Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары білім және ғылым министрлігін сынап, вице-премьер Ерболат Досаевқа қайырылыпты. Соған қарағанда Астананың қатты аязы қайтып, депутаттарға жан біткендей. Оларға жан біткені де  жаңалық. Әсіресе билік партиясының «қалаулылары» тілге келіп, сөйлепті десе, ғарышқа кетіп ғайып болған «Қазсат» табылғандай «қуанатын» күйге жеттік. Шыны керек, бір жағынан, қорқамыз. Қорқатынымыз – «Нұр Отанның» депутаттары бекер сөйлемейді. Нұсқаусыз, бұйрықсыз жақ ашпайды. Әйтпесе мұқым ел Сағадиевтің реформасына қарсылық көрсетіп ашына жазып жатқанда, жұмған аузын ашпаған депутаттардың аяқастынан kundelik.kz-ке көңілдері толмай, вице-премьер Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдай ма? Жолдапты. Сауалда билік партиясының мәжілістегі өкілдері бүй дейді: «Мұғалімдер ата-аналардың атынан kundelik.kz-ті өздері толтырады, сөйтіп, электронды журналдағы мектептің белсенділік рейтингін қолдан жасайды. Бір мектепте бір компьютер ғана болатынын ескерсек, әр мұғалім жұмыстан кейін 2-3 сағатын kundelik.kz-ті толтыруға жұмсайды. Сөйтіп, электронды журналдағы жоғары рейтинг өсіп шыға келеді». Пай-пай-пай, пох, шіркіндер-ай! kundelik.kz-тен басқа, білім және ғылым саласындағы мәселенің бәрі шешілгендей, көтеретін мәселені тапқан-ақ екен. Мұғалімдер жергілікті биліктің қол баласына айналып, қоғамдық жұмыстар мен саяси науқандарға күні-түні көк есек болып жегіліп, еңбек құқы тапталып, ата-анадан таяқ жеп жатқанда араша түспеген депутаттардың kundelik.kz-ке күйінгеніне қалай күймейсің?! Қайта «бір мектепте бір компьютер ғана болатынын» біледі екен, оған да тәуба. Бірақ үкімет 2009 жылы «Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші болып мектептерді компьютерлендіру шарасын жүзеге асырды. Бүгінде елдегі мектептердің 98 пайызы интернет желісіне қосылған» деп мәлімдеген екен. Сонда кім өтірікші? Дәу де болса үкімет шығар, әйтпесе бар-жоғы белгісіз билік партиясының депутаттары қанша мектеп компьютерлендіріліп, оның қанша пайызы интернетке қосылғанын қайдан біледі?!

Жоқ, бәрібір бір гәп бар. Үн-түнсіз өздерімен-өздері жүрген бір топ адамның (депутаттар) kundelik.kz-ті қалқан қылып, жоқ жерден үкіметке сауал жолдауы бекер емес. Біз білсек, ақпан айында өтеді деп отырған қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін үкімет толық құраммен ауысып кетуі ғажап емес. Міне, сол ауыс-түйістің алдында билік депутаттарын жұлқып жүріп оятып, «үкіметтің жұмысын сылап-сипап болса да сынға алыңдар» деп нұсқау беруі әбден мүмкін. Өйткені үкіметті таратуға сылтау, негіз керек қой. Күні ертең «Нұр Отан» партиясының мәжілістегі фракциясы «үкімет қауқарсыз, бізге бұдан да мықта үкімет керек» бірауыздан шу ете қалмасына ешкім кепіл бола алмайды. Сөйтіп, депутаттар да бір керекке жарайды. Биліктің пайдасына жарағанына өздері де бір көтеріліп, қопаңдасып қалар. Сөйтіп, ЭКСПО – жасыл энергия деп әлемге жар салғанымен, көмір кендерінің үстінде отырып, бұқарасын тас көмірден тарықтырған үкіметпен қоштасып, жаңа үкіметті көріп қалармыз, бәлкім. Жаңа деген сөз болмаса, ол үкіметіңіз де ғайыптан пайда болып, алыстан келмейді. Сол баяғы таныс бейнелердің бірі кетіп, бірі келер. Оған депутаттардың несі кетіп барады, өздерін-өздері таратып жібермесе болғаны да. Біз білетін билік партиясының депутаттары халық көмір түгіл, өмірімен жан алысып, жан берісіп күресіп жатса да қыңқ демейді. Ал kundelik.kz-ке келгенде шыдамайды, үкіметке сауал жолдаудан да тартынбады. Міне, біздің өмір…

Таңатар ТАҒАН

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.