Классик «Күлкі ең алдымен шынайылықты талап етеді» депті ғой. Олай болса, күлер алдында жылап тұрып бір шындықты айтайын.

Елімізде саяси ода деген қиын жанрға қаймықпастан қалам тартып, сарай поэзиясының ішкі заңдылықтарын сұмдық меңгерген, алдынан дау, аузынан сөз кетпейтін бір ақын пайда болыпты.

«Құласаң, нардан құла» дегендей, ол «бісмілләсін» анау-мынау емес, президенттің өзінен бастапты. Оның образын сомдап, оған арнап жыр жазды.

Бірақ кейіпкерінен тиісті реакция болмаса керек. Сөйтіп, ол президенттің туыс-жұрағатын өз шығармашылығына арқау ете бастапты. Президенттің әкесі мен шешесі, қала берді, қызы Дариғаға ақжарқын әрі ақкөңіл арнаулары да қазіргі заманғы қазақ поэзиясының тарихына жазылды-ау (бірақ қандай әріппен жазылғаны белгісіз).

Кейбіреулер жаңа тұрпаттағы ақынның талантына, стилі мен шеберлігіне күмән келтіруі мүмкін. Бірақ философиялық әрі өркениеттік тұрғыдан алғанда бұл жігіттің жағымпаздық жанрындағы «жыр жауһарлары» президентке арналған небір атақты, кәсіби ақындардың өлең-поэмаларынан еш кемшілігі жоқ. Барлығының артында бір тілеу, бір ниет, бір мүдде, бір мақсат жатыр. Таланты мен білімінің деңгейі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ түпкі себебі мен стимулы бір.  Желтоқсан не Жаңаөзенді жырлаған басқа ақындар емес, нақ осы жалбақтар мемлекеттік марапаттар мен сыйлық алып жатқаны бұл жәркелеш жанрдың өлмейтінінің, одан әрі дамып, кемелдене түсетінінің мықты кепілі.

Енді, міне, бұл азамат поэзияны былай қойып, саяси теорияға,  мемлекет құрылысының стратегиясы мен тактикасын анықтауға көшті. Жай көшіп қана қоймай, елді елең еткізер «тың» идея тастап, Айды аспанға бір-ақ шығарды.

Оның ойынша, Қазақстан монархиялық жолмен дамуы керек.

Мәссаған, безгелдек!

Өз кейіпкерінің монархиядан мүлдем ада, демократиясы дамыған мемлекеттерге сапар шегуін мақтан ететінін, билік тармақтарының тепе-теңдігі туралы жар құлағы жастыққа тимей айтып жатқанын арнау авторы білмей ме екен?! Президеттің рухани мұрасынан, саяси ұстанымынан мүлдем бейхабар ма?

Әрине, монархияға көшу туралы бастама бұған дейін де көтерілген. Естеріңізде болса, президенттің күйеубаласы Рахат Әлиев ҰҚК басқарып, қылышынан қан тамып тұрған кезінде осындай ой тастап, елді бір дүрліктіріп еді. Кейін ол ойы сиырқұйымшақтанып, заңды жалғасын таппай, ақырында із-түзсіз қалды. Сөйтсек, оның ісін жалғастырушылар арамызда жүр екен ғой.

«Мұның бәрі  далбаса, ауыл әулекісінің әңгімесі болар, оған соншалықты көңіл бөліп  не керегі бар?» деп тақырыпты жылы жауып қоюға да болар еді. Бірақ, қарап отырсам, жағдай ушығып бара жатқан секілді: белді-белді ақпарат құралдары осы оқыс та одағай оқиғаға кәдімгідей мән беріп, жан-жақты талқылап жатыр. Рас, өзін-өзі сыйлайтын, абыройлы басылымдар бұл бастаманы о бастан мысқылдап, әжуалап, автордың артын біршама ашып тастағандай. Бірақ оны түсініп жатқан ол пақыр жоқ сияқты: шығармашылығы мен саяси белсенділігін одан сайын үдетіп бара жатыр. Тоқтайтын түрі жоқ.

Әншейінде президентке қатысты кез келген жарияланымға сол мезетте жауап беретін оның көмекшілері де үн-түнсіз. Әлде «осы идеяны қоғам қалай қабылдар екен?» деп әліптің артын бағып отыр ма екен?

Сонымен, онсыз да «Назарбаевтан кейінгі Қазақстан қандай болмақ?»  деп басы қатып отырған қоғамға осынау оғаш ой тасталуының түпкі себептері неде жатыр?

Бәлкім, жас ақын көз ашқалы қазіргі президенттен басқа басшы көрмегендіктен осылай ойлап отыр ма?

