Саяси алаң бар, саяси партия қайда?

378

Сырым Әбдірахманов есімді қоғамдық белсенді «Алаш» Халықтық Социал-Демократиялық партиясын құрамын деген мәлімдеме жасағалы біраз уақыт болып қалды. «Алаш» брендін пайдаланып, партия құруға талпыну оқиғасы тәуелсіз Қазақстанда осымен екінші рет болып отыр. Бұған дейін «Азат» қоғамдық қозғалысынан бөлініп шыққан белгілі қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Сәбетқазы Ақатай марқұм осы атаумен ұлттық-демократиялық партия құруға ниеттенгені мәлім. Алайда, ол «Алаш» ресми тіркеуден өтпеді.

Бұл «Алаштың» тағдыры қалай болары әзірге беймәлім. Дегенмен, оның бастамашысы Сырым Әбдірахманов осы Жұма, яғни 2 ақпанда өзінің фейсбук парақшасында болашақ партияның бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Билікпен конструктивті диалог құрамын деген ол центристік бағытты ұстанатынын мәлімдеп отыр.

Әзірге фейсбук әлеуметтік желісінде болашақ құрылуы мүмкін партияның «Алаш» атын иеленуіне қарсылық танытып, біраз қоғам қайраткері үн қатқан екен. Ал жалпы партияның тіркелуі-тіркелмеуі, болашақта әлеумет тарапынан қолдауға ие бола ма, жоқ па, бұл жайында пікірталастар байқалмайды.

Жалпы Қазақстанда саяси партиялардың белең алған тұсы – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1991-1998 жылдары және 2004-2010 жылдар аралығы. Өкінішке қарай, бұдан кейін саяси партиялардың үні құмыға бастады, ал соңғы 5-6 жылда мүлдем естілмейтін болды.

Кезінде  «Саяси партиялар» туралы конституциялық заң қоғам тарапынан ерекше талқыланғаны есімізде. Заңдағы қатаң талаптарға қарамастан 2005 жылы Қазақстанның саяси алаңында 12 партия бой көтерген еді. Саяси сарапшылар партиялар арасындағы саяси тартыстың дәл осы 2005 жылғы Парламент сайлауы кезінде қызғандығын айтады. Бұл кезде Парламенттің Мәжілісіне сайлау әлі де мажоритарлық тәртіппен жүргізілетін. Партиялық тізімге тек он орын ғана берілген. Сайлаушылардың қолдауына ие болған, «Ақ жол» және «Асар» партияларының өкілі Мәжіліс төрінен орын алған болатын. Қолда бар ресми деректерге үңілсек, сол жылдары «Ақ жол» партиясына сайлаушылардың 40 пайызына дейін дауыс берген өңірлер болған (әсіресе, батыс және оңтүстік өңірлер). Яғни, қоғам саяси өзгерістің болғандығын сол кездің өзінде қалаған. 2007 жылы мерзімінен бұрын тараған Мәжілістің келесі шақырылымы тек партия мүшелерінен жасақталатын болды. Бұл Мәжіліс тек бір партиядан, «Нұр Отан» партиясынан жасақталғандықтан, ол да мерзімінен бұрын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Мәжіліске 2016 жылы өткен соңғы сайлауда Қазақстанда ресми тіркелген жеті партияның қалғаны белгілі болған. Олар: «Нұр Отан», «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Ақжол» демократиялық партиясы, «Қазақстан коммунистік халық партиясы», «Азат» демократиялық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Соңғы бір жылда ол тізім тағы бір партияға азайған.  Қазір бұл партиялардан қайсысының үнін халық көбірек естиді? Енді екі жылдан кейін өтетін саяси додаға қаншалықты дайынбыз? Мәжіліс төрінен орын алған үш саяси партияның саяси әлеуеті қандай?

