Біртанов дәрігерді қылмыстық жазадан не үшін қорғамақ?

201

Құдай біледі, денсаулық сақтау саласының айқай-шуы ешқашан да басылмайтын шығар, сірә. Қайта соңғы кездері тіптен өршіп кеткендей ме, қалай өзі… Теледидарды қосып қалсаң да, газетті ашып қалсаң да, медицина саласының мәселесі жарқ ете қалады. Бұған дейін де талай министрлер медицинаның мәселесімен білек түріп айналысқан. Бірақ министрлер кетті, мәселелер сол күйі қалды.

Енді қазіргі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та «көтере алмас шоқпарды беліне байлағандай» осынау қаптаған мәселелердің ішіне күмп беріп көміліп, бұрынғылардың салған соқпағымен әрең ілбіп келеді. Орта жолда тосылып қалған бір ғана міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың әлегі Біртановтың бар күш-қуатын сарқып алып қойғандай… Әйтеуір, Біртановта жұмысқа деген баяғыдай құлшыныс жоқ сияқты. Қанша дегенмен аурухана, емханалардағы ұзақ-сонар кезек, дәрі-дәрмек дауы, ауылдық жерлерде дәрігер мамандардың жетіспеуі, қаржыландырудың төмен деңгейі және осы мәселенің бәрі күн сайын, сағат сайын айтыла беруі, үкіметке барса да, парламентке барса да тек сын, ұрыс есту – осының бәрі министрдің жүйкесін жүндей түткен сықылды.

Президент қаншама мәрте қадап тұрып айтып, қатаң бақылауға алса да, жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек аймақтарға әлі де жақсы жетпей жатыр. Бұл мәселемен айналысатын «СК-Фармация» ЖШС-нің басынан дау кетпей, әлі күнге өз міндетін толық атқармауда. Жеңілдетілген дәрі-дәрмекті негізінен балалар, мүгедектер, зейнеткерлер, созылмалы ауруы бар науқас жандар алады. «СК-Фармацияға» дейін дәрі-дәрмекті жеткізу ісі облыстық мәслихаттың деңгейінде шешіліп, аймақ басшылары тез арада жеткізілуін қадағалайтын. Ал қазір дәрі-дәрмектің дауы көтеріле қалса, жергілікті биліктің оны тез арада шешуге ешқандай мүмкіндігі жоқ.

Мәжіліс депутаты Г.Бижанованың айтуына қарағанда, фармацевтика саласындағы бағалар тіптен аспандап кеткен. Мысалға, қатерлі ісік ауруына қарсы қолданатын «Фазладекс» дәрісі Түркияның дәріханаларында біздің валютаға шаққанда 61 982 теңге тұрады екен. «СК-Фармация» осы дәріні 205 275 теңгеге сатып алып, ол біздің дәріханаларда 298 996 теңгеге саудаланады. Сонда бұл дәрі өзінің о бастағы бағасынан 482 пайызға қымбаттап отыр деген сөз. Осылайша кейбір дәрілер өз бағасынан 550 пайызға дейін қымбат сатылады. Өйткені осынау тауар белгісінің иелері дәрі-дәрмекті басқа елдерге қарағанда Қазақстанға өте қымбат сатуға дағдыланып алған. Бәлкім, о баста ақшаның бетіне қарамай қымбатқа сатып алып, дәніктіріп қойған өзіміз болармыз?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты мақсаты  қаржыландырудың жаңа моделін ендіру арқылы медициналық көмектің жоғары сапасы мен медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету еді. Бірақ медициналық сақтандыру 2020 жылдан бастап толық іске асырылатын болды.  Егер тағы да кейінге шегерілмесе, әрине.

– Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық медициналық мекемелер келісімшартқа отырып, осы қор арқылы қаржыландырылмақ, – дейді үкімет жетекшісінің орынбасары Е.Досаевқа жолдаған сауалында сенат депутаты Ольга Перепечина. – Осыған байланысты биыл медициналық мекемелер өткен жылы қаржыландырылған көлемнің 80 пайызын ғана алды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысындағы мекемелердің қаржысы 25-тен 45 пайызға дейін қысқарып кеткен. Бұл медициналық қызмет көрсетуді ғана емес, осы саладағы жұмыс орындарының да қысқаруына алып келеді. Осыған байланысты жедел жәрдем, психиатрия, наркология, туберкулезге қарсы қызмет сықылды салаларда басталып кеткен реформа, әсіресе ауылдық жерлерде адамдардың түсінбеушілігін туғызуда. Жыл басынан бері медициналық қызметтің тарифі әлі күнге нақтыланбады, дәрі-дәрмекті жеткізу кешеуілдеуде. Мұның бәрі медициналық қызметтің сапасына кері әсер ететіні анық. Ал мұны шешуге ешқандай қауқары жоқ жергілікті билік ақыр аяғында осыған өздері жауапты болып шығады.

Соңғы жылдары науқас жандардың ауруханаға жатып, уақтылы ем алу ісі де тіптен қиындап кетті. Негізі, Қазақстан азаматы қай кезде, қай медициналық мекемеде ем алам десе де өз еркі, өз құқы емес пе? Сапалы ем алуға бәрі құштар. Бірақ қалай?

