Президент Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының жарияланып, тұсауы кесілгеніне бір жарым айдай уақыт болыпты. Содан бері мемлекеттік баспасөзде ұдайы мақтауға толы рецензиялар жарияланып келеді. Ең сыпайысы «кемел», «кемеңгер», «сарабдал» сияқты сөздерге толы пікірлердің легі еш азаяр емес.

 Есесіне тәуелсіз баспасөзде, интернет кеңістікте, әлеуметтік желіде бұл оқиға туралы мардымды ештеңе таба алмадым. Менің ойымша, бұл да бір ғылыми ортамыз бен қоғамымыздың шикілігі. Осыған орай, кітапты сатып алып, өз көзіммен қарап шығуға бел буып, ресми тарихнамаға қатысты кейбір түйген пікірлерімді ортаға салғанды жөн көріп отырмын.

Жалпы алғанда, бұл кітаптың дүниеге келуі заңды құбылыс деп санаймын. Себебі әрбір билік өз заманы туралы тарихи көзқарастарды өзгеге тапсырмай, өзі жазып отырғысы келеді. Кез келген тарихтан орын алуға мүдделі саясаткер өз заманының тарихнамасын өзі жазып, өзі қалыптастыруға тырысады. Әрбір билеуші келер ұрпаққа өз пайымын ұғындырып, өз түсініктерін таңып кетуге тырысқан. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы да сол іспеттес: бұл – бүгінгі саяси режимнің ресми тарихнамасы. Соңғы 26 жылдық тарихымыздың билікке, оның ішінде президент Н.Назарбаевқа ұнайтын, жағатын оқиғалардың жылнамасы, тізбегі, ресми тарихи концепция деуге болатын еңбек. Бұл тұрғыдан аталмыш кітап әрбір тарихшының, саясаттанушының, саясат тақырыбына ізденгендердің кітап сөресінде тұруы міндет. Себебі биліктің ресми тарихи концепциясын білу, ұғыну – ғылыми қажеттілік. Мұрын шүйіріп, кісікиік болудың қажеті шамалы.

Алайда мәселе басқада. Қоғамның, ұлттың дамуы барлық кезде биліктің ойлағанымен жүре бермейді. Шынайы саясат, ұлы саясат ұлт тынысы мен билік тынысының, жүрек лүпілінің бірге, қатар соққан, бірге жүрген кезеңдерінде ғана жүзеге асып отырады. Тек осындай билік пен ұлттың, билік пен халықтың арман-мұраттары біріккен, шарықтап асқақтаған кезеңдері ғана шынайы тарихи оқиға, шынайы тарихи кезең болып мойындалып жатады. Біз, шынын айтайық, авторитарлық қоғамбыз. Авторитарлық қоғамның басты ерекшелігі – ұлттың күн тәртібі мен биліктің күн тәртібі келіспей де, кездеспей де жатады. Фейк оқиғалар, билікке ғана ұнайтын, билік қана ұғынатын жалған күн тәртібі билеп-төстеп  кететін кездер аз емес. Кітапта Қазақстанның ғаламат жетістіктері деп тізбектелген оқиғалардың біразын бүгінгі қоғам ұмытып та қалды, ертеңгі қоғам мүлдем есіне де алмас. Оның үстіне ресми тарихнама қашанда, қай елде де болат пен құрыштан жасалмайды, керісінше, сынаптай ұстатпас материалдан, материядан жасақталады. Себебі кез келген авторитарлық билік – ең алдымен популист билік. Бір нәрсеге қатып қалу, бір немесе одан да көп идеяға қатып қалу бұндай билік үшін үлкен қауіп. Заман өзгерсе, қоғамдық пікір өзгерсе, биліктің ойы мен пікірі де соған жақындай бастайды. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, биліктің ресми тарихнаманы жасақтауы, белгілі бір тарихи концепцияға тоқтауы  мақтауға тұратын құбылыс. Бұл да бір айқындық, бұл да бір позиция. Сынаптың қатайып, шынығып, қолға ұстауға келетін агрегаттық формасы, жағдайы.

Енді кітапқа да сөз берсек. Бес жүз беттен асатын еңбек. Оны қорытындылар болсақ, елбасымыздың пайымдауынша, Қазақстанның «Тәуелсіздік дәуірі»  жасампаздық дәуірі болып табылады. Бұл дәуір төрт кезеңнен тұрады екен:

Бірінші кезең. Тәуелсіз мемлекеттің қалыптаса бастауы (1990 жылдардың бірінші жартысы).