Шын мәнісінде, саяси сарапшылар  Мәжілістегі партиялардың шынайы бәсекелес негізінде жеңіске жетпегендігін айтады. Халықаралық қауымдастық алдында демократия талаптарына жауап беретіндігін дәлелдеу мақсатында, билікпен жиі текетіресе бермейтін, конструктивті бағытты ұстанатын екі партия өкілдеріне бата берілген көрінеді. Қазір саяси аренада «Нұр Отанның» ізін ала, «Ақ жол» партиясының белсенділік танытып қоятыны бар. Ол қазақ электоратының көңілін аулау мақсатында «Алаш» идеясының ізбасарымыз деп мәлімдеп, «Алаш» атын жамылып, біраз шаралар да ұйымдастырып жүр. «Алайда олардың іс әрекеттерінен «Алашорданың» ту еткен мақсат-міндеттерін көріп отырған жоқпыз. «Алашорданың» өз алдына қойған нақты бағдарламалары болды. Олардың ешқайсысы «Ақ жолдың» күн тәртібіне енген жоқ. Осы уақытқа дейін алаштықтардың алдына қойған мақсаттарының ішінде орындалған бір ғана мәселе болды. Ол – жеке мүфтият құруға қол жеткізу. Басқа ешнәрсе жүзеге аспаған. Мәселен, земство, жергілікті өзін өзі басқару, бастауыш сыныптағы оқудың бәрінің қазақша болуы, сот ісінің қазақшаға көшуі, ол да нақты істе көрініс таппады. Демек, бағдарламадағы 7-8 баптың орындалғаны біреу ғана». (Дос Көшім. «Еуразиялық экономикалық одақ саяси тәуелсіздігімізге соққы болмай ма?», 05.02.2015).

«Халықтық коммунистердің» серкесі Владислав Косаревтің де үні анда-санда естіліп қалады. Алайда, елдің саяси өміріне белсенді араласып кете алмағандығы айқын. Демек «Нұр Отаннан» өзге партиялардың үні шықпайды. Әрі белгілі бір шешімге қарсы тұра алатындай, жеке фракция құра алатындай дауысқа ие емес. Яғни, Қазақстандағы  демократия батыс демократтары жиі айта беретін декларативті демократияға айналғандығын бүгінгі саяси алаң дәлелдеп отыр. Былай қарасаң, демократияға тән барлық құрылымдар, қос палаталы Парламент, баламалы сайлаулар жұмыс істейді. Алайда, бұл құрылымдардың жұмысы да өз деңгейінде емес.

2016 жылғы Президент және Мәжіліс сайлауы бізге бір нәрсені анық көрсетіп берді. Ол – кадр тапшылығы, саяси тұлғалардың жоқтығы. Демек, Қазақстанның саяси алаңы бос тұр. Бір кездері бүкіл саяси аренаны жаңғыртқан аты дардай, атағы таудай партиялардың бүгінде үні неге құмығыңқы? Қазақстан оппозициясы неге беделді саяси күшке айнала алмады? Осыдан он жыл бұрынғы «Ақ жол» партиясы мен қазіргі «бизнесмендер мен олигархтардың партиясына айналып, аты бар да, заты жоқ күшке айналған «Ақ жолдың» арасы неге жер мен көктей болып кетті.  Кезінде атынан ат үркетін «Азат» ұлт-азаттық  қозғалысының атауынан ребрендинг жасаған «Азат» партиясы жайында неге ештеңе естімейтін болдық? Оппозициясы күшті елдің саяси алаңы да күшті болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өкінішке қарай, біздің билік бәйгені шаппай бер дейтіндей күй кешуде. Қарсылас жоқ. Жеке дара көмбеге өзі кетіп барады. Алайда, сарапшылар бұның арты жақсылыққа апармайтынын айтады.

Саясаттанушы Расул Жұмалы «азаматтардың еркін өмір сүру және  мемлекеттік органдардың іс-қызметіне бақылау жасауға деген талпынысы, әділ сайлаулар арқылы, тәуелсіз БАҚ арқылы, соттар арқылы өз пікірін ашық айту мүмкіндігіне ие болуға деген арманы күн өткен сайын артып барады. Бұл тілекті бүгінгідей жасанды партиялар емес, шынайы либерал-демократиялық партиялар арқылы қанағаттандыруға болады», — деген ойда.(На какие политические партии существует общественный запрос в Казахстане?  «CentralAsiaMonitor», 01.02.2018).

Өкініштісі сол, биліктегі саяси технологтар халықтың шынайы сұранысын бағамдай алмай отыр. Сол себепті де, кез келген либералдық құндылықтарға негізделген партиялар билік тарапынан тұншықтырылып келді. Сол себепті де, бүгінгі саяси алаң бос тұр. Бұл саяси дағдарыстың басы боп жүрмесіне кім кепіл?

 

Есен БАЙНҰР

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.