Мәңгілік қауіпсіздік кеңесі Қазақстанды қайда апарады?

1258

Сарапшылар ортасында жиі талқыға түсіп, қоғам үмітін үкілеп сарыла күтумен келе жатқан биліктің ауысуы төңірегіндегі мәселе тағы бірнеше жылға (белгісіз уақытқа деп оқысаңыз да болады) теория жүзінде қала беретін секілді. Бірақ өзгерістің теориялық дайындығы әлі де жалғасып жатыр. Соның бірі – қауіпсіздік кеңесі туралы заң жобасы.

24 қаңтарда мәжіліске түскен заң жобасында мемлекеттік басқару мәселесіне қатысты айтарлықтай өзгерістер бар. Мәселен, осыған дейін қауіпсіздік кеңесі консультативтік кеңесші орган болып келсе, енді конституциялық орган болып өзгермек. Ал тұңғыш президент Н.Назарбаев өмір бақи кеңестің төрағасы болып бекітіледі. Яғни сайланбайды, тағайындалмайды, ешқашан өзгермейді. Мәңгі!

Енді қауіпсіздік кеңесінің құрамына келейік. Депутаттардың қарауына түскен жобада кеңеске президент, парламент төрағалары, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің жетекшісі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, бас прокурор, ҰҚК-ның төрағасы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі, ішкі істер министрі кіреді. Заң жобасы қабылданса (оған есі дұрыс пенденің күмәні жоқ), кеңес құрамы заңмен бекітілмек. Конституциялық орган мәртебесі беріліп, маңызы арта түссе, қауіпсіздік кеңесі «құдіретті күштің» қазақстандық баламасы болатын түрі бар. Қауіпсіздік кеңесі мемлекеттік тәуелсіздікті, территориялық тұтастықты, елдің ішкі саяси тұрақтылығын сақтау, Қазақстанның ұлттық мүддесін, конституциялық құрылымды қорғау үшін бірыңғай саясатты үйлестіруші сынды о бастан белгіленген құзыретімен қоса, енді  республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың және  орталық биліктің бірінші басшылары кандидатурасына талқылап, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік маңызы бар іс-шараларды, заң жобаларын сараптап, үкіметтің есебін тыңдап отырады. Жалпақ тілмен айтқанда, мемлекеттік биліктің негізгі құрылымы мен жұлын-жүйесі қауіпсіздік кеңесіне шоғырланады. Кеңестің нұсқауынсыз, мақұлдауынсыз шыбын да ұшпайды, қурай да сынбайды деген сөз. Ал кеңестің мәңгілік төрағасы – қазіргі президент. Осы жерде Конституцияға енгізілген былтырғы өзгерістер еске түседі. Онда билік бөлінісі көрсетіліп, президенттің бірқатар өкілеттіліктері үкімет пен парламентке берілген еді. Ал қауіпсіздік кеңесі туралы конституциялық заң жобасы президенттік билікті одан әрі күшейте түседі. Айырма бір сөзде ғана – президент және қауіпсіздік кеңесінің өмір бақи төрағасы. Біздің ойымызша, былтыр  Ата заңға енгізілген биліктің бөлінісі туралы өзгеріс халықаралық қауымдастық үшін қажет болды. Яғни саяси реформалар жүріп, демократияға қадам жасалып жатқанын анық аңғарту. АҚШ, Қытай, Ресей сынды ірі елдердің Қазақстанда экономикалық мүдделері күшті екеніне қарамастан, геосаясаттың құбылмалы келетінін де ескерген әрекет деуге болады. АҚШ сапарынан кейін көп ұзамай қауіпсіздік кеңесі туралы конституциялық заң жобасының мәжіліске түсуі биліктің сыртқа жасап қойған декоративті сахнасының сыртындағы ертеден ойға алған жүрістерінің бірі.

Сөз басында биліктің өзгеруін қоғам сарыла күтіп келеді деп айттық. Үкілеген үмітін де сөз еттік. Ойлап тұрсақ, өзгеріс күткен ел үміті кесілетіндей. Өйткені үлкен саяси өзгерістер болса да, бар билік қауіпсіздік кеңесі төрағасының қолында болады. Бұл – «қашсаң құтқармайтын, қусаң алдырмайтын» формула.

Президент Н.Назарбаев бір сөзінде: «Конституциялық өзгеріс енгізу Қазақстан қай бағытпен жүреді деген сауалға жауап болып тұр. Ол – демократиялық бағыт. Басқа елдер демократияға жүз жылдап жетті. Демократия біз үшін дамудың басы я соңы емес, ол – мақсатымыз. Біз оған біртіндеп, ақырындап жетеміз», – деген еді. Ал заң жобасындағы қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаратын төраға Қазақстанның мақсатын қалай түсіндіреді?

Айтпақшы, президент Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Билікті балаларыма мұраға қалдыруды қарастырып жүрген жоқпын. Биліктің өзгеруі, ауысуы Конституцияда жазылған.  Мен 2020 жылға дейін жұмыс істемекшімін.  Ал 2020 жылы біз тағы кездесеміз», – депті. Иә, шамасы, бізді 2020 жылы мәңгілік қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен кездесу күтіп тұрған шығар…

Таңатар ТАҒАН

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.