Екінші кезең. Мемлекеттілікті нығайту және дағдарысты еңсеру (1990 жылдардың екінші жартысы).

Үшінші кезең. Өрлеу және әлемдік дағдарыс арқылы әрі қарай алға басу (2000 жыл – 2010 жылдардың басы).

Төртінші кезең. Жаңа жаһандық ахуалда қалыптасқан мемлекет (2010 жылдар).

Осы кезеңде біздің мемлекетіміз «үштік транзитті» басынан өткерген-мыс – қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда жүйелі реформалар жемісті жүзеге асырылды делінген президенттің тарихи еңбегінде.

Формалдық тұрғыдан алатын болсақ, бұл тарихи кезеңдеумен де келісуге болады. Ресми билік көзқарасы тұрғысынан мұндай кезеңдеу, уақыттық-институттық кезеңдеудің өзіндік қисыны мен логикасы бар. Және де мұндай бөлініс, бұндай тарихи кезеңдеу күрделі тарихи-философиялық, философиялық-тарихи формулаларды ойлап тауып, оларды ежіктеп түсіндіруден, аталмыш болат-құрыштай шынығудан құтқаратын дүние. Бізге ешқандай «измдердің» қажеті жоқ деген ұстанымда жүрген президент Назарбаев үшін мұнысы заңды құбылыс. Утилитаристік философия тұрғысынан бұндай кезеңдеу әлдеқайда ыңғайлы да, пайдалы да. Себебі ертеңдері қандай күн болатынын дөп басып ешкім айта алмайды. Егер басқа да жағдайдар, басқа да пайымдар пайда болып, олар көпшіліктің қолдауына ие болып жатса, оларды басқарып, алдын алып кету үшін аса ыңғайлы саяси позиция, тактикалық ұстаным. Қанша жерден мықтымыз, кемелміз деген күннің өзінде, біз әлі де дамып, әлі де форма мен мазмұн іздеп жатқан мемлекет-ұлтпыз. Олай болатын болса, президент ұсынған тарихи кезеңдеуді аяқты, нақты, мызғымас деп те айта алмаймыз, бірақ оның тактикалық қисыны мен орындылығын да жоққа шығара алмаймыз.

Бұл – мойындалық, тек президенттің кітабына ғана емес, барша қазақ тарихы, саясаттану ғылымдарына  ортақ проблема. Тарихымыз бен тарихи кезеңдеу мәселесінде тек қазақ пен қазақ айтысып жатқан жоқ. Билік те, ғылым да ұлт пен қоғамға ортақ формула ойлап таба алар емес. Қазақтілді аудиторияға бір әңгіме, орыстілді аудиторияға екінші, мүлдем бөлек әңгіме айтып келумен келеміз. Билік пен ғылымның тарих мәселесінде сынап тактикасын пайдалануы, шындап келетін болсақ, бір жағынан, ұлттың тарихи уақытын ұрлау болса; екінші жағынан, шарасыздық, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап қалуға деген ниетінен туған сақтық. Бірақ сақтықтың да сақтығы болады. Ұлт пен қоғам ауладағы комбикормды күйсеп тұра беретін мал да емес. Оған басқамен қатар, рухани азық керек. Ұлт баспасөзі мен кітаптарынан шынайы болмысын, даму үрдісін, жаңа тарихи және мемлекеттік сананы қалыптастыратын тарихи философиясын көріп-оқығысы келеді. Егер оны билік бере алмаса, қоғам өзі-ақ жасап алады. Бұның талай қитұрқы, архаикалық үлгілерін  көріп те жатырмыз. Билік кемеліне жетіп, енді халыққа ортақ шынайы әңгіме айтуға болады деп піскен кезінде қоғамдық сананы мүлдем теріс, мүлдем жат концепциялар билеп кетпесіне кім кепіл? Асыға асықпаған да, асықпай асыққан да, айналып келгенде, асықпау болып табылады. Ленинше айтсақ, соңғы кездегі барша тарихи сананы қалыптастыру бағытындағы үдерістеріміздің бәрінің «бір қадам алға, екі қадам артқа» болып кетуі де осыдан. Жаңа тарихи не ғылыми концепцияны жаңа буын өкілдері ғана жүзеге асыра алады. Ескілікті ту еткен ұрпақтың жан-тәнімен жаңашылдыққа жүгінуі, санасын дүр сілкіндіруі дүдәмал шаруа.

