Былтыр Алаштың 100 жылдығы аталды. Мемлекеттік деңгейде, республика аумағында тойлануы тиіс 100 жылдық әр жерде жиналыс, кездесу сипатында ғана елеусіздеу аталып өтті. Оның да өзіндік саяси себептері бар. Жә, оны қоя тұрып, айтпағымызға көшейік. 2017 жылы мемлекеттік тапсырыстың аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы 100 жылдыққа арнап «Алаш туы астында» атты деректі фильм түсіріпті. Міне, сол фильм әлі күнге жарыққа шықпай, көрерменге көрсетілмей отыр. Алаштың асқаралы ғасырлық тойы былтыр өтіп кетсе де, «Қазақфильм» асығар емес. Осының себебін білмекке ұмтылып, фильмнің режиссері Ерген Тоқмұрзинге хабарластық.

Ерген Тоқмұрзин, режиссер:

– Фильмнің не себепті жарыққа шықпай жатқанын білмеймін. Фильмнің көркемдік мақсаты – Алаш идеясының тууы, оның тарих сахнасына шығуы, жасаған қызметін ашып көрсету. Осы мақсат жолында біраз іздендік. Мәскеу, Уфа, Қазан қалаларына бардық. Алаш тарихын зерттеуші ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Дина Аманжоловалардың сұхбаттарын кірістіріп, фильмнің негізгі идеясын ашуға тырыстық. Сөйтіп, былтыр қазан айының соңы, қарашаның басында туындыны «Қазақфильмге» өткіздік. Арасында техникалық мәселелер болды, оны жасырмаймыз. Десе де, сол кезде оларда деректі киноның эфирге шығаратындай нұсқасы болды.

Бірақ «Алаш туы астында» деректі фильмі киностудияның көңілінен шықпаған. «Фильм біз күткендей болмады, айтулы датаға көрсетілетіндей елең еткізер жаңалығы жоққа тән», – дейді «Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева.

– Фильмге телеарналарда қолданылған кадрлар кірістірілген. Көрерменді тартардай жаңа, тың ақпарат жоқ. Бұған дейін түсірілген Алаш туралы деректі фильмдердің деңгейінде қалып қойған, өкінішке қарай. Негізі, бұл фильмнен көп нәрсе күткен едік. Оның үстіне аталған жұмыс былтыр желтоқсан айында қабылданды. Оған дейін кинокомпания тарапынан бірнеше ескерту жасалғанымен, оның көбі орындалмады. Сценарий кезеңінде айтарлықтай жаңалық, тартымды тұстары болғанымен, режиссерлік нұсқа фильмнің жүгін көтере алмады. Авторларға да артық сөз айтқымыз келмейді. Дегенмен Алаштың 100 жылдығына арналған жоба болғандықтан, оны абыроймен алып шығу керек еді. Қалай болғанда да фильм көпшілікке жол тартады. Жақында тұсаукесері жоспарланып отыр. Егер телеарналар қызығушылық танытып сатып алып жатса, телекөрермендер де тамашалай алады. Былтыр жалпы жиыны 21 деректі фильм түсірілді. «Алаш туы астында» – соның бірі.

Міне, кинокомпанияның уәжі. Ал сценарий авторы, алаштанушы Болат Мүрсәлім фильм мерейтойлық болғандықтан, жалпы, Алаш қозғалысына арналғанын, десе де, бұрынғы фильмдермен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі де бар екенін айтады.

Болат Мүрсәлім:

– Бұл – жеке тұлғаға емес, Алаштың тұтас қозғалысына арналған фильм, мерейтойлық дүние. Сондықтан Алаштың жекелеген тұлғаларына, сол кездегі оқиғаларға қатысты авторлық көзқарасымды көрсетпедім. «Тар ойып, кең қазуға» мүмкіндік болған жоқ. Өзіме салса, фильмді 1917-20 жылдардағы Алашорда кезеңіне арнайтын едім. Сценарийді талқылау кезінде оны айттым. Фильмнің мазмұнына жауапты екенімді сеземін дедім. Ал «Осы тақырыптағы бұрынғы фильмдерден не өзгешелігі бар?» дегенге қатысты екі нәрсені айтар едік. Біріншісі – Қазан университеті, Ресей Думасы, Смольный, Кремль сияқты Алаш тарихына қатысы бар тарихи жерлерге барып, соларды мейлінше қамтуға тырыстық. Екіншіден, «Жарияланбаған автономия» деген ІІ бөлімде Алаш автономиясын құруға ұмтылған Алашорда үкіметінің тарихи трагедиясын ашқымыз келді. «Автономия жарияланды ма, жоқ па? Алаш автономиясы өзгелер тарапынан танылды ма? Алаш қайраткерлері неге автономист болды?» деген сияқты сауалдар қойып, соған жауап іздеуге тырыстық. Алаш тарихын зерттеген алаштанушылармен түгелге жуық  сөйлестік. Фильмнің қалай шыққанына    жұрт төреші болар, әрине. Бірақ қандай сапада шықса да, қабылдап алған фильм болған соң, былтырғы желтоқсан айында көрсетілуі керек еді.

Қалың қазаққа жетпей, «Қазақфильмнің» қоржынында жатқан Алаштың 100 жылдығына орай түсірілген деректі фильмнің қысқаша жайы осындай. «Алаш туы астында» деген айбарлы аты бар дүниенің кешеуілдеп, уақытынан кешігуі  темірді қызуында соқпаған олақ ұстаның әрекетіне келеді. Бәлкім, алдағы уақытта есеп үшін тұсаукесері жасалар, там-тұмдап айтылар. Сонымен Алаш туралы тағы бір деректі фильм киностудияның мұрағатын толтыратын шығар. Өйткені деректі фильмді жарнамалау, үлкен экранға шығару, телеарналарға өткізу секілді шараларға «Қазақфильм» құлықсыздау сияқты. Көңілімізден шықпаған нәрсе көнтері болсынның кері.

Айтпақшы, деректі фильм түсіруге мемлекеттен қанша қаржы бөлінгенін сұрау салған адамдардан біле алмадық. Мемлекеттік тапсырыспен түсіріліп жатқан кинокартиналардың қаражат мәселесін алдағы уақытта қаузайтын боламыз.

Таңатар ТАҒАН

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.