Сәлімов дауға айналған қала тойына нүкте қойды

623

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің есеп беруі бірнеше күнге ұласып барып, аяқталды. Алдымен қалаға қарасты 16 ауылдық округте болып, жыл бойы атқарылған жұмыстарымен қырдағы жұртшылықты таныстырып қайтқан Сәлімовтің семейліктермен кездесуі 2 тәулікті еншіледі. 6 ақпан күні Ертістің сол жағалауындағы қала тұрғындарының алдында есеп беруі облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен өтті. Жаттанды қалыппен қаланың соңғы жылдардағы экономикалық көрсеткіштері мен дамуын негізінен  орыс тілінде әдемі өрбіткен әкім есебін тыңдап отырып, Семейдің шешілмеген мәселесі қалмайтындай көрінді. Рас, өткен жылдың көктемінде қоғамдық көлік қожайындарымен қалалық әкімдік арасындағы текетірестен кейін қазір қала көшелері жөнделіп, жаңа автобустар жүре бастады. Бірақ, өткен жылдың тамыз айында жолақы 80 теңгеге көтерілген кезде ел орынға отырғанға дейін тоқтаусыз жүре беретініне сендірген қоғамдық көлік компанияларының иелері қазір де уәдесін толық орындамай жүргені шындық. Қаңтардың соңындағы қатты аязда аялдамада аяқтарын соққылаған жұрт қаланың қай түкпірінен де наразылықтарын білдіріп, әлеуметтік желіде жариялап жатты. Сол кезде қаладағы қоғамдық көліктердің 70 пайызы ғана қызмет көрсеткенін жолаушы тасымалына жауапты мекеме мойындаған болатын.

Дегенмен, қала тұрғындары үстіміздегі жылы Семейдегі автобус бағыттарының түбегейлі өзгеріп, жаңартылған жүйеде қызмет ететінінен көп үміт күтіп отыр. Осы орайда 7, 22, 8 бағытта қатынайтын автобустар жаңартылғанын айтқан қала әкімі ақпан айының ішінде тағы да бірнеше жаңа автобустар әкелініп, біртіндеп бұл мәселе жөнге келетініне сендіріп бақты. 2017 жылы қаланың орталық бөлігіндегі 8 көше жөнделіп, оған 1,2 млрд. теңге қаржы жұмсалғаны да көңілге  тоқ санайтын істердің қатарында екендігін бір екшеген Ермак Сәлімовтің баяндамасында «қыздың жиған жүгіндей» көрінетін мысалдар баршылық екен. Тек рухани-мәдени саладағы істер  жайын айтуға келгенде ғана ойына түскендей қазақ тілінде:

Өткен жылы Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылып, Қайым Мұхамедханов, Зәкәрия Белібаевтың атына көшелер берілді. Бұл туралы баспасөзде жарияланғандықтан, ары қарай тоқталып  жатпай-ақ қоялық,-деп қайтадан қамшы салдырмайтын орысшасына ойысты. Бірақ, тап осы тұста «Ленин  көшесі «Мәңгілік ел көшесі» болып өзгерген еді ғой. Әкім мұны неге айтпай кетті?» деген ой да қылаң беріп қалды.

2018 жылы қаланы абаттандыру бағытында атқарылатын жұмыстар жайын айтқан қала басшысы Абай атындағы алаң, Невзоровтар мұражайы алдындағы саябақтармен бірге орталықтағы Ленин көшесінің де жөнделетіндігін өз аузымен айтты. Жақсылық қой, әрине, бірақ, оның ендігіде «Мәңгілік ел көшесі» болып аталатындығын айтудан неге тайсақтағаны таңқалдырды. Өткен жылдың күзінде қалалық мәслихат депутаттары қызылкеңірдек болып, Әлихан Бөкейханның атына қимай, ат-түйедей қалап, «Мәңгілік ел көшесі болсын» деп өре түрегеліп, бірауыздан қабылдамап па еді? Ендеше қала әкімі қалайша бүйректен сирақ шығарып, ескі соқпақпен Ленин көшесі жөнделетіндігін айтып отыр? Әлде, қалалық мәслихат бекітіп, облыстық ономастикалық комиссияға жолдап, одан жоғары жақ бұл ұсынысты ресми түрде мақұлдағанға дейін «Ленин көшесі» деп ескі атаумен аталуы шарт па? Президенттің «Мәңгілік ел» туралы айтқандарын жай уақытта жіпке тізе жөнелуге даяр  тұратын әкімқаралар үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік еді. Ермак Бидахметұлы мұны аңдамай қалды ма кім білсін?..

