2016 жылы сәуірде жер реформасына қарсы Атырауда өткен митингілерден кейін бес жылға бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді Макс Боқаев жазасын Солтүстік Қазақстан облысындағы 164/3 мекемесінде өтеп жатқалы бері бес мәрте тәртіптік жазаға тартылған.
Сейсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген М.Боқаевтың адвокаты мен құқық қорғаушылар колония басшылығының азаматтық белсендіні қайта-қайта тәртіптік жазаға тартуының астарында оны режимі қатаң ауыстыру немесе қамаудағы жаза мерзімін ұзарту мақсаты жатқан болуы мүмкін деп есептейді.

Тәртіптік жазаға тарту арқылы тұқырту
Белсендінің адвокаты А.Омарова М.Боқаев аязды күндері сыртта таңғы жаттығу жасаудан бас тартқаны үшін бес мәрте тәртіптік жазаға тартылып, оған қатаң режимдегі қамау жазасы белгіленгенін түсіндірді. Алайда, қорғаушының айтуынша, М.Боқаев шын мәнінде жаттығу жасаудан бас тартпаған. Өзіне қойылған диагноз бойынша белсенді жаттығуды сыртта жасай алмайды, сондықтан денсаулық жағдайына байланысты оны ғимараттың ішінде жасап жүрген. Алайда колония басшылығы мұны теріс тәртіп көрсетуге балап, екі тәулікке тәртіптік изоляторға қамау жазасын белгілейді. Десек те, ол күнгі ауа температурасы минус 25 градус болғандықтан, прокуратура бұл шешімнің күшін жояды. М.Боқаевтың қорғаушысы белсенді прокуратура шешімі шыққанға дейін бір тәулік тәртіптік изоляторда отырып шыққанын айтты. Тәртіптік жаза тағайындалған уақыттағы ауа райы ақпаратын сұратқан А.Омарова барлық күндері ауа температурасы минус 25 градустан төмен түскенін алға тартып, белгіленген тәртіптік жазаның барлығы заңсыз екенін тәптіштеді. Соған қарамастан М.Боқаевқа қатаң тәртіптік жаза белгіленіп, белсенді сол күндері заңгерлік кеңес сұраса да, оны адвокатымен жолықтырмай қойған. А.Омарова қорғауындағы азаматты қайта-қайта тәртіп бұзушы етіп көрсетудің астарында оны қатаң режимдегі колонияға ауыстыру әрекеті тұр деп есептейді.
Қызығы, М.Боқаевтың жазасын не себепті тұрғылықты жердегі қамау мекемесінде емес, Солтүстік Қазақстан облысындағы колонияда өтеп жатқаны жұмбақ күйінде қалыпты. «Атырау облысындағы қамау мекемесінде 162 бос орын болған. Сонда Боқаевты Атырау немесе Батыс Қазақстан облысына емес, этаппен Солтүстік қазақстанға жөнелткені жұмбақ. Мұның заңдылығын тексеру бойынша өткен сотқа қатысқан қылмыстық атқару жүйесінің өкілі бұл мемлекеттік құпия екенін алға тартып, себебін ашып түсіндіруден бас тартты», – деді А.Омарова.
Баспасөз мәслихатына қатысқан «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова М.Боқаев әпкесінің өтініші бойынша, азаматтық белсендінің медициналық құжаттарын түгел зерттеп шыққанына тоқталды. Айтуынша, Боқаев остеохондроз және С гепатитінің созылмалы ауруына шалдыққандықтан, оған ерекше диета тағайындалып, тек емдік дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдануына болады. Ал колонияда жасалатын дене шынықтыру жаттығулары оның ауруын онан әрмен қоздырып жіберуі мүмкін.
Қазақстандағы халықаралық адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис қылмыстық атқару жүйесі қамау мекемелерінде әскери режим орнатқанын жеткізді. «Сот үкімі шыққаннан кейін жазаны өтеу басталады. Ол үкімде тек бас бостаныдығынан айыру жөнінде жазылған, қамау мекемесінде жаттығу жасау туралы бір ауыз сөз жоқ. Бізде 2011 жылы әділет министрлігінен ішкі істер министрлігіне ауыстырылған қылмыстық атқарушылық жүйе әскери адамдардан тұрады. Ондағы адамдар қамау мекемесіне әскери тәртіп ендірді. Сөйтіп, әскерлен алынған ішкі тәртіп, күн кестесі пайда болды. Бірақ түрменің әскерден айырмасы, әскерге 27 жасқа дейінгі дені сау жас жігіттер алынса, түрмеге әртүрлі жастағы, денсаулық жағдайы әрқилы адамдар түседі. Бұлардың жазасы қоғамнан оқшауланумен бітуі керек еді, бірақ жүйе бұл азаматтарды қорлап, екінші сортты адам ретінде қарастырып, мүгедекке де, сау тұтқынға да бірдей жаттығу жасатады», – дейді Е.Жовтис.
Жиынды қорытындылаған А.Омарова М.Боқаевқа белгіленген тәртіптік жазаның үстінен шағым түсіргенін, ол жақын уақытта сотта қаралатынын жеткізді.
З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.