Атырау дәрігерлері минутына 1 науқасты қарап жүр

200

Атырауда вирусты инфекция асқынып, дәрігерлер ұйқы көрмей жүр.

Тұмаудың көбеюінен жедел жәрдем қызметіне жүк салғаны байқалады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда «103» қызметіне жүгінгендер саны екі есеге артып, тәулігіне 870-970 қоңырауға дейін жеткен. Өткен аптаның ішінде ғана Атырау облысында 327 жедел респираторлы ауру тіркеліп, 141 науқас ауруханаға жатқызылған, оның ішінде бір жасқа дейінгі 40 сәби бар, тағы 26 пациенттің өкпесі қабынғаны анықталыпты. Қыстан дертке ұшырамай, қиналмай шығудың бірден бір жолы – екпе алу болып отыр. Қазірде облыста 70 мың 615 адам екпе алған десек, ол барлық халықтың тек 12 пайызын ғана құрайды.

         Атырау қалалық жедел медициналық көмек стансасының бас дәрігері Гүлнәфис Таңбаеваның айтуынша, мұндағы ақ халаттылардың сағатына 60 адамға дейін қызмет көрсеткен күндері болған.

Қазірде сұраныстың көптігі ескеріліп, мәселенің техникалық жағын шешуге баса көңіл аударылып отыр. Жыл басынан бері екі басқару пульті іске қосылып, енді олардың саны беске жетті. Алдағы уақытта тағы екеуін қосу жоспарда. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, Қазақстандағы жедел дәрігерлік көмек қызметтері ортақ жүйеге көшіп, тұрғындардан келіп түскен шақыртулар  автоматтандырылған диспетчерлік ақпарат жүйелері арқылы бақылануы тиіс. Жаңа жүйе ауылдық жерде тұратындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады деген сенім бар. Осыған байланысты жұмыстар Атырау облысында да жүруде.

         Жыл сайын жаңалығы көбейіп отыратын саладағы тағы бір өзгешелік – бұдан былай жедел жәрдем шақыртқан науқастар үш топқа бөлініп қарастырылады. Оның біріншісі – өміріне аса қауіп туып тұрған жандар, оларға дәрігерлік көмек он минут ішінде жетуі тиіс. Екінші топтағылар да қиын жағдайда деп есептеледі, «103» қызметінің оларға жету уақыты – 15 минутқа дейін. Үшінші топқа бөлінген пациенттердің денсаулық жағдайы тым ауыр саналмайды, сондықтан, оларға жарты сағат ішінде жетуге болады. Сондай-ақ, парамедик, яғни, жедел дәрігерлік көмек саласына маманданған орта буын мамандарын даярлауға көңіл бөлінуде. Мұнайлы аймақта олар Атырау медициналық колледжінде оқытылады. Белгілісі, парамедик деген термин мен қызмет бізге Америкадан жетіп отыр.

         «Оларда анадай бар, мынадай бар» деп дамыған елдерге көз тігіп, аттай қалап алған реформалардың қандай да бір жемісі жайлы айту әзірге ертерек. Тың немесе қазіргі тілмен айтқанда «креативті» идеялардың қолданысқа әбден еніп кеткенше жұртты әбігерге түсіретін кездері де болып тұрады. Жақында ғана Атыраудағы аталмыш станса басшылығы бір жағдайға байланысты ақпарат құралдарына түсініктеме берді. Көшеде құлап жатқан азаматқа көмектеспек болып, «103» нөміріне қоңырау шалған тұрғын Ақтау қаласына түсіп кете береді. Сөйтсе, ұялы телефон операторларының қызметінде ақаулар шыққанда мұндай жайлар кездесіп тұрады екен. Әзірге «көштің жүре түзелеріне» сенгіміз келеді.

Құралай ҚУАТОВА

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.