Көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің саяси тапсырыс, қастандықпен қаза тапқанына 12 жыл толды.

 А.Сәрсенбайұлы атындағы қор жыл сайынғы дәстүр бойынша саясаткердің қаза тапқан күніне орайластырып еске алу жиынын өткізді. Ақпанның 9-ы күні «Астана» қонақүйінде өткен дөңгелек үстелге қатысқан А.Сәрсенбайұлының үзеңгілес серіктері, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, құқық қорғаушылар, журналистер және елдің бүгініне бейжай қарамайтын қарапайым азаматтар қоғамдағы саяси процестерге қатысты ойларын ортаға салып, мемлекеттің осы жылдар ішінде жеткені мен жетпегенін талқылады. 

Дөңгелек үстелді жүргізген жиын модераторы, саясаткер Төлеген Жүкеев А.Сәрсенбайұлының интеллектуалдық, саяси мұрасы мен саяси процестерді өрлетудегі еңбегіне баға жетпейтінін атап өтті. Жиында елдегі саяси ахуалға байланысты мазмұнды, мәні терең баяндамалар оқылатынын ескерткен Т.Жүкеев А.Сәрсенбайұлының өзі де саяси оқиғаларды терең талдайтын ойшыл болғандықтан, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді сараптау арқылы саясаткерді еске алу заңдылық екенін түсіндірді. «Кейбіреулер Алтекеңнің аты неге көп аталмады деуі мүмкін. Кейбіреулер үшін мадақтау аз болып көрінуі мүмкін. Алайда мұны Алтекеңнің өзі де түсінбес еді, қаламас еді. Алтекең тарихтың, саясаттың терең саяси мағынасына қарайтын. Сол себепті біз жыл сайын жиналатын дөңгелек үстелде өткен жылдың қорытындысын философиялық, сараптамалық тұрғыдан қорытамыз», – деді Т.Жүкеев.

«Адам құқықтарын сақтамайтын ел алға өрлемейді»

Алтынбексіз өткен 12 жыл

 Жиында адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы жөнінде баяндама жасаған құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис елде сөз бостандығы мен бейбіт шеру өткізу құқығының аясы одан бетер тарыла түскенін сөз етті.

– Бүгінгі күні әр халық, әр мемлекет өзінің түсінігіндегі құндылықтар жүйесі, әлемдегі орны мен болашағына қарай өз мақсаты мен даму жолын таңдайды. Десек те, бұл түсініктердің негізгі көрсеткіштерін адамзат ғасырлар бойы қалыптастырды. Ол кейін осыдан 60 жыл бұрын қабылданған адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияда көрініс тапты. Қазақстан 90-жылдары БҰҰ мүшесі болған тұста осы декларацияны қабылдаған. 25 жыл ішінде Қазақстанның алдына қойған мақсат-міндеттері өзгеру, айқындалу үстінде. Соңғы бірнеше жылдың ішіндегі басты мақсаттардың бірі – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылып, экономикалық әріптестік және даму ұйымына кіру еді. Бұл ретте, осы отыздықты қандай көрсеткіштер мен қандай рейтингтерге қарап анықтайды деген сұраққа жауап іздемек болдым. Сөйтсе, әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын екі рейтинг бар болып шықты: бірі – бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілікті анықтаушы ғаламдық индексі, екіншісі – халықаралық даму менеджменті институтының бәсекеге қабілеттілікті анықтаушы әлемдік рейтингі (IMD).

Бүкіләлемдік экономикалық форум 100-ден астам көрсеткішке қарап бәсекеге қабілеттілікті анықтайды. Бұл көрсеткіштердің үштен бірі статистикалық мәліметтерден алынса, қалғаны ірі және орта көлемдегі фирма және компаниялардың жетекшілерінен сауалнама алу арқылы анықталады. Ал IMD рейтингі 300-ден аса көрсеткішті қамтиды: бұлардың үштен екісі статистикалық мәліметтерге негізделсе, қалғаны сауалнама нәтижесінен алынады. Осы екі рейтинг те қоғамдық-саяси құрылым, құндылықтар жүйесі, институционалдық орта тәрізді сипаттарды түгел қамтыса да, бұларға тағы төрт рейтингті қосар едім.

Біріншіден, адам дамуының индексі – мемлекеттер арасындағы өмір сүру деңгейі, сауаттылық, білім алу, ұзақ жасау тәрізді адам потенциалының негізгі көрсеткіштерін салыстырады.

Екіншіден, заңның үстемдігі индексі (The Rule of Law Index) – мемлекет құқықтық ортаны қаншалықты қамтамасыз ететінін көрсетеді.

Үшіншіден, халықаралық «Шекарасыз репортерлер» ұйымының баспасөз еркіндігі индексі.