Егер тәуелсіз елдің, мемлекеттің шынайы тарихнамасын, тарихи кезеңдеуін айтар болсақ, мәселе тіпті уақыттық өлшемде емес. Мәселе, ең алдымен, тарихи философия мен саяси философияда жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары  Қазақстан төрт өзгерісті, төрт транзитті, төрт түбегейлі реформаны жүзеге асыруы қажет еді.

Бірінші транзит. Отарсыздану, отарлық, құлдық санадан арылу.

Әлемдегі отарсыздану үдерісі, негізінен, өткен ғасырдың 50-60 жылдары басталған болатын. Азия мен Африка елдеріндегі бұл үдерістер әлі күнге дейін жүріп жатыр. Сол кезеңде бұл үдерістер әлемдік философия, әлемдік саясат тұрғысынан мықты зерттеліп, Біріккен Ұлттар Ұйымы дәрежесінде керемет дәйектелді. Қазақстан өз тәуелсіздігін КСРО республикаларымен қатар алды. Әлемдік саясат бұлардағы барша реформа Шығыс Еуропа елдеріндегідей болса жеткілікті деп ұйғарғандықтан, отарсыздану мәселесі ешбір саяси дискурсқа ене алмады. Таза прагматикалық тұрғыдан да өз елінде 40 пайызды құраған қазақтар о бастан бұны саяси жалау жасай алмады. Алайда «ауруын жасырған өледі» деген дана халқымыз. Отаршыл сана, құлдық сана бойымызда бар, оның зардабын тартып келеміз. Одан құтылу біздің айығуымыздың, аяқтан тік тұрып еркін тыныстауымыздың алғышарты. Мәселе біреу: осы тарихи үрдісті кім бастап, кім жүзеге асыра алады дегенге саяды. Егер билік осы мәселені қолға ала алмаса, оны қоғамның өзі істейді. Бүгінгі қоғамдық, ұлттық саясатты стихиялық отарсыздану десек те артық кетпейміз. Бұл тұрғыдан қарасақ, бүгін қазақ ұлты өзінің шынайы тәуелсіздігі үшін күрестің екінші кезеңін бастап жатыр. Бұл туралы, әрине, ресми тарихнамада ештеңе айтылмаған.

Екінші транзит. Әкімшілдік экономикадан нарықтық экономикаға өту.

Елдегі реформалардың ішінде біршама қолға алынып, істелінгені осы реформалар болды. Жақсы болсын, жаман болсын нарықтық реформа құрылды. Нарықтық экономиканың басқадан артық екеніне халық көз жеткізді. Өкініштісі, біздегі реформалардың адам мен өндіріс факторына аяусыз, аянышсыз қарап, елге жасалған неоотарлық форматта өтуіне қатысты. Елдегі нарықтық реформалар іске асты, бірақ олардың біреуін де мәңгілік, түбегейлі деп айту мүмкін болмай тұр. Экономикадағы мемлекет үлесінің артуы, кеңес дәуірінен кейінгі қауіпті көрсеткіштерге жақындауы соның бір көрінісі. Оның үстіне елдегі экономикалық реформалар кеңестік жемқорлықтың, кеңес заманында қалыптасқан партиялық бюрократия мен криминалдық топтардың бастамасымен жүруі оның моральдық және адами құндылықтарын шайып, қадірін кетірді. Бұл өз кезегінде әділеттілік мәселесін өршітіп отыр. Алдағы уақыттағы кез келген реформалар әділеттілік ұранын, факторын ескермесе, олардың болашағы баянды бола алмасы хақ.

Үшінші транзит. Тоталитарлық мемлекеттен демократиялық мемлекетке өту.

