Осы аптаның аяғында, қасиетті жұма күні Астанада үлкен «педсовет» өтпек. Рас болса, бұл жиында үлкен өзгерістер болмақ… Содан ба, осы жиынға қатысатын лауазымды «мұғалімдердің» барлығы дір-дір етіп, нән директордың қаһарына ұшырап, сағатымыз қысқарып, жұмысымыздан босап қаламыз ба уайым жеп жүр. Тіпті «завучтың» өзі де ауысып кетуі мүмкін деген әңгіме айтылуда. Кім біледі, оқу меңгерушісінің креслосына қызығып жүргендер көп қой. Мектепте өтетін концерт сайын «Атамекен-ай» деп ән салып жүрсе де, бір бұрыштан буфет ашып, әбден ақша істеп, оңашада оқушыларға сауда-саттықты үйретіп қоятын Темір ағай сол орыннан дәмелі деп естіп қаламыз… Өзі де директорға жақын туысқан болып келеді. Содан ба соңғы кездері оқу меңгерушісінің өзіне ақыл айтатынды шығарған. «Завуч» ағай Темір ағайдың тәтті шайын ішіп жүрген соң ұяла ма, әлде қанша дегенмен ақшасы көптің мысы баса ма, әйтеуір, бірдеңе деп үндей алмайды. Тек әдемі жымиып күледі де қояды…
Төріне Жамбыл жәкеміздің портреті ілінген, бірақ ішіне негізінен химия пәнінің құрал-жабдықтары орналастырылған кең кабинеттің қожайыны Кәрім ағай жақында ғана жұмысынан босап, кеше ғана көрші қырғыз еліне тәжірибе жинақтап келуге жіберілгенін барлығыңыз білесіздер. Сондықтан химия кабинетінің жаңа қожайыны Асқар ағайға әл-әзірге төнген қауіп жоқ сияқты.
Мектебімізде зейнет жасына толса да директормен қарым-қатынасы жақсы болуының арқасында жұмысын жалғастырып жүрген үш-төрт мұғалім бар еді. Рас болса, осы жолы Бердібек, Даниал, Амандық ағайлар бейнетінің зейнетін көретін болып, орындарын жастарға беретін сияқты. Егер шынында зейнеткерлікке шығып жатса, олардың орнына кім баратынын әзірге директор ғана білсе керек.
Мектептің теріскей жағында орналасқан спорт залдың «бастығы» Құмар ағай бұл қызметіне былтыр ғана келді. Келгеннен хоккей ойнап, шайба қуып, төңірегіндегілердің бәрін діңкелетіп бітті. «Көмір тамның» «қарауылы» Ерлан ағай, табиғаттану пәнінің мұғалімі Мәлік ағай, алып бассейннің «қожайыны», балаларға жүзуді үйрететін бапкер Ералы ағайдың да мектептен бір-бір кабинеттің кілтін алғандарына көп болған жоқ қой. «Бітірген түктерің жоқ» деп, директор ағай ашуланып, ауыстырып жібермесе, әл-әзір сол жұмыстарын жалғастыра беретін сияқты. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Әсет өткенде ғана директордың қолынан «Жыл үздігі» деген мақтау қағаз алған. Сондықтан ол өспесе, өшпейді. «Дипломмен ауылға» деп кеп қалған жас маман, бастауыш сыныптың мұғалімі Алтайдың да о баста келісім-шартқа отырған мерзімі әлі бітпеген сияқты. Азаннан-кешке дейін апорт жеп, алманы жарнамалаудан шаршамайтын биолог Бауыржанның да директордың алдында мерейі үстем. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жансейітті қайдам, бірақ, экология пәнінің мұғалімі Қырымбек пен география пәнінің мұғалімі Нұрлан енді ғана пісіп, сабағынан үзілейін деп тұрған қызыл алма сияқты ғой. Кез-келген уақытта ауысып кетуі мүмкін.
Керекуден келген Болаттың заңгер және экономист деген екі дипломы бар екен. Директор оны сондықтан құқық және экономика негіздері пәнінің мұғалімі етіп жұмысқа қабылдаған. Алайда қырып-жойып бара жатқан түгі жоқ. Бұл «педсовет» оған ауыр тиюі мүмкін.
Айтпақшы, бұл жолы мұғалімдерден гөрі лаборанттарға көбірек таяқ тиетін сияқты. Рас болса, ең білімді деп саналатын Ерлан, ең мәдениетті Арыстанбек, мектептің «электрик» Қанат, бухгалтер Бақыт… ауыса ма, жоқ па, оны сол «педсоветтен» кейін білесіздер…

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.