Меніңше, оның негізінде біздің биліктің айнымас салт-дәстүріне, күнделікті қызметінің мәні мен мазмұнына, мақсат-мүддесіне, қала берді, бүткіл мемлекеттік саясаттың ұстынына айналған жеке басқа табынушылық пен жағымпаздық жатыр.

Иә, иә, біздің жүйеде табысқа жетудің ең тиімді әрі оңай жолы мен құралы осы жағымпаздық боп алды. Бұл заманның жарысында жан-тәнімен беріліп жұмыс істеген емес, жалбақтап, жәркелештенгендер жеңетін боп кетті. «Асқақтаған амалшыдан аяңдаған адалдық озады» деген қағида далада қалды.

Өйткені монархия идеясының түбінде бір адамның, оның ұрпақтарының басқалардан ерекше жаратылғаны туралы теория жатыр емес пе? Одан асқан қандай мақтау, мадақтау қажет?! Оның үстіне династиялық билік формасы кез келген басшының үрім-бұтағының болашағын баянды етіп береді. Не ішіп, не жеймін деген уайымы болмайды, төрт құбыласы түгел болады. Әрбір автократ билеушінің басты арманы да сол емес пе?!

Қоғам мен билік даму бағыттары қандай боларын білмей, басы қатып, әбден дағдарып тұрған алағай-былағай сәттерде осындай саяси шарлатандар пайда болып, кез келген абсурдтық, ақылға мүлдем қонымсыз идеялар жүзеге асып кетуі әбден мүмкін. Нағыз қауіп сонда.

Шындығында да, біздің саясаттың бел ортасында жүрген тұлғалардың көбісі постназарбаев кезеңіне бастап апарар транзитті күте-күте сарғайып кетті-ау. Мемлекеттің даму жолы туралы қоғамдық пікір қазаны бұрқ-сарқ қайнап, неше түрлі болжамдар айтылып жатыр. Ал санадағы анархия мен болмыстағы монархия арасы – бір қадам.

Екеуара сөйлескенде билік басындағылардың біразы: «Әбден шаршап кеттік. Ертең президентпен алда-жалда бір нәрсе боп қалса не істейміз? Билік басына кім келеді? Оған біз жағамыз ба, жақпаймыз ба? Президент көзі тірісінде мұрагерін тағайындап кетпей ме? Біз болсақ соған бас ұрып, ант беріп, аяғына жығыла салар едік. Ол да тыныш, біз де тыныш боламыз», – деп жатады. Бұл уәждеріне беттері былш етпей: «Ел де тыныш болар еді», – дегенді қосып, өздерінше кепілдік беріп қоятынын қайтерсің. Неткен сорлылық! Неткен бейшаралық! Неткен шарасыздық десеңізші! Осындай құлдық санасы бар бастықсымақтар мемлекетімізді басқарып отыр ғой.

Сонда тұтас бір елдің тағдыры ашық та әділетті сайлау барысында емес, билік маңайында жүргендердің өзара «бармақ басты, көз қысты» келісіміне сәйкес шешіле сала ма?

Әрине, адам аласы ішінде, бірақ та монархия туралы идеяның астарында ол шенділер мен олигархтардың сондай бір мысықтілеуі жатыр ма екен, кім білген? Сөйтіп, бұл жігітті алдарына салып қойып, осылайша сайратып отырған болар?

Ұсынылып отырған монархиялық жоба қазіргі президенттің тұлғасына негізделетіні белілі. Идея авторы ол кісінің 77 жаста екенін және мемлекетті ширек ғасырдан астам үзіліссіз басқарып келе жатқанын, әрине, біліп отыр. Олай болса президент кеткеннен кейін нақты кім, отбасының қай мүшесі монарх болатынын да айта салса болар еді ғой. Әйтпесе бас таққа таласушылар баршылық. Ал адамзат тарихында билік үшін күрескен үміткерлер туған әкесі мен бауырларын да аямаған.

Өз мақаламда осы идея авторының аты-жөнін әдейі атамай отырмын: «сынықтан басқаның бәрі жұғады», мұндай кертартпа ұсыныс вирусының одан әрі тарауына мен атсалыспай-ақ қояйыншы. Оның үстіне «біреудің» «айтқаны емес, сандырағы келеді» деген сөз тағы бар.

Айтпақшы, осындай идеяларды жақтаушылар басқа араздықтармен қатар, сословиелік, яғни тектік-топтық араздықты қоздыруға тыйым салатын Конституцияның 5-бабын оқыды ма екен (өйткені бір отбасы мүшелерін басқа адамдардан жоғары қойып, алабөтен құқықтар мен мүмкіндіктер беру нақ сол монархияның бір көрінісі емес пе?!). Оқымаса оқып алсын, Ата заңды бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін санасына тоқып алсын!

Әміржан ҚОСАНОВ

 арнайы «Жас Алаш» үшін

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.