Атырауда перзентханаға бармай, үйде босанатын әйелдер саны 100-ге жақындапты. Жақында мұнайлы өңірде өткен мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында осындай мәлімет айтылды. Әйелдердің мұндай көзсіз қадамға баруы перзентхананың жетіспеуінен, дәрігердің біліксіздігінен емес, деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген жандардың наным-сеніміне байланысты болып отыр.
Олардың қатып қалған теріс түсінігі жалғыз бұл әрекеттен көрініп отырған жоқ. Соңғы жылдары мұнайлы өңірде баласын ектіруден бас тартатын ата-аналар қатары көбейді. Қазіргі таңда Атырауда дінді желеу етіп ұл-қызын ектірмегендер саны еліміз бойынша 88,9 пайызды құрайды екен. 2016 жылы облыста 408 екпеден бас тарту дерегі тіркелді. Соңғы алты-жеті жылдың ішінде олардың саны өсіп, 5000-ға жетіп қалды. Ересектер арасында діни сенімінен бөлек, оның нәтижесіне сенбегеннен, жеке басы қаламағандықтан екпе салдырмағандар барын да айта кетейік. Бұған соңғы жылдары баспасөз, ғаламтор беттерінде екпенің зияны жайлы өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп сықпыртқан түбі-тегі белгісіз ақпараттардың қаптауы да себепкер екен.
Екпенің медицина жетістіктерінің бірі екендігі, соның арқасында адамзаттың көптеген ауру түрін мүлдем жойғаны белгілі. Өкінішке қарай, дертке қарсы тұратын екпені дер кезінде алмаудың кері салдары қазірдің өзінде білініп жатыр. Атырау облысында 2015 жылы екпе алмаған бір баладан түп тамырымен жойылғандай болған қорасан ауруының қоздырғышы анықталып, ақхалаттыларды аяғынан тік тұрғызды.
Адам ағзасының мүлдем егілмеуі оның өміріне қауіп төндіре бастағасын бұл шараны мәжбүрлеп қолдану мәселесі күн тәртібіне шығуда. Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың «тегін екпеден бас тартып, соның салдарынан ауруға ұшыраған науқастарды өз есебінен ақылы емдету керек» деп мәлімдегені белгілі. Атырау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерболат Уәйісов те «екпеден ерікті түрде қашқандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет» дейді. Бұған дейін ата-аналарға ондай әрекеті үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу жөніндегі заң жобасы қарастырылған, бірақ «екпе алу әркімнің өз қалауымен жүзеге асырылады» дейтін екінші бір ереже оған қарама-қайшы шығатын көрінеді.
Осылайша теріс діни бағыттағы тұрғындардың тұрмыс салты қоғамның басауруына айналып тұр. Кейде мектеп-балабақшаны, емдеу мекемелерін, құқықтық мекемелерді ашықтан-ашық мойындамайтын бұл кісілердің бетін бері қайтаруға ілімі мықты имамдар мен теологтардың ғана қауқарлы екенін көріп жүрміз. Миындағы қатаң догмамен күн кешіп жатқан адамға көшеден барып, «мұның жөн емес» деген көп жағдайда әсер етпейді де, мұндай жағдайда оларды терең уағызымен дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына әкелетін дін адамының жұмысы әлдеқайда тиімді. Сол себепті жамағатты екпе алуға үндеуде мешіт имамдарының ықпалы зор болды.
Сыртқы түрі мен сөзінен салафизм бағытында екені аңғарылатын Әбубәкірмен әңгімеміз былай өрбіді:
–Сіздің балаларыңыз неге туғалы екпе алмаған?
–Егу арқылы адам ағзасына басқа «денені» кіргізеді. Бұл – нәжіс. Шариғатта «нәжісті денеден шығарып отыр» деген.
–Бетін аулақ қылсын, екпе алмаған балаларыңыз ауруға ұшыраса қайтпексіз?
–Мен балаға екпе салып, Аллаһқа серік қосып, «ширк» жасай алмаймын. Құдай өзі берген жанын өзі алады.
–Балалар неге балабақшаға бармайды?
–Онда ұлдар мен қыздарды қосып ұстайды. Мен ондай жерге балаларымды жібермеймін.
–Әйеліңіз аяғы ауыр бола тұра, неге дәрігерге қаралмаған?
–Бір рет дәрігерлер мазалай бергесін апардым. Еркек гинекологтар бар екен. Ер адамдарға әйелдің әурет жеріне қарау – күнә, харам. Егер әйел адам қараса ұлықсат, бірақ бірге еріп барам.
Осындай күмәнді қағиданы көлденең тартқандарға теолог С.Төлегенов: «Мұсылман елдерінде екпенің харам екендігіне қатысты пәтуа айтылмаған. Тіпті қажылық өтер кезде оларға өкпенің жұқпалы ауруына қарсы екпе егіледі. Адам денсаулығы үшін оның қажеттілігі болса, алған қайырлы», – деп жауап береді.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, елдің батысындағы діни ахуал жайлы қайта-қайта айтуға тура келіп тұр. Алайда ауруын жасырғанның арты қандай болатынын ойласақ, мұнымыз орынды деп білемін.

Құралай ҚУАТОВА

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.