АҚШ-тың қаржы министрлігі 30 қаңтар күні санкциялар қолданылуы мүмкін жоғары лауазымды ресейлік саясаткерлер мен олигархтардың аты аталатын «Кремль есебін» жария етті. Есепті дайындағандар бұл тізімге Путинмен жақын байланысы арқылы мансап пен байлыққа кенелген 210 адам енген дейді. АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин тізімдегі ресейліктерге алдағы уақытта АҚШ санкциясы салынуы мүмкін екенін ескертті.

Тізімдегілер кімдер?

Бейресми түрде «Путин тізімі» немесе «Олигархтар тізімі» деп аталатын есепте Ресей президенті әкімшілігінде қызмет ететін 43 саясаткердің есімі көзге шалынады. Олардың арасында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, Путин көмекшісі Владислав Сурков, президент әкімшілігінің жетекшісі Антон Вайно және оның орынбасары Алексей Громов  бар. Бұлардан бөлек, тізімде премьер-министр Дмитрий Медведев, оның сегіз орынбасары мен 22 министрдің аты назарға ілінеді. Парламент қос палатасының спикерлері Вячеслав Володин мен Валентина Матвиенко, федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников пен сыртқы қауіпсіздік қызметінің басшысы Сергей Нарышкин, бас прокурор Юрий Чайка да тізімнің қақ ортасында жүр.

Дәулеті 1 миллиард доллардан асатын Forbes тізіміндегі миллиардерлер Алишер Усманов, Роман Абрамович, Олег Дерипаска, Сулейман Керимов, Юрий Мильнер мен Вагит Алекперов те «Путин тізімінен» табылған. «Путин тізіміндегі» дәулеттілердің сапында Елена Батурина, ағалы-інілі Ананьевтер, Владимир Лисин, Михаил Гуцериев, Михаил Прохоров, Кирилл Шамалов, Виктор Вексельберг, Владимир Евтушенков, Искандер Махмудовтар  бар.

Ресейдегі ірі мемлекеттік корпорация мен банк жетекшілері де тізімге енген. Атап айтқанда, «Роснефть» басшысы Игорь Сечин, «Газпром» басшысы Алексей Миллер, «Нориль никелінің» иесі Владимир Потанин, банкирлер Герман Греф, Андрей Костин, Петр Авен және Олег Тиньков болашақта санкцияға ілінуі мүмкін ресейліктердің қатарында.

 «Кремль есебі» 2017 жылдың тамызында  АҚШ конгресі қос палатасының айқын дауыс беруімен қабылданған «АҚШ қарсыластарына санкция арқылы қарсы іс-шаралар» заңының аясында жасалып отыр. Бұл заң 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей тарапы араласқан болуы мүмкін деген  дау-дамайдан кейін қабылданған. Осы заңға амалсыздан қол қойғандай көрінген АҚШ президенті Д.Трамп бұл заңды сынап, оны қате қадам деген. Осы заңға сәйкес, АҚШ қаржы министрлігі мемлекеттік хатшы және сыртқы барлау қызметімен бірлесіп, ресейлік билік пен бизнестің өзара байланысы туралы есепті ұсынуы тиіс еді.

Ресей реакциясы

Ресей президенті В.Путин тізімді достыққа қайшы қылық деп бағалады, бірақ Кремль бұл тізімге әзірге қарымта жауап қайтармайтынын мәлімдеді.

Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Кремль есебін» жақында Ресейде өтетін президент сайлауына ықпал етуге тырысу әрекеті деп бағалады. Алайда оның өзі бұл есеп сайлауға ықпал ете алмайтынын ескертті.

Вице-премьер Аркадий Дворкович АҚШ қаржы министрлігі тізімде Ресейдегі бүкіл саясаткерлерді түгел түгендеп шыққанын, сол себепті оның бұл тізімнен табылуы заңдылық екенін айтса, Путиннің адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі Михаил Федотов тізімге президенттің бүкіл кеңесшілері енгендіктен, өз есімін тізімнен тапқанына таңғалмайтынын жеткізді. Ал федерация кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің басшысы К.Косачев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «АҚШ қаржы министрлігі Кремльдегі телефон анықтамасын көшіріп ала салған» деп мысқылдапты.

«Кремль есебіне» ілінгендерге АҚШ тарапы әзірге санкция салған жоқ. Алайда батыс компаниялары мен банктері бұлармен әріптестіктен бас тартуы мүмкін. АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин «Кремль есебінің» жария етілмеген құпия бөлігіне сәйкес, алдағы бірнеше айдың ішінде АҚШ бірқатар ресейлік саясаткерлер мен олигархтарды санкциялық тізімге кіргізетінін ескертті.

АҚШ әзірге санкция қолданбадық дегенімен, олигархтар «Путин тізімінің» алғашқы салқынын сезе бастады.  Тізімдегі бүкіл бизнес элита өкілдерінің жалпы байлығы 386 миллиард доллар болса,  тізім жарияланғалы бері бұл олигархтар жалпы жиынтықта 1,06 миллиард доллар байлығынан айырылған. Бұлардың ішінде ең көп зардап шегіп, активтері 226 миллион долларға азайған  – «Лукойл» иелерінің бірі Вагит Алекперов. Ал НЛМК директорлар кеңесінің төрағасы В.Лисиннің активтері 205 миллион долларға кемісе, «Полюс» алтын өндіруші компаниясының иесі С.Керимовтің дәулеті 102 миллион долларға ортайған.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.