Дүрдараз, дін де араз. Бірде тату, бірде араз

573

Осы аптада дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрлік парламентте діни қызмет пен діни бірлестіктер заңына қатысты өзгерістер мен толықтырулар жобасын таныстырды. Сөйтіп, ағымдағы заңнамаға 53 өзгеріс пен 12 толықтыру енгізілмекші.
Бұл өзі қоғам көптен күтіп келген заң жобасы. Өйткені соңғы кезде қоғам, мемлекет және дін арасындағы қарым-қатынас дүдәмал, дүрдараз, ал ол туралы сөз біржақты, бір сарынды болып кетті. Жұрттың бәрі «дін» десе, хақ исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әртүрлі ағым өкілдеріне қарсы күрес туралы ғана айтатын болып жүр. Адамзаттың басты рухани қазыналарының бірі ретіндегі діннің о бастағы ұлы гуманитарлық функциясы мен рөлі жайындағы әңгіме саяси конъюнктураның тасасында қалып қойғандай.
Сөз жоқ, тиісті заңдар арқылы дін мәселесіне қатысты мемлекеттік тұжырымдарды заман талабына сай етуге деген биліктің талпынысын қолдау керек.
Жобаның көңілге қонар жақтары да жоқ емес. Мәселен, «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» деген түсініктердің енгізілуі де дұрыс. Әйтпесе бұл мәселе осы күнге дейін толық шешілмей, қоғамға өз кесірін тигізіп жатыр. Оған қоса, деструктивті діни ағымдардың атрибуттары мен сыртқы белгілерін пайдалану мен көпшілік алдында жария етіп жүруге тыйым салу да қоғамда өз қолдауын табады деп ойлаймын. Әйтпесе жастарымыз тек идеяға ғана емес, киімге, сыртқы формаға де тым еліктегіш.
16 жасқа дейінгі балаларды үлкендердің қатысуынсыз діни рәсімдерге қатыстырмау талабы да әбден орынды деп санаймын.
Жобада айтылғандай, «адам жүзін тануға кедергі келтіретін» пәрәнжі мен ниқабты қолдануға тыйым салу да қазақы, зайырлы қоғамда ретті.
Көптеген қыздарымыздың сорына айналған «талақты» да жоққа шығару дұрыс. Зайырлы мемлекетте зайырлы неке ғана қайырлы бола алады.
Бірақ та осы күннің бір ақиқаты мынау: қазіргі билікте, оның теріс, қазақ пен қоғамға жат, ел ішіне ылаң салуы ықтимал, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтірер діни ағымдарға қатысты нақты, алдын ала өзара келісілген, жоғарыда бекітілген, бекем, бір ауызды, шешімді көзқарас, кешенді идеология жоқ. Залалды, кертартпа діни ағымдарға деген нақты тұжырымдалған, тайға таңба басқандай ап-анық антидеструктивті және де биліктің барлық тармақтары бұлжытпай орындайтын позиция жоқ. Сөз бар, іс жоқ.
Мұның екі себебі бар.
Біріншісі – бізде қазір екенің бірі теолог, дін саласының маманы болып кетті. Әр сарапшы өзінің деңгейінен аса алмайды. Ал осы салаға жауапты шенділер арнайы ғылыми еңбектерді былай қойғанда, «аспаннан түскен төрт кітаптың» бетін ашпаған сияқты.
Біліктілік, діни өмірде болып жатқан ғаламдық процестерді ой, сараптама сүзгісінен өткізіп, өркениеттік тәжірибені игеру жағы тіпті көрінбейді. Әйтпесе барлық мәселені бір ағымның сыртқы белгісі – сақал мен шалбарға тіреп қоюдың өзі күлкілі емес пе? Иә, ондай атрибуттардан да құтылу керек, бірақ мәселе сақал мен шалбарда емес қой, мәселе – сана мен жүректе ғой.
Немесе экстремист пен террористің бәрі теракт жасар алдында қауғадай сақал жіберіп, қысқа шалбар киіп ала ма?! Арам ойы бар радикал ешқашан да көзге түспейді. Керісінше, ол конспирацияның барлық ережелерін мүлтіксіз орындап, басқалардан өзгеше болмауға тырысып бағады.
Екіншісі – радикалды ағымдардың тамырына балта шауып, түпкілікті жою жолында белгілі бір кедергілер бар сияқты. Және де ол кедергі биліктің өз ішінде секілді. Оған қоса, ол кертартпа күштер билікке ерекше ықпалды тәрізді. Осы мәселе неге ашық айтылмайды?! Кім кімнен қорқып отыр?
