Кешегі кеңес заманында «партия «Волгаға» бір мінгізсе, қайтып түсірмейді» деп айтушы еді. Сол айтпақшы, біздің билік те үлкен қызметте жүріп босап қалғандарды артынша-ақ басқа қызметке шақырып, әйтеуір, жұмыссыз жүргізбейтін болды. «Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» деген, командадағы жігіттердің бірінің бағы жанып басшы боп шыға келсе, тез арада басқаларын жинай қояды.

Бір кездері ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Асылжан Мамытбеков ақпарат құралдарының ең «сүйікті» кейіпкерлерінің бірі болды. Бұл кісінің билігі кезінде ауыл шаруашылығы саласы айқай-шудан көз ашпады десе де болғандай. Шетелден ұшақпен асылтұқымды ірі қара мал әкелемін деп, онысы аспанда тұншығып өліп, ақырында сирағынан сүйреп шұңқырға көміп тастауға мәжбүр болғанының өзі «Мың бір түн» сияқты таусылмайтын хикая. Сөйткен Мамытбековтің министрлік қызметі 2016 жылдың мамырындағы Жер туралы кодекстің дүмпуінен кейін тәмам болған.

Айтпақшы, Мамытбеков 2010 жылы «ҚазАгроның» басшысы боп тұрған кезде «Қазақстан 2016 жылы 60 мың тонна ет экспорттайтын болады. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 180 мың тоннаға жететін болады» деп күшенген болатын. Осы бір жалынды сөзі жоғарғы жаққа жағымды естілді ғой деймін, әйтеуір, 2011 жылы Мамытбеков министр болып тағайындалып, қып-қызыл еттің ортасына өзі топ ете қалды. Бірақ қанша тыраштанса да, ет экспорты туралы айтқан цифрын сол күйі бағындыра алмады. Бағындырмақ түгіл, ауыл шаруашылығы саласында көптеген шикіліктің жібергенін былтыр ғана премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Таразға барған сапарында ашық айтты емес пе?

– Сіздер ет экспорттай бастадыңыздар. Бірақ оларға қандай ет керек? Шетелдіктер беталды Қазақстаннан ала бермейді. Бізде бәрі кезінде асылтұқымды деген қағазын алып алған. Біреуінде де асылтұқымды ештеңе жоқ. Кезінде бәріне таратып-таратып жазып жіберген. Ол қағаз не үшін керек? Асылтұқымды деген қағазы болса, үкіметтен ақша алады. Ал ол, расымен, асылтұқымды ма, басқа ма – тексеріп, қарап жатқан ешкім жоқ. Есесіне не терісін, не жүнін, не етін ешкім алмайды. Ал бірақ пайдасы сол шаруашылықты басқарып отырған адамдардың қалтасында… Біз кезінде айттық, 2016 жылы 60 мың тонна етті шетелге шығарамыз деп. Жабылып жүріп 6000 тонна етті әрең шығардық ғой деймін, – деп ашынған еді сол жолы Б.Сағынтаев.

Сөйтіп, түсіне емес, тісіне ет жиі кіріп, тоқтықтың күшімен талай шаруаның басын шалған Асылжан Мамытбеков, міне, осы аптада Қазақстан ет одағының төрағасы қызметіне тағайындалды. Яғни қып-қызыл еттің ортасына қайтадан топ ете қалды. Әп, бәрекелді, ет туралы тәтті әңгіменің ендігі жалғасы қандай болар екен деп ел қолын ысқылап, мұртынан күліп отыр. Жалпы алғанда, Мамытбеков пен қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің қызметтік жолы жиі түйіскенін, біраз жылдар бойы біреуі басшы, екіншісі орынбасары болып еңбек еткенін елдің бәрі біледі. Бұл тағайындауда да бұрыннан жалғасып келе жатқан сол таныстықтың үлкен рөл атқарғаны анық.

Сондай-ақ  Ө.Шөкеев ауыл шаруашылығы министрі болғалы бері Арман Евниев те баяғы қызметіне қайта оралды. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметіне… Арман Евниев бұған дейін де осы қызметті атқарған болатын. Естеріңізде болса, 2009 жылы Қытай рапс пен соя егеміз деп Қазақстаннан 1 млн гектар жерді жалға сұраған еді. Сол кезде министрдің орынбасары А.Евниев қытайлық әріптестермен бірігіп жұмыс істеуді қолдап, біріккен кәсіпорын ашуға ұмтылған болатын. Қызметіне қайта оралған Арман Қайратұлы енді сол бастамасын тағы да тірілтер ме екен, қалай ойлайсыз?

Қоғамды шулатқан Жер туралы кодекс сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен оның орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың да жолын кесіп, екеуі де қызметтерінен кеткен болатын. Бірақ Досаевтың өз кінәсін ашық мойындап, қызметінен өз еркімен бас тартуына қатты риза болған президент оны былтыр премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындады. Енді, міне, жақында Қайырбек Өскенбаевтың да бағы жанып, инвестициялар және даму министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Сондай-ақ өткен жылы елімізде бензин тапшылығы күшейіп, жұрттың наразылығы күшейген сәтте үкімет жетекшісі Б.Сағынтаев күшіне мініп, энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа кәрін төгіп, нәтижесінде оның орынбасары Әсет Мағауов қызметінен босап кеткен болатын. Осы аптада Ә.Мағауов KAZENERGY ассоциациясының бас директоры қызметіне кірісті.

Иә, біздің билік кезінде еш қарсылық танытпай, сөзге құлақ асып, өз еркімен қызметінен кетіп қалғандарды ешқашан ұмытпайды екен.

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.