Төртіншіден, Freedom House құқық қорғау ұйымының саяси және азаматтық еркіндіктің сақталуын көрсететін рейтингісі. Осы рейтингтердің барлығы елдің потенциалын, бизнес пен инвестицияның тәуекелдерін бағалауда қолданылады. Бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты даму нарықтық экономика, заңның үстемдігі, демократиялық институттар мен адам құқықтарының сақталуына байланысты анықталады.

Осы алты рейтингтің түгеліндегі алғашқы ондықта Нидерланды көзге ілінеді. Ал бәсекеге қабілеттіліктің отыздығына кіретін және адам құқықтары бойынша алғашқы 50 елдің тізімінен түспейтін елдер арасында Норвегия, Дания, Канада, Германия, Швейцария, АҚШ, Швеция, Ұлыбритания, Франция, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия, Австрия, Австралия, Бельгия, Ирландия, Исландия және Эстония бар. Ал бәсекеге қабілетті елдердің алғашқы отыздығына енсе де, адам құқықтары сақталатын 50 елдің қатарына кірмейтін елдер мыналар: Оңтүстік Корея, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Сауд Арабиясы.

Ал Қазақстанға келсек, біз бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексі бойынша 57-ші, халықаралық даму менеджменті институтының бәсекеге қабілеттілігінің әлемдік рейтингісінде 32-ші, адам дамуының индексі жөнінен 56-шы, заңның үстемдік құруы индексінде 73-ші, баспасөз еркіндігі жөнінен 157-ші, ал Freedom House-тің саяси және азаматтық еркіндігі рейтингісінде тіпті 175-ші орындамыз.

Әрине, тырыссақ алғашқы екі рейтинг бойынша дамыған отыздыққа кіре аламыз. Алайда адам потенциалын дамытпай, заң үстемдік құрмай және заң алдында баршаның теңдігі принципі сақталмай, адам құқықтары қамтамасыз етілмей, экономикалық жетістіктер шатқаяқтап қалмақ. Сондықтан жоғарыдағы өзге төрт рейтинг бойынша ең болмаса алғашқы 50 елдің қатарына енуіміз керек-ақ. Осы ретте, жоғарыдағы дамыған елдердің қайсысын өзімізге үлгі етеміз деген мәселенің басын ашып алу керек. Араб петрократияларын немесе Қытай мемлекеттік капитализмін, не болмаса оңтүстіказиялық автократияларды негіз етуге болады. Алайда, меніңше, «Еуропаға жол» бағдарламасы дұрыс. Мұндай жағдайда Нидерланды немесе мұнай мен газ қоры болмаса да, рейтингтері жоғары Эстонияны үлгі етуге болады.

Бірақ оған қол жеткізу үшін не істеу керек? Сол баяғы саяси жүйені реформалап, Конституцияда жазылған саяси плюрализм мен бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру керек. Баршаның заң алдындағы теңдігі принципін қамтамасыз етіп, әділетті және тәуелсіз сот жүйесінің жұмысын жолға қою керек. Тәуелсіз ақпарат құралдары жемқорлықпен күрестің басты тетігі болғандықтан, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасау да назардан тыс қалмауы тиіс. Адам құқықтарын құрметтеп, қорғау керек. Осылар іске асқанда ғана дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз.

Құқық қорғаушының айтуынша, осылардың бәріне БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясы негіз бола алады. Алайда бұл декларацияда айтылған жалпыадамзаттық құндылықтар бізде сақталмай отыр.

– Бізде саяси пікіралуандығы, саяси бәсекелестік, ақпарат құралдарына емін-еркін шыға алатын, парламент пен жергілікті мәслихатқа сайлана алатын оппозициялық саяси партиялар жоқ. Әділетті және ашық сайлау жоқ. 90-жылдардың аяғында тәуелсіз радио және телевидениенің көзі жойылса, 2000 жылдар ішінде ақпараттық кеңістікті тәуелсіз басылымдардан «тазалап» шықты. Бұл дәстүр былтырғы жылы да жалғасып, «Саяси қалам. Трибуна» газеті жабылды. С.Матаев, Ж.Мамай тәрізді журналистер қудаланды. Оларды былай қойғанда, блогерлермен күрес басталып, Қылмыстық кодекстің 174-бабы – әртүрлі араздықты қоздыру айыбы жиі тағыла бастады.

2017 жылы тәуелсіз кәсіподақтарды біржолата талқандап, Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жапты. Тәуелсіз кәсіподақтардың екі басшысы – Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қамады. Жабық конфедерацияның президенті Лариса Харькованың бас бостандығын шектеп, оған қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салды. Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған Макс Боқаев, Талғат Аян, Мұхтар Жәкішев пен Вадим Курамшиндердің құқығын көпе-көрінеу аяқасты ету жалғасуда. Ал қамаудан босап шыққан В.Козлов, С.Мәмбетәлин, Е.Нарымбаев, О.Халабузарь терроризмді қаржыландырушы азаматтардың тізіміне енгендіктен, банктен шот ашып, несие алып, кәсіпкерлікпен айналыса алмайды.