Биліктің дінге қатысты саясатында гуманитарлық, адами, ағартушылық аспектілерінен гөрі күштеу, шектеу, қысым жасау, белден басу тенденциясы басым. Бұл да мемлекеттің атқарып жатқан ісіне қоғам тарапынан белгілі бір сенімсіздік туғызуда.
Меніңше, діни экстремизмге қарсы күресте үш субъект, үш қозғаушы күш болуы тиіс.
Біріншіден, ол – әрине, қолында барлық ықпалды механизмі бар биліктің өзі. Және де, меніңше, аса маңызды бағыттағы міндеттің бәрін бір салалық министрлікке артып қою қателік. Әкімшілік ресурстың бас тетігі президент әкімшілігінде, сондықтан ПӘ-нің өзі осы шаруамен тікелей және күнделікті, егжей-тегжей айналысуы тиіс. Сонда ғана биліктің барлық тармақтарының жұмысы тиімді үйлесер еді. Әйтпесе салалық министр өзінен жоғары бастықтардың тиісті визасын аламын деп олардың қабылдауын күтіп жүргенде, көштен кеш қалуымыз мүмкін.
Екінші институт – сөзсіз, осы күнге дейін осы мәселемен тікелей айналысып келе жатқан ҰҚК. Оперативті бақылау, қызметтің арнайы формаларын пайдалану сияқты көпшілік біле бермейтін (және білуі де міндетті емес!) әдіс-тәсілдері осы мекеменің еншісінде болуы заңды. Осы тұрғыдан алғанда салалық министрлік көп жағдайда ҰҚК-нің функциясын сәтсіз әрі нәтижесіз қайталап жатқандай көрінеді. «Бір мекеме – бір жауапкершілік» формуласы осы жерде әбден орынды болар еді. Әйтпесе қойшы көп болса, қойдың тағдыры не болатыны белгілі ғой.
Үшінші күш – Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы. Бұл институттың бүгінгі қауқары заман талаптарына сай емес екені оның басшыларының жиі ауысуынан да көрініп отыр. Елге заманауи уағыз айтып, теріс ағымдарға тойтарыс беруге тиіс имамдарды қалың жұртшылық көбінесе өлім-жітімде, астарда көріп жүр. Қоғамда имандылық, әлеуметтік әділеттікті орнату, рухани азғындықты тоқтату ісінде дінбасылар көріне бермейді. Дін өкілдері мен нақты өмірдің арасында жанды байланыс жоқ. Меніңше, ҚМДБ XXI ғасыр талаптарына бейім болуы тиіс. Қараңыз, басқа діни конфессиялар заманауи технологиялар мен озық коммуникация мүмкіндіктерін өте-мөте тиімді пайдаланып, өз жамағатының ілтипатына ие болып келеді. Заман сондай – дінге де заманауи пиар керек. Жастардың бәрі әлеуметтік желілерде – дінбасылар да сонда болуы тиіс.
Экстремизммен күресу керек-ақ. Бірақ мемлекетке қаупі бар бұл құбыжық құбылыстың түп негізі тек қана діни радикализмде жатқан жоқ. Басты себеп – қоғамды жайлаған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тоқырау, әр адам күнделікті кезігіп жүрген әділетсіздік пен жемқорлық. Байқайсыз ба, өз билігінен көре алмаған шапағатты азып-тозған жастарымыз сол діни ағымдардан көріп жатыр.
Деструктивті діни ағымдардың негізінде нақты идеология жатыр. Сондықтан да оларға балама ретінде мемлекеттің өз идеологиясы да тартымды, көңілге қонымды болуы тиіс. Өз елінің, ағымдағы басшылықтың әділетті әрі шыншыл саясатын көзімен көріп, жүрегімен сезінсе, жастар басқа ағымдарға барып қайтеді?!
Билікке, қалыптасқан тәртіпке қарсы кез келген әрекетке себеп – ішкі наразылық. Бұл – классикалық тұжырым. Діни деструктивизмнің де бір қайнар көзі сол. Бүгінгі билік мына түрімен елде қордаланып қалған барлық проблемаларды шеше алмайды. Сондықтан наразылық бола береді. Бірақ ол қай түрде көрініс табады? Конституцияға сай, заңды да жария түрде ме, әлде беті мен шын пиғылын тұмшалап алған жасырын формада ма? Осыдан ең басты сұрақ туындайды: өз наразылығын заң аясында білдіре алмаған жастар құпия, экстремистік, соның ішінде діни ағымдарға бармасына кім кепіл? Заң жобасын талқылау кезінде осы жайттар да ескерілуі тиіс.

Әміржан ҚОСАНОВ
арнайы «Жас Алаш» үшін

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.