Парламент қабылдаған Жер кодексінде жер митингісінде қойылған талаптар ескерілді деп есептейсіз бе?» деген сұрағына белсенді: «Өкінішке қарай, Атыраудағы 24 сәуірдегі митингіде қабылданған қарардағы екі мәселе – атап айтқанда, ауылшаруашылық жерлерін иеленуші фирмалардың тізімін толық жариялау және шетелдік әскери полигондарды Қазақстанда орналастыруға тыйым салу туралы талаптар мүлде енбеген. Бірақ қолға тимегендіктен, оны толық оқи алмадым», – деп жауап берген.

Колониядағы тұтқындардың өзіне қарым-қатынасын сөз еткен Боқаев: «Тұтқындардың 90 пайызының жасы 20-30 аралығындағы жігіттер. Не үшін отырғанымды білгеннен кейін олар «дұрыс жасадың» деп қолдау білдірді. Өкініш жоқ, ондай сезім болған да емес. Және қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес», – дейді.

2016 жылғы 28 қарашада Атырау облыстық соты «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу жөніндегі заңнаманы бұзды» деген айыппен атыраулық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевты бес жылға соттап, сот үкімінде жаза мерзімін өтеу орны Ақтөбе деп көрсетілгеніне қарамастан, этаппен Солтүстік Қазақстандағы  ЕС-164/3 колониясына жеткізген. Белсенділер мен олардың қорғаушылары жаза мерзімін өтеуді тұрғылықты облысқа ауыстыруды талап етіп, сотқа бірнеше мәрте шағым түсірген. Былтырғы жылдың тамызында  сот Талғат Аянның шағымын қанағаттандырып, оны Ақтөбедегі колонияға ауыстырған болатын. Алайда, неге екені белгісіз, қылмыстық атқару жүйесі Боқаевты тұрғылықты облыстағы колонияға ауыстыруға құлықсыз.

Астанадағы Боқаев анасының шағымын қараған сотта  қылмыстық атқару жүйесінің өкілі Қайрат Асыл  М.Боқаевтың неліктен Солтүстік Қазақстандағы колонияда жазасын өтеп жатқанын негіздейтін құжатты көрсетуден бас тартқан. Қылмыстық атқару жүйесінің өкілі құпия бұйрыққа сілтеме жасағандықтан, судья Байменов арғы жағын қазбаламады. Бұған наразы болған белсендінің адвокаты А.Омарова  іс материалдарына қажетті құжатты сұрата алмаған судья Дәурен Байменовке сенімсіздік білдіретінін айтып, судьяны ауыстыруды сұраған. Алайда шағымды қарап отырған судья Байменов қорғаушы талапты жазбаша бермегендіктен, сот жалғаса беретінін алға тартты.

26 қаңтар күні жалғасқан сотқа белсендінің қорғаушысы қатыспай қалғандықтан, видеобайланыс арқылы байланысқа шыққан М.Боқаев та сотқа адвокатсыз қатысудан бас тартты. Бірақ судья Байменов сотқа қатысушы тараптар келесі отырыстың қашан өтетінінен хабардар болғандықтан, сотты кейінге қалдыруға негіз жоқтығын мәлім етті. Сөйтіп, апыл-ғұпыл жарыссөзге көшіп кетті. Сотта сөйлеген мемлекеттік айыптаушы Рашидова Боқаевтың жазасын Солтүстік Қазақстандағы колонияда өтеуі заңға сәйкес екенін әрі өтелмеген тәртіптік жазасы бар екенін алға тартып,  оны сол колонияда қалдыруды сұрады.

Ал қаңтардың 29-ы күні судья Байменов Боқаевтың Солтүстік Қазақстандағы колонияда жазасын өтеуін заңды деген шешім шығарып, Боқаев пен оның адвокаттарының шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.