Шекара маңындағы ауылдардың қиын жағдайы ақпарат құралдарының назарынан ешқашан түскен емес. Бұрын ауылы аралас, қойы қоралас жатқан елді мекендердің арасына темір сым тартылып, қызу тіршілігі әскерилердің темір тәртібіне бағынып қалғалы бері барыс-келіс қиындап, алыс-беріс азайып қалғаны анық. Бірақ, басқа – басқа, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы ауылдардың бір-біріне қатынасы дәл осылайша қиын болмауы керек сияқты еді. Әншейінде Еуразия одағының төрінде отырған екі ел «ежелден ең жақын доспыз, ең жақсы көршіміз» деп мақтанғанда аспанға лақтырған малақайымыз жерге түспей қалады. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шықты деп кеуде қағып жүрсек те, кейде «дружба» мен «служба» бір-бірін мойындамайды екен.
Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын Азғыр өңірі Ресей Федерациясымен шекаралық жерде орналасқан. Бұл өңірде үш ауылдық округ құрамына кіретін тоғыз елді мекен бар. Облыс орталығынан – 600, ал аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта жатыр. Автомобиль немесе теміржол жоқ, қатынас қиын. Жалпы, Азғыр өңірі – сусыз, табиғаты қатал. Кеңес Одағы кезінде 17 рет жерасты ядролық сынағы өткізілген аймақ.
Енді осы жердің тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарадан өту болып тұр. Бұл аймақ Ресей Федерациясы Астрахан облысының Қарабайлы қаласынан бар-жоғы 60-ақ шақырым жерде. Бұрынғы кезеңдері ауданға барып-келу, сауда-саттық, басқа салаға байланысты қарым-қатынас осы Қарабайлы қаласы арқылы болған. Бірақ бүгінгі күнге қалыптасқан жағдай ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін қиындатып тұр.
Оған себеп – «Қазақстан үкіметі мен Ресейдің шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы» келісім. Келісім бойынша, Азғыр өңірінде «Балқұдық–Қарабайлы» және «Жалғызапан–Басқұншақ» шекараны кесіп өту орны белгіленген. Олар ықшамдалған өткізу пункттері. Осыған байланысты тұрғындар Ресей Федерациясының көрші ауданына тек үш тәулікке дейінгі мерзімге келе алады және әр адамға 35 келіден артық жүк алып өтуге рұқсат берілмейді. Адамдар шекарадан өткеннен соң, Қазақстан немесе Ресей Федерациясының басқа өңірлеріне бара алмайды.
Бұл, әрине, шалғайдағы ауыл адамдарына үлкен қиындықтар туғызып отыр. Азғыр өңірінде 7000-ның үстінде тұрғын бар. Елуге жуық кәсіпкер, 106 шаруа қожалығы және асылтұқымды «Сүйіндік» қой өсіретін ЖШС жұмыс істейді. Барлығын қосқанда 91 568 қой, 15 254 сиыр, 10 465 жылқы және 875 түйе өсірілуде. Тұрғындарға 27 дүкен және екі базар қызмет көрсетеді. Яғни шекаралық мәселедегі шектеулер кәсіпкерліктің дамуына, шаруа қожалықтарының жұмысына да кері әсерін тигізуде. Жеке тұрғын үй құрылысын, кәсіпкерлік объектілерін салуға қажетті құрылыс материалдарын қасында тұрған 60 шақырым жерден ала алмаулары тұрғындар үшін еш түсініксіз. Олар мұндай шектеулер Еуразия экономика одағының негізгі қағидаттарына қайшы деп есептейді.
– Осы мәселе туралы мен 2012 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының үкімет басшысына депутаттық сұрау жолдап, Азғыр өңіріндегі «Балқұдық–Қарабайлы» шекарасын кесіп өту орнын шекарадан өткізу пунктіне өзгерту туралы ұсыныс бергенмін, – дейді үкімет жетекшісіне жолдаған сауалында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов. – Бұл ұсыныс үкімет тарапынан қолдау тауып, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы үкіметаралық комиссияның отырысында қаралды. Екі мемлекеттің тиісті орталық органдарына тапсырма да берілді. Менің ұсынысыма орай, инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің төрағасы және орынбасары екі рет Азғыр өңірінде болды. Дегенмен мәселе нақты шешімін таппай тұр.
Міне, үкімет мүшелерінің өздері араласса да, не қиындығы барын қайдам, мәселе шешілмеген күйі қалған. Соған қарағанда бұған екі елдің президенттері араласуы керек шығар. Әлде ресейліктер бұрынғы полигон тұрғындарының бәлесі жұғып кетеді деп, қарым-қатынас жасауға қорқа ма? Қалай айтсақ та, Ақорда көп мақтайтын Еуразия экономика одағының шапағаты алақандай ғана Азғыр ауылына тимей тұрғаны жергілікті тұрғындар үшін дым түсініксіз. Осыдан кейін Азғыр өңірі айдалада өз алдына оқшауланып, қашанғы жетім баланың күйін кешеді?

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.