Соттар қоғамдық және діни қызметпен айналысуға тыйым салатын үкімдерді көптеп шығаруда. Осылайша бұл азаматтар Конституцияның екінші бөліміндегі саяси және азаматтық бостандықтарды пайдалана алмайтын жағдайға түсті.

Бұл аздай, ел Конституциясына азаматтықтан айыру тәрізді тоталитарлық режимнің сарқыншағын елестететін бастамалар көтеріліп жатыр. Бейбіт шеру, митингтер өткізу құқығы атымен жоқ. Сонда жалпыға ортақ адам құқықтары жөніндегі декларацияда біз аяқасты етпеген қандай бап қалды? Осыған қарап отырып мемлекеттің екі аяғы бар ма деген әсерде қаласың. Ол аяқтың бірі – экономикалық, екіншісі – саяси және адам құқықтары мен бостандықтары. Мемлекеттің бір «басы» экономикалық аяқты алға жылжытуға тырысқанымен, саяси және адам құқықтарына жауапты аяқты кері итеріп тастап, қылбұрауды бұрай түскісі келеді. Сонда екі аяқ түптің түбінде мүлде екі жақта қалған тұста мемлекеттің қаңқасын не ұстап тұрмақ? Әрі бұл әңгіме басында айтылған рейтингтерге қалай әсер етпек? Мәселе сонда.

«Жемқорлықпен күресуге тұсау салатын заң қабылданды»

Алтынбексіз өткен 12 жыл«Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалы жөнінде баяндама жасап, былтырғы жылы журналистерді қудалау мен сөз бостандығын шектеу оқиғалары көбейе түскенін тізді.

– Сот «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайға үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Газеттің өзі жабылды. CentralAsiaMonitor газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин сотқа тартылды. Ал «Радиоточка» сайтын басқарған Бекжан Ыдырысов елден кетуге мәжбүр болды. «Радиоточка» жабылды. Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты. Алайда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әсет Матаев қамауда қалды.

«Әділ сөз» қоры Конституциядағы пікірін білдіру құқығын пайдаланған 61 азамат қылмыстық қудалауға ұшырағанын анықтады. Бұл істер бойынша 19 айыптау үкімі шықса, олардың 10-ы әлеуметтік, діни, ұлттық араздықты қоздыру бабы бойынша шығарылған.

Алайда былтырғы жылдың ең басты жаңалығы – ақпараттандыру жөніндегі заңға енгізілген өзгерістер. Бұл заңның бірқатар бабы Конституцияда жазылған ақпаратты еркін алу мен тарату құқығын шектейді. БАҚ-тың жемқорлықпен күрес жүргізуіне кедергі келтіреді.

Жаңа заңның арқасында ақпарат және байланыс министрлігінің аумақтық бөлімшелері пайда болды. Олардың міндетіне бақылау, тексеру және «өзге де өкілеттіліктер» кіреді. Бұл неғылған «өзге өкілеттіліктер», қанша аумақтық бөлімшелер құрылады, олар қайда жұмыс істейді? Бұл жағы жұмбақ. Бәлкім, бұлар әкімдіктің ішкі саясат бөлімдерінің жанынан құрылатын шығар. Бәлкім, бұл бөлімшелерде әкімдіктің ішкі саясат бөліміндегі қызметкерлері жұмыс істейтін шығар. Олай болса бұлар басылымның тиражы тәрізді шығу деректерін жіті тексеріп, майшаммен қате іздеп, тауып жатса, оны сотқа жіберіп отырмақ. Бұл өз кезегінде басылымды сотқа тартуға, тіпті жабуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Ең сорақысы, заң бойынша, отбасылық және жеке құпияны журналист жарияламас бұрын, мақалаға арқау болған кейіпкердің рұқсатын сұрауы керек. Жеке және отбасылық құпия деген не екеніне заңның өзі түсінік бермейді. 2010 жылы конституциялық кеңес шығарған Конституцияның ғылыми-тәжірибелік түсініктемесінде оған мынандай түсініктеме берілген: жеке және отбасылық құпия – жеке өмірдің бөлігі ретінде ел Конституциясы және заңдармен қорғалады, «бұған адамның мінез-құлқы мен бет-келбеті, денсаулығы, материалдық дүниесі, отбасылық жағдайы, өмір сүру салты мен өмірбаянының жекелеген фактілеріне баға беретін мәліметтер жатады» делінген. Бұл құпияға басқаша түсінік беретін өзге заңдар жоқ. Алайда заңды талқылау кезінде азаматтық сектор өкілдерінің мұны алып тастайық деген ұсынысы аяқсыз қалды.

