«Есепке жүйрік» дейтін Қайрат Келімбетов алдағы  бес  жылда болмады деген жағдайда елге 5 миллиард доллар алып келмек. Ал 10 жыл ішінде 40 миллиард  доллар тартпақ. Бірақ бұл есептің өзі нақты емес.

Биылғы жылдың қаңтарынан жұмысын бастаған, бірақ тұсаукесері жазда өтетін Астана халықаралық қаржы орталығына мемлекет біраз қаржысын  құятын түрі бар.  Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов алдағы үш жылдың ішінде мемлекет аталған орталыққа 60 миллиард теңгеге жуық қаржы құятынын мәлімдеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде бюджеттен қаржы орталығына бөлінетін 20 миллиард теңге қарастырылып қойылған көрінеді.  Алайда Қ.Келімбетов «мемлекет қазынасынан бөлінген ақша желге ұшып кетпейді, керісінше, өзін-өзі ондаған есе көлемде ақтап, бүкіл шығынды өтейді» деп отыр. Оның айтуынша, алдағы бес жылдың ішінде Астана халықаралық қаржы орталығы 3-5 миллиард доллар көлемінде  пайда әкелмек.

Астана халықаралық қаржы орталығы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткен аумақта орналаспақ. Қаржы орталығының жұмысы ағылшын құқығының принциптеріне негізделген, онда жеңілдетілген салық режимі, тәуелсіз сот жұмыс істемек. Атап айтқанда, қаржы орталығына қатысушылар мен органдар және олардың жұмысшылары 50 жылға дейін салықтың көптеген түрінен босатылмақ. Қазақстан барлық аймақта бірыңғай заң жүретін унитарлық мемлекет болғанына қарамастан, Астана халықаралық қаржы орталығында  ерекше құқықтық аймақ мәртебесін беру үшін Конституцияға өзгерістер енгізілген болатын.

Жоба бойынша, Астана халықаралық қаржы орталығы капитал нарығын дамыту, активтерді басқару, ауқатты жеке тұлғалардың дәулетін басқару, ислам қаржысы, жаңа қаржылық технологиялар тәрізді бағыттарды қамтиды.

Келімбетовтің алдағы бес жыл ішінде қаржы орталығына құйған ақша толық өтеліп, 3-5 миллиард доллар көлемінде пайда әкеледі дегені – жоспарының бергі жағы ғана. Айтуынша, алдағы 10 жылдың көлемінде Астанадағы қаржы орталығы 40 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартпақ.

Президенттің бастамасымен құрылған Астана қаржы орталығы тәрізді Алматыда да 2004 жылы мемлекет басшысының идеясы негізінде Алматы өңірлік қаржы орталығының негізі салынған еді. Бұл орталыққа да 2006 жылы ерекше құқықтық мәртебе беретін заң қабылданып, 2009 жылы қатысушылардың арасындағы дау-дамайды реттейтін  арнайы қаржылық сот, рейтингтік агенттік, академия, тауар биржасы құрылған еді. Дегенмен 2011 жылдың сәуірінде президент жарлығымен Алматы өңірлік қаржы орталығының жұмысы тоқтатылып, оның өкілеттілігі Ұлттық банкке берілген болатын.

Қаржылық ахуал біршама тұрақты, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 120 теңгеден аспайтын шақта жұмыс істеген Алматыдағы қаржы орталығын сақтап қала алмаған болсақ, қазіргі қысылтаяң шақта жұмысын бастамақ Астана қаржы орталығы не теңіміз? Ол да бірнеше жыдан кейін Алматыдағы өңірлік қаржы орталығының кебін құшпай ма? Жалпы, Астанадағы қаржы орталығына бюджеттен бөлінгелі жатқан ақша, расымен, өзін-өзі ақтап, ондаған есе көлемде инвестиция тартуға жол аша ма? Сарапшыларға осы сұрақтарды қойып көрген едік.

 «Одан да Астанаға газ тартқан артық»

«Ұлағат бизнес групп» консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленов Астана халықаралық қаржы орталығына жұмсалатын ақшаның қайтуы, Қ.Келімбетов болжағандай пайда әкелуі екіталай дейді. «Бізде бұған дейін Алматы өңірлік қаржы орталығы жобасы болатын. Оған да сол кездегі доллар бағамы бойынша миллиардтаған қаржы бөлінді. Сол орталықтың жанынан рейтингтік агенттік ашылды. Бірақ көп ұзамай қызметі тоқтады. Қазір Қазақстанның жағдайы  ол кездегімен салыстырғанда ауыр. Егер бұрын рейтингтеріміз өсу үстінде болса, қазір, керісінше, кері процесс жүріп жатыр. Қазақстанның қаржы тұрақтылығы бойынша рейтингі біршама төмендеді. Корпоративті сектордағы компаниялардың халықаралық нарықтағы беделі де жақсы деуге келмейді. Банк дефолттары, нақты сектордағы компаниялардың  делистингтері кері әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан мұндай жағдайда ол орталыққа Қытайдан өзге шетелдік инвестицияларды тарту қиындау. Сол себепті Келімбетовтің мәлімдемесі тым оптимистік болып көрінеді. Астана халықаралық қаржы орталығына бөлінетін ақшаны одан да жол салуға, медицинаға, несиені субсидиялау  тәрізді нақты, ақылға қонымды нәрсеге жұмсаған дұрыс. Құр қиялдан қамал тұрғызатын оптимизмді доғаратын кез жетті», – дейді ол.