Бұл біздің ең ұятты тұсымыз. Тоталитарлық сана, айналып келгенде, барша экономикалық және саяси үдерістерге кедергі болып отыр. Шынын айту керек, еліміздің демократиялық мемлекет құра алмауы тек биліктің ғана зұлымдығынан, теріс пиғылынан ғана туындап отырған жоқ. Бүгінгі жайымыз кезінде қоғам мен билік арасында жасалған үлкен бейресми келісімшарттардың нәтижесі. Желтоқсаннан, экономикалық, әлеуметтік қиындықтардан титықтаған, азып-шаршаған қоғам кезінде барша құқықтарын биліктің қолына ұстатып бере салды. «Білгеніңді істе, тек азаматтық соғысты болдырма, күнкөрісті қамтамасыз ет» деген келісімшарттар. Бүгінгі қоғамның жасаруы, қоғамдық аренаға жаңа, тәуелсіздік ұрпағының келуі бұл келісімшарттардың күшін жоюы да ықтимал. Себебі жаңа ұрпақ үшін ата-әжелердің, әке-шешенің серттері мен шарттары азық бола алмайды. Бұл буынмен билік жаңа сертке келіп, жаңа шарт жасасуы міндет. Бүгінгі биліктің тарихта қалу-қалмауы, айналып келгенде, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына байланысты емес, оны мақтап, рецензия жазғандарға қарап отырған жоқ.

Төртінші транзит. Ұлттық мемлекет құру, қазақ ұлтын паш ету.

Қазақ ұлты мен қазақ ұлттық мемлекетін құру қажеттілігі Егемендік декларациясы мен Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңда айқын айтылған. Бірақ сол кездегі елдегі демографиялық және де басқа жағдайға қатысты жайттарға байланысты билік ұзақ жылдар бойы паллиативті, уақытша формулаларды пайдаланып, кібіртіктеп келді. Билік ресми тұрғыда «қазақстандық ұлт» қалыптастырып келсе, қазақ көпшілігі «қазақ ұлтын» ұлықтап келеді. Қоғамның пәрмені «ұлт», «ұлтшылдық» деген ұғымдарды ақтап алуға, ресми қолданысқа енгізуге жетіп отыр. Бірақ мұнымыз қай ұлт пен қай ұлтшылдық? Оның реңі мен түсі бар ма? Кім не десе о десін, ұлттық мемлекет – әлемдегі өзін-өзі дәлелдеген ең өміршең, ең мықты формат. Өз жыртығы мен тыртығын орнына келтіре алмай жатқан қазақтар үшін жалғыз ғана альтернатива, жалғыз балама – осы ұлттық мемлекет. Бәріміз қазақ болғандықтан, оның «қазақ ұлттық мемлекеті» болғаннан басқа еш жолы жоқ. Жүз жерден жаһандану жүріп жатса да, ешбір ұлттық мемлекет өзінің ұлттық болмысы мен мақсат-мұратынан бас тартып жатқан жоқ. Әлемдегі ең әйгілі  демократ, ең ғаламат космополит Соростың өзі «ХХІ ғасырдағы ең мықты және өміршең идеология – ұлтшылдық» деп жатса, біздің биліктің басқаша деуге лажы да жоқ.

Тоқетерін айтқанда, президент Назарбаев, сөзсіз, тарихта қалатын адам. Бірақ ол кісі қандай атақпен тарихта қалады деген үлкен фундаменталды мәселе бар. Ұлы саясаткер елі мен ұлтының проблемаларын жинап, қордаландырып, келесі буынға артып кететін адам емес. Керісінше, өз заманында болашақ ұрпағының мәселесін шеше алған, қатерлердің алдын ала білген адамдар ұлы саясаткер болып табылады. Олай болатын болса, президент Назарбаевтың тарихтан лайықты орын алуы жоғарыда аталған төрт транзиттің мағынасын түсініп, оны іске асыра білуіне тікелей қатысты. Оған тарихи уақыты жете ме? Бәрін бірдей, бір мезгілде істей де алмауы мүмкін, бірақ алғышартын жасауы, жасауға тырысуы ықтимал деп санаймын. Қалғаны тарихтың төрелігінде, уақыттың еншісінде.

Билікке бір кеңес: кітапты оқыту үшін оны тек мақтай беруге болмайды. Баяғыда Карл Маркс «Капиталын» жазған кезде Англияның жетекші басылымдарында алты рецензия шығыпты. Екеуі  мақтаған, төртеуі  жамандап, даттаған. Осының алтауын да бастан-аяқ жазып шыққан Маркстың досы Фридрих Энгельс екен. Билік президенттің кітабын аса өзекті, аса қажет деп ұғынар болса, шыншыл, шынайы талқылар ұйымдастыра білуі керек. Сонда кітап сатылып, оқылатын болады. 

 

Айдос Сарым, саясаттанушы

 арнайы «Жас Алаш» үшін

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.