Сонымен екі сағатты еншіліген әкім есебінде сөз алғандардың дені облыс әкімі  Даниал  Ахметовтің алдында көзге түсіп қалғысы келді ме, қала әкіміне жаппай алғыс айтуға асықты. Қалалық мұсылман әйелдер  ұйымының төрайымы Гүлжиһан Жұматаева Сәлімовтің қала тұрғындарына қатты ұнайтындығын айтып, соңғы уақыттары «Әкім ауысады екен» деген әңгімені жиі еститіндігіне «алаңдаушылығын» білдірді. Яғни, Ахметовтен осының нақты жауабын естімей кетпейтін кейіп танытты. Бұл халықтың көкейіндегі ойдан гөрі жергілікті атқарушы биліктің «тапсырмасына» көбірек ұқсағандығын жасырудың қажеті болмас. Құдай оңдап, Даниал Кенжетайұлы да сөз алып: «Әкім сіздерге ұнаса маған да ұнайды. Жақсы болса, маған да жақсы. Жұмысын істей берсін» деп әйтеуір, Гүлжиһан қартты «ұйқы-күлкіден айырған» жайға нүкте қойды. Шығыс кенті тұрғындары атынан келген қарт М. Сарихов та мұндай әкімі бар семейліктердің «келешегі жарқын» екендігіне сендіріп, Шығыс кентінің бастан асатын мәселесін (жол қатынасы, жарық тарифінің қала бағасынан  жоғары екендігі, саяжайларда тұратындар қатары артып бара жатқаны сияқты) айтуға «ұялды». Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Доғалақов жазда президенттің қабылдауында болғанын, Семейге қазіргі көрсетіліп  жатқан  қамқорлықтың аз екенін әлі де талай қаржат бөлініп, жағдай жақсаратындығын оның өз аузынан естігенін айтып, ерекше қуанышымен бөлісті.

Келесі күні оң жағалаудағы қалалық Мәдениет сарайында өткен есептік кездесуде облыс басшылығынан ешкім төбе көрсеткен жоқ. Қала әкімі Е.Сәлімов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Б. Ақжалов тұрғындар тарапынан қойылған сауалға бірлесе жауап беріп отырды. Алайда, бұл кездесуде қала әкімі есептік баяндамасының басым бөлігін орыс тілінде жасағаны аздай тұрғындардың қазақ тілінде қойған сұрақтарына орыс тілінде жауап беріп айды аспанға шығарды. Орысшаға көбірек бүйрегі бұратын әкім екендігін «көпшілікке түсінікті болу үшін» деп жуып-шайғанымен Сәлімовтің жауабына өзекті мәселені көлденең тартқан қала тұрғындарының көбі қанағаттанған жоқ.

-Мен еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап, қаладағы саябақтардың құри бастағандығы жөнінде мәселе көтердім. Айталық, 343 кварталда әдемі саябақ бар еді. Ол түгелдей оталып, орынына алғашқы Назарбаев зияткерлік мектебі салынды. Мектеп кейіннен жаңадан салынып жатқан Қарағайлы ықшамауданына көшкендіктен, қазір ол ғимарат оқу орындарының біріне берілді. Мен үшін тұрған саябақты тып-типыл етіп құрылыс салу қала тұрғындарына жасалған жаныашымастық. Қазіргі «Спартак» стадионы маңындағы қос қабатты жаңа моншаның орынында бұрын Әуезов саябағы бар болатын. Ол да құрып, моншаға айналып шыға келді. Ал жергілікті ақпарат құралынан халық сол маңдағы кафенің атауына сай «Буратино» саябағы атап кеткен оң жағалаудағы Әуезов аудандық ІІБ нің маңындағы саябақтың аумағы 2014 жылы 49 жылға жалға беріліп кеткендігін оқыдым. Мұның қалай беріліп кеткенін өткен жылғы кездесуінде қала әкіміне  жазбаша жолдаған болатынмын. Алайда, жауап болмады. Осы жолы микрофон алдында, саябақтар мәселесі бойынша қазақ тілінде сұрақ қойдым. Қала әкімі бұл мәселені қарастыратынын орыс тілінде айтып берді. Негізінде сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап беруі керектігі бәрімізге белгілі. Шын мәнінде ол өзі айтқандай, бәріне түсінікті болу үшін орысша жауап беруді қажет санаса, алдымен рұқсат сұрап айтуы тиіс еді. Қазақ тілінде жауап беруді әкімнің өзі қажет қылмағаны қатты қынжылтты,-дейді қала тұрғыны Роллан Машпиев.

Семей әкімінің тұрғындармен кездесуінде тек бір ғана жайдың нақты нүктесі қойылғаны қуантты. 2018  жылы Семей қаласының 300 жылдығын тойлау қажеттігін жиі көтеріп жүрген қала белсенділерінің бастамасы қалалық әкімдік тарапынан қолдау тапқан жоқ. Өйткені, қала тарихын патшалық Ресей отарлаушыларының Ертістің іргесіне бекініс салуымен байланыстырғысы келетін әлдекімдердің әрекеті жергілікті қазақ тарихшыларының намысына тиіп, қаланың орнағанына 1000 жыл екендігін дәлелдеуге ұласып кеткен болатын. Ақырында қала жасын анықтау даулы тақырыпқа айналғандығын аңғарған Е. Сәлімов бұдан ары көпке созбай, жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісі «Қала күні» болып мерекеленетінін айтып нақты шешімін айтты. Әкімнің бұл тоқтамы қаладағы ресми тілде ақпарат тарататын басылымдарға ұнамай қалғанымен, жалпы жұрттың ойынан шыққан әділ шешім болғаны шындық.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Семей қаласы.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.