–2013 жылы денсаулық сақтау министрлігі «ақша науқастың соңынан жүреді» деген ұстаным бойынша жұмыс істейтінін мәлімдеді, – дейді сенат депутаты Дулат Құсдәулетов. – Бұл өте жақсы ұстаным еді. Бірақ бұл әлі күнге тек қағаз жүзінде ғана орындалып келеді. Сапалы медициналық қызмет көрсететін емдеу орындарына жолдама алу мүмкін емес. Тіпті ауруы асқынған жандардың өзі денсаулық сақтау саласының арнайы мекемелерінде емделуге қолдары жетер емес. Мысалға, тұратын мекенжайы бойынша республикалық диагностикалық орталықтың кардиологына немесе басқа да мамандарына қаралу үшін бір ай күтуің қажет. Сосын ғана Call-орталыққа телефон шалып, дәрігердің қабылдауына жазыласыз. Ал маман қорытынды бермей, науқасты мекенжайы бойынша «порталға» тіркемейді. Қазақстанның басқа аймақтарында бұл жағдай тіптен қиын. Науқасты «порталға» қою медицина қызметкерлеріне бұл істі саудаға айналдыруға мүмкіндік берді. Ал өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді жауапқа тарту тіптен мүмкін емес. Осыдан кейін еліміздегі емдеу мекемелері науқастарды ақылы түрде ем алуға немесе ұзақ уақыт күтіп, жағдайы әбден нашарлаған кезде ғана жедел жәрдем көлігімен ауруханаға түсуге мәжбүр етеді.

Жақында ғана медицина саласының мәселесі талқыланған жиында мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың даусы тым ащы шықты.

– Жаңа ғана денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртановтың баяндамасын тыңдадық, – дейді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов. –Маған министр ертегi айтып жатқан секiлдi болды. Неге? Өйткенi цифрландыру болу үшiн денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды бiз жақсы, жоғары интернет байланысына қосуымыз керек. Ал ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң айтуынша, бұл 2022 жылы ғана жүзеге асады. Онда да қаражат болса… Сонда бұл цифрландыру кiмге жүргiзiледi? Мысалы, өңiрлердi алып қарайтын болсақ, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары бар-жоғы 14-43 пайыз ғана интернет жүйесiне қосылған. Сондықтан бiрiншi кезекте осыны шешуiмiз керек. Құрметтi министр, сiзге айтарым, аспанға қарап жұлдызды санағаннан гөрi жердегi тiршiлiкке дұрыс көзбен қараған жөн секiлдi.

Расында, ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы әлі күнге нашар. Қазiргi таңда Қазақстан бойынша 2124 жедел жәрдем көлiгi бар десек, соның 36 пайызы, яғни 770-i ескi. Өткен ғасырда шығарылған көлiктер бар. Нұртай Сабильяновтың айтуына қарағанда, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылындағы аурухананың жөнделмегенiне 25 жыл болған. Ал Үржар ауданының орталығында мүлдем емхана жоқ, тек үш дәрiгерлiк амбулатория қызмет көрсетедi. Оның бiреуiнiң ғимараты да жоқ.

Әр жаңа жылды, әр жолдауды асыға күтетін жандардың бірі – осы дәрігерлер. Өйткені әр жолдау медицина саласының қызметкерлерін жарылқап тастайды. Тек биылғы жолдау ғана бұл сала қызметкерлерінің шекесін қыздырмады. Дегенмен де ақхалатты жандардың болашақтан үміттері зор. Бірақ осы аптада мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова жалақыға байланысты бір мәселенің шетін шығарды. Президент тапсырмасы бойынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі ендіріліп, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақылары орташа есеппен алғанда 28 пайызға өскен болатын. Алайда Гүлжан Қарағұсова ақхалатты жандардың айлығы өскен жоқ, керісінше, қысқарып кеткен деп отыр.

Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласы еңбеккерлерінің жалақысы 0,7 пайызға ғана өскен, – дейді мәжіліс депутаты Г.Қарағұсова.  – Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 4,3 пайызды ғана құраған. Яғни денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақылары өскен жоқ, керісінше, кеміп кеткен.

Қалай айтса да, денсаулық сақтау саласының мәселесі шаш етектен. Елімізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреген осынау 26 жылдан астам уақыт ішінде медицина саласы талай реформаны бастан өткерді. Бұл салаға талай министрлер басшылық етті. Тіпті қайбір жылы медицина саласына ешқандай қатысы жоқ Ерболат Досаев та жетекшілік жасап, соңында тау-тау проблема қалдырды. Енді, міне, осы саланың білгірі деген Елжан Біртановтың да бұл салада тындырып тастағаны шамалы болып тұр. Сол баяғы дау, сол баяғы айқай-шу, сол баяғы жыл сайын қайталанатын мәселелер… Қалада да, далада да медицина саласына көңілі толмайтындар көп. Шынында, Біртановтың жұмысы тек қағаз жүзінде ғана жақсы сияқты. Ал аймақтарға барсаң, медициналық қызметтің сапасынан шошып кетесің. Тек «дәрігердің қолына түсіре көрме» деп күбірлегеннен басқа амал жоқ. Айтпақшы, осы күбір министрдің құлағына жетсе керек, қайбір күні Е.Біртанов «дәрігерлердің де қателесуге құқығы бар, сонысы үшін оларды қылмыстық жазаға тартып керегі жоқ» деп шықты. Біртанов бұл сөзді не үшін айтты? Былай қарасаңыз, қарапайым дәрігердің тағдырына алаңдап, болашағына шырылдап отырған министр сияқты. Бірақ шын мәнінде солай болса, онда Е.Біртанов дәрігердің мәртебесін көтеру керек деген өте қажетті мәселені неге қозғамайды? Сірә, қазіргі денсаулық сақтау министрінің мұндай сөз айтуға дәрмені жетпейтіндей. Әйтпесе мәртебесі жоғары дәрігер науқасты өлтірмей, емдейтіні айтпаса да түсінікті ғой.

Оралхан ДӘУІТ

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.