«Жас Алаш» газетінде жарияланып жатқан белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» атты күнделігін үзбей оқып тұрамын. Жақында ғана жарияланған күнделігінің бірінде жазушы «Пайғамбар жасына келген соң, адам Аллаға мұқтаж болуы керек. Ал біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімге мұқтаж болып жүр» деп жазыпты. Рас қой, ел ағасы атанып жүрген қарияларымыз қазіргі басшылармен кездесулерінде (әкімдерге, департамент, басқарма басшыларына) қарапайым халықтың мұңын, жанайқайын жеткізуді артық санайды. Тек сырттан өзара дауыстарын қатты шығармай күбір-күбір етіп, күңкіл-мүңкіл өсек әңгіме етуден аспай, қарапайым елдің мұң-мұқтажы сол жерде тұншығып қала береді.

Сосын зиялы деп жүрген қазіргі қарияларымыздың көпшілігі шенді басшылар алдында тура зообақтағы маймыл кейпіне айналып, жағымпаздана жалпаңдап, шындықты жалтарып, басшыларымызды жерге сыйғызбай күлдіреген көпірме сөзбен өтірік мақтау, көлгірсіну, кең далада жел қуған ебелектей ебелектеп, құрдай жорғалап, кезекті ұпай жинап, жақсы көріну немесе баласын, қызын, туысқанын қызметке қойғызу, жақсы жерден пәтер алу және т.б. Сөйтіп, бұрынғылар айтқандай, кезекті «той генералына» немесе «сарай ақынына» айналу, «шен тағып, шекпен кию». Бұл қазіргі қоғамдағы жиренішті пиғыл, тіпті қасірет десек те болады. Оларға көрнекті ақынымыз Мұхтар Шаханов «туфли жалағыштар» деп орынды ат қойған.

Сондай-ақ, құдайға шүкір, орталарыңызда талай парасатты, озық ойлы, ары таза, көкірегі ояу, әлі де «аузында айтар пәтуәлі сөзі бар» жақсы ағалар бар емес пе? Өкінішке қарай, олар қоғамдық істерден алшақтап, ортадан қол үзіп, болып жатқан қоғамдағы тірліктен етек-жеңін аулақ ұстап жүргендері бар. Қаламызда, облысымызда, ортамызда болып жатқан жағымсыз істерді олар көрсе де, көрмегендей болып жүретіндері несі? Онысы жағымды адами қасиетке жата ма? Неге солар «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, көріп отырған кемшіліктерін, қарапайым елдің мұң-мұқтажын, қуанышы мен қайғысын басшылар алдында қадап-қадап, өмірдің шындығын, олардың кемістігін ашық айтпайды? Кімдерден жасқанады? Астымдағы арғымақ атымды, отырған жылы тағымды алып қояды деп қорқа ма? Енжарлық, бойкүйездік, тоңмойындық, немкеттілік, жалтақтық, берекесіздік, шарасыздық осындайдан тумай ма? Елдің сөзін солар сөйлемегенде кімдер сөйлеуі тиіс?

Расын айту керек, айтушыларға сенсек, біздің облыс мемлекеттік дотацияда отырған, еліміздегі экономикасы кенжелеп, тұрмысымыз тұралап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмен, еңбеккерлердің орташа жалақысы ең аз облыс екен. Неге олай болғанын бір сәт ой таразысынан өткізіп көрдіңіздер ме? Жер байлығына келсек, еш облыстан кенде емеспіз. Тәуба, бізде не жоқ: газ да, фосфор да, алтын да, уран да бар, мәрмар мен гранит тастар да жеткілікті, цемент пен барит де бар. Олардан бөлек, егін мен мал шаруашылығы жақсы дамыған, ауа райы мен табиғаты халыққа ыңғайлы