Ғаламтордағы басылымдардың оқырмандары енді бір реттік құпия сөз алған соң ғана желіде пікір қалдыра алады. Көптеген онлайн басылымдар сол себепті оқырмандардың пікір қалдыруын жауып тастады. Осылайша желі қолданушылары енді өз пікірлерін тек әлеуметтік желілерде ғана қалдыра алады. Оның өзі ұзаққа созыла ма, белгісіз. Терроризм және экстремизмге қарсы күресті жамылып, әлеуметтік желілерді де шектен тыс бақылауға алуы мүмкін.

Ақпарат және байланыс министрлігі 2018 жылы БАҚ туралы жаңа заң жобасын жасау жұмысын бастайтынын мәлім етті. Бұл заң жобасының сұлбасы дайын болғанда құқық қорғаушылар өз ұсыныстары мен ескертпелерін айта алады делінді. Алайда жаңа заң жобасы билік қайта-қайта айтудан жалықпайтын сөз бостандығының халықаралық стандарттарына сай болады дегенге еш кепіл жоқ.

  «Күдіктілер – отбасы және айналасы»

Алтынбексіз өткен 12 жыл

 А.Сәрсенбайұлының ағасы, журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы өз баяндамасында белгілі екі саясаткер – А.Сәрсенбайұлы мен З.Нұрқаділовке жасалған қастандықтарға егжей-тегжейлі тоқталып, бұл іске тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушыларды үштағанның ішінен іздестіру қажеттігін баса айтты.

– Алтыкеннің мақсаты мемлекеттілікті, тәуелсіздікті нығайтуға, қоғамды демократияландыруға, саяси реформа жасауға қызмет ету еді. Президент Н.Назарбаев және оның өзі іргесін қалап, нығайтқан режимінің үш тіреуі – отбасы, айналасы, олигархтар – саяси реформадан өлердей қорқады. Оған ешқашан жол бермейді. Елімізде әділ, таза сайлау өтетін болса, сөз бостандығы орнықса, барлық азаматтар заң алдында бірдей жауапты болса, үштағанның күні батады. Биліктен де, билікпен келген байлықтан да айырылып қалады. Сондықтан да саяси реформаны іске асыруға ұмтылғандардың бәрі  қазіргі режимнің жауы саналады. Ал олар өздері жау қатарына қосқандарды атады, соттайды, қуғындайды, жала жабады, нақақтан қаралайды. Мұның қайсысын қаласа, сонысын жүзеге асырады. Оған барлық мүмкіндіктерін пайдаланады – жабайы жендеттері мен бұзақыларынан бастап жұмсап,  күштік құрылымдарын, прокурорларын, соттарын, ақпарат құралдарын іске қосады.

А.Сәрсенбайұлы мен З.Нұрқаділовті өлтіруге тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушыларды  үштағанның ішінен іздестіру қажеттігін әу баста-ақ  ескерткенмін. Уақыттың өзі шындықты ашып келеді.

Ең алдымен бұл қанды оқиғалардың басты мотиві – саясатта, үлкен саясатта екеніне назар аударайық. Қаза тапқандардың екеуі де – белгілі саясаткер, режимге қарсы шыққан нағыз күрескерлер. Лаңкеске  айналған билік саяси қарсыласты жойып жіберудің тәсілі ретінде ашық террорлық әрекетті қолданды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өміріне қастандық жасау, «Арыстан» секілді қауіпсіздік комитетіне қарайтын күштік құрылымды, мемлекеттік органдардың қызметкерлерін адам ұрлауға пайдалану, қатыгездікпен адам өмірін жою, сол арқылы қоғамда қорқыныш туғызу, саясаткердің жақтастарын жасқандыру – бұл нағыз саяси террор. Осы айқын нәрсені құқық қорғаушылар да, біз де сан рет жария еттік. Авторитарлық жүйеге қызмет қылушы заң орындары мұны мойындағысы келмейді. Неліктен екені түсінікті.

Айналасы үш айда жасалған екі бірдей мемлекеттік террорлық әрекеттің түпкі көздеген мақсаты – Қазақстандағы   саяси қарсыластарды, тұтастай оппозицияны  талқандау,  тарауға мәжбүрлеу, азаматтарды олардан аулақтату. Олар дегеніне жетті. Заманбек Нұрқаділов  пен Алтынбек Сәрсенбайұлының  кезінде оппозиция қандай еді, қазір қалай? «Нағыз Ақ жол», «Әділетті Қазақстан үшін», Коммунистік партия, ҚДТ, «Алға» – бәрі де қоғамда белсенді қарекет еткен, билік партиясымен тайталасқан. Тәуелсіз ақпарат құралдