Франциядағы қазақтар Моңғолияда тұратын қандастарымызға көмек берді

408

Қазақтың әр сөзінде ерекше мағына барын білеміз. Мәселен, «жылу» ұғымы қазіргі тілмен айтсақ, жақының мен отандасыңа қол ұшын созатын материалдық көмек деген мағына береді. Бірақ осы бір «жылу» сөзінде қаншама жылылық, жанашырлық, мейірімділік пен әлеуметтік жауапкершілік бар екенін ұғыну исі қазақ үшін қиын емес.

Дәл осындай жүрек жылуын Франция қазақтары 7000 шақырым жердегі Моңғолиядағы қазақтарға жіберді. Нақтырақ айтар болсақ, Париж қаласындағы мыңнан астам қазақтың басын біріктіретін Қазақ қоғамы (AKFT) саршұнақ аязда жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жанұя мүшелері бар отбасыларға тұрмысқа қажет заттар алып берді.

Көмірі аздарға 40 тонна көмір, қап-қап отын, тұрмысқа қажет заттар, азық-түлік таратылса, бүлдіршін балаларға қалың киімдер, мектепке қажет оқу құралдары үлестірілді. Биылғы қақаған қыста көмірлерін жеткізе алмай, қаржылық жағынан аздап қиналып жатқан қазақ отбасылары үшін бұл қолдау үлкен көмек болғаны рас.

Осы бір қайырымды іс әлемдегі барша қазақтың атамекені – Қазақстанда тұрып жатқан кәсіпкерлерге де үлгі боларлық іс екен дедік. Алыстағы ағайынға арналған бұл көмекті Баян-Өлгейліктер ыстық ықыласпен қарсы алып, еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін алғысын жаудыртып-ақ жатыр. Франциядағы қазақ қоғамының президенті Мұстафа Салықұлы ризашылығын білдірген барша қандастарға: «Бір болайық, ірі болайық, тірі болайық, бауырлар!» дейді.

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.