аймақ емеспіз бе? Неге онда соншама кедей болдық? Шетелдік бір азамат: «Жерім бай дейсіңдер, онда неге кедейсіңдер?» – деп мұқатыпты біздің жерлесімізді. Әлгі жігіт қызарақтап, қалай жауап берерін білмей, сөз таппай қиналыпты. Ол үшін жауапты біз берейік. Оның басты себебі облысты басқаруға келген базбір басшылардың ел басқарудағы икемсіздігі, ұйымдастыру қабілеттерінің төмендігі, түйсіктері мен пейілдерінің таяздығы, ой-саналарының шектеулілігі, тіпті арам пиғылдылығы, парақорлық пен жемқорлық жолына белімен еніп кетуі, елдің, жұрттың жағдайын ойламай, мемлекет басшысы сенім артып жіберген аймақты көгертейін деген пиғылы жоқ, тек өз басының күйін күйттеп, дүниеқоңыздыққа салынуы деп айтсақ қателеспейміз. Бұл жерде олардың түсін түстеп, атын атамай-ақ қояйық, олар кімдер екенін онсыз да барлығыңыз түсініп отырсыздар. Еліміздің тәуелсіздік алғанынан бергі 26 жылының 15-16 жылын әлгіндей адамгершіліктен жұрдай, пейілі тар, қанағатсыз, тойымсыз, арсыз басшылар біздің облысымызды басқарып, жұртты берекесіздікке ұрындырды. Солардың теріс қылықтарын көре тұра, біле тұра, облысымызға сапармен келген президенттің, үкімет пен министрлік басшыларының, сенат және парламент депутаттары алдында әлгі біздің «сарай ақындары» атанып жүрген ақылман қарияларымыз әкімдерді аяқтарын жерге тигізбей мақтап, бойларына шаң жуытпай, орынсыз шашбауын көтеріп, жақсы атты болып жүрген «қайраткер» ағаларымыз ортамызда жүр. Бұл жиренішті, пәтуәсіз қылық емес пе? Неге сол ақсақалдарымыз дер кезінде шындықты бетке айтпады? Елдің обалы, көптің көз жасы кімнің мойнында? «Қолынан тек ішіп-жеу, өзінің қара басының қамын ойлаған арамза әкімдерге қор болған қайран елім-ай!» деп ішкі дүниең күңіренеді, жүрегің езіліп, жүйке тамырларың солқылдайды. Не дерсің оларға? Күйінесің де, амалсыздан «әттең, қалт-құлт еткен мына құбылмалы дүние-ай!» деп іштей таусыласың.

Халқының санасына нұр құйған, жүрегіне нәр берген, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, елінің жарқын болашағын ойлай жүріп жұрты үшін отқа түскен, етігімен су кешкен, тіпті жанын пида еткен бұрынғы саналы, ұлтжанды, парасаты мол, рухы биік асыл аталарымызды, бабаларымызды осындай кезде еріксіз еске аласыз.

Ертеректе белгілі орыс жазушысы А.Чехов: «Бүгінгі орыстар екі нәрсемен күресіп жүр. Бірінші – әйелдерімен, екінші – арақпен», – деп жазыпты. Сол сөзді қазіргі заманның талабына сай былай деп өзгертсек болады: «Қазіргі қазақтар екі нәрсемен күресіп жүр. Біріншісі – ана тілі тұрғанда оны менсінбей, мойындамай, өз тілін өзегінен теуіп, жерініп, орыс тілінде сөйлейтін қазақтармен, екінші – қоғамымызды жаулап алған жемқорлық пен жағымпаздықпен». Оларға қашан шектеу келетінін, қайтіп аластап-арыларымызды бір Алла біледі. Әзірше «түлкі заман» мысымызды басып тұр.

Қазақта «Айтқанның аузы жаман, көргеннің көзі жаман» деген сөз бар. Менің күйіп-пісетінім қазіргі қоғамда белең алған жағымпаздық, екіжүзділік, өтірік ақпар беру, басшыларды өтірік мақтап-мадақтау,

шындықтан айналып өтіп, көрсе де, көрмеген болып теріс айналып, әділетсіздікке жол беру, орынсыз атақ пен марапатқа ұмтылу. Осындай жиіркенішті іс-әрекеттер қазіргі қоғамның жұлынқұртына айналды. Шындықты бетке тура айтпай, күңкіл-мүңкіл бос әңгімеден әрі аспай, бастықтардың алдында бейшара кейіпке еніп, құрдай жорғалап жұрт алдында өз қадір-қасиетін қашырған қарияларды көргенде олардың сол тірліктеріне қайран қалып, түңілесің. Соншама басына не зорлық түсті екен, не көрінді деп шынымен аяйсың.

Құрметті қариялар, зиялы қауым иелері, алдыңғы толқын ағалар! Артық кетсем ғафу етіңіздер. Бірақ көптен мені қинап, толғандырып, санамды сарғайтып жүрген ойымды сіздерге жеткізуді жөн санадым. Ол әрбіріміздің азаматтық парызымыз деп қабылдаңыздар. Бұл ерте ме, кеш пе, айтылатын дүние. Өмір бір орнында тұрмайды. Заман әлі өзгерер, халықтың үміті орындалар. «Судың да сұрауы бар» деп қазақ бабамыз бекер айтпаған. Ендеше, бұл өтпелі алмағайып дүрбелең дүниенің де, қоғамымыздың басына түсіп отырған қазіргі ауыртпалықтың да түбінде Алладан сұрауы болатынын ұмытпайық. Оған кәміл сеніңіздер.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымының докторы, профессор

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.