Қ.Келімбетовтің діттегені – Дубай, Абу-Дабидегі тәрізді қаржы орталықтарын құрып, жұмысын жолға қою. Алайда әлемде биржалар мен қаржы орталықтары жеткілікті. М.Қайырленовтің айтуынша, қаржы орталықтарына инвестор тарту үшін екі шарт керек. «Оның бірі – қарқынды экономикалық өсім. Алайда бізде ол жоқ әрі таяу арада оның болатын түрі көрінбейді. Екінші шарт – инвесторлар өздерінің құқығы сақталатын, заң толық жұмыс істейтін елге ғана кіреді. Ал бізде жеме-жемге келгенде бизнесті рейдерлікпен тартып алу тәрізді заңға томпақ нәрселер бар. Елден сол себепті капитал сыртқа кетіп жатыр», – дейді сарапшы.

Үкіметтің бұған дейінгі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында планшет жинау тәрізді жобаға ақша жұмсағанын түсіндірген  М.Қайырленов іс жүзінде бұл жобалар іске аспай, ауызды құр шөппен сүрткенімізді еске салды. «Осы тұрғыдан алғанда, бұл ақшаны экономикаға нақты пайдасын тигізетін жобаларға, мәселен, елді мекендерге  су, жылу тартуға, тіпті Астанаға газ тартуға жұмсаған артық», – дейді ол.

«Авторитаризм және биржа – үйлеспейтін ұғымдар»

Экономист Айдар Әлібаев та Қ.Келімбетовтің ақша тарту жоспары іске асатынына күмән келтіреді. «Әрине, іске асып жатса ең бірінші болып қуанар едім. Алайда, өкінішке қарай, бұған дейін мемлекеттік жобалардың қалай іске асқанын, Алматыдағы өңірлік қаржы орталығының жұмысы немен біткенін еске түсірсек, Келімбетовтің жоспары оптимистік ойға жетелемейді. Тіпті Келімбетовтің өзі айтқан 3-5 миллиард доллар қаржыны қайдан тартатынын да түсінбеймін, себебі біз инвестиция үшін мүлде тартымды, инвестор өзі қалап келе салатын мемлекет емеспіз. Заңдық тұрғыдан да, инвестициялық климат тұрғысынан да, бизнеске қолайлылық тұрғысынан да, инфрақұрылымның дамуы тұрғысынан да, қаржы нарығының дамуы тұрғысынан да еш тартымды емеспіз. Жемқорлықтың жоғары деңгейі, заңдардың өзгере беруі, бітпейтін кадрлық ауыс-түйістер инвестордың келуіне теріс әсерін тигізетіні түсінікті. Мәселен, шетелдік инвестор бір шенеунікпен келіссе, артынша оның орнын екінші шенеунік басып, әлгі инвестор соған жаңадан пара беруге мәжбүр болады. Қысқасы, өркениетті елдерде инвесторларды қызықтырып, олардың келуіне жол ашатын біршама жағдай жасалса, Қазақстанда оның бірі де жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, Келімбетовтің мәлімдемесі президент алдында майлы қылқаламмен салатын әдемі сурет қана болып елестейді», – дейді А.Әлібаев.

Сонда қаржы орталығының дамуына бюджеттен бөлінетін ақша қайда жұмсалмақ? А.Әлібаев мемлекеттік сектордағы жобалардың іске асу тәжірибесіне қарап, бұл ақша тиімсіз жұмсалып, түсініксіз қағаздарға салынып, түпкі нәтижесі мардымсыз немесе тіпті теріс нәтиже беруі мүмкін дейді. Ал Келімбетов бастаған топ орталықтың дамуына деп бөлінген ақшаның неліктен өзін-өзі ақтамай қалғанын мың түрлі сылтаумен түсіндіріп бере алады. «Әлемдік дағдарыс, қаржы дағдарысы, мұнай бағасының құлдырауы, теңге девальвациясы, тіпті Астанадағы суық ауа райы қаржы орталығын дамытуға кедергі келтірді десе таңғалмаймын», – дейді сарапшы.

Десек те, шын мәнінде Астанадағы қаржы орталығын басқаруға Келімбетов емес, өзге  адам келсе де, одан еш нәрсе өзгермейді, бұл жоба іске аспаған күйі қалады. «Өйткені авторитарлық билік жүйесінде, бәсеке жоқ саяси жүйеде, оның ішінде бәсекеге қабілетсіз, монополияланған  экономикалық жүйеде бәсекеге қабілетті биржаның дамуы мүмкін емес. Әлемдегі ең дамыған қаржы орталықтары мен биржалар қайда орналасқан? Гонконг, Нью-Йорк, Лондон, Токио тәрізді қаржы нарығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым дамыған қалаларда орналасқан. Ал бізде мұның бірі жоқ. Сондықтан бізде биржаны дамыту деген суы жоқ шөл-шөлейтті жерге  бақ өсірумен пара-пар дүние», – дейді сарапшы.

Астанадағы қаржы орталығына инвесторлардың келмеуіне түрткі болатын ең басты себеп – алдағы жылдарда болып қалуы ықтимал билік транзиті. Болашақтағы саяси жағдайы белгісіз елге ақша салудың тәуекелі тым көп болғандықтан,  инвесторлар әдетте мұндай елдерге келуге құлықсыз. Сондықтан Келімбетовтің қаржы орталығы арқылы пайдаға кенелеміз деуі – бос қиялдан қамал тұрғызумен бірдей.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.