7 ақпан күні Алматының Алмалы аудандық сотында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры, «пара алуға әрекеттену» айыбы тағылған Ерлан Біләлге қатысты сот процесі аяқталды.

Судья Қуаныш Әріпов Ерлан Біләлді Қылмыстық кодекстің 24-бабының үшінші тармағы (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 366-бабының екінші тармағы (Пара алу) бойынша айыпты деп танып, 52,5 миллион теңге айыппұл салу, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасын кесті. Сот бұған қоса «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс жасады.

Судья айыппұл салу түрінде жаза тағайындағанда тергеу кезінде Ерлан Біләлдің әріптестері оған «жақсы жағынан мінездеме бергені», сотталушының кәмелетке толмаған балалары бары және отбасынын жалғыз асыраушы екені, «қылмысына өкінгені» ескерілгенін айтты.

Судья Біләлге бір ай ішінде айыппұлды төлемесе, үш жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін екенін ескертті.

Осыған дейін айыптаушы прокурор Ерлан Біләлді Қылмыстық кодекстің 24-бабының үшінші тармағы және 366-бабының  екінші тармағы бойынша айыпты деп санап, 90 миллион теңге айыппұл салуды, мемлекеттік наградалары мен атақтары: «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», «Жастар одағы сыйлығының лауреаты» атақтарынан, «Құрмет» орденінен, «Момышұлы атындағы «Намыс» медалінен, мемлекеттік қызметте басшылық ету құқығынан өмір бойына тыйым салуды сұраған еді.

Биыл қаңтар айының басында «пара алу сәтінде қолға түсті» деп хабарлаған Ерлан Біләлдің айыбын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қылмыстық кодекстің 24 бабының («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») 3-тармағына жатқызған еді. Агенттік «Кінәсін толық мойындағанына байланысты театр директоры тұтқындалған жоқ. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр» деп хабарлаған.

Тергеу дерегінше, Ерлан Біләл «Сезам» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісінен жаңа жылдық театр қойылымдарын бірге өткізу туралы келісімге қол қою үшін пара бопсалау күдігіне ілінген.

Істің мән-жайы анықталғанға дейін Ерлан Біләл театр директоры қызметінен шеттетілген еді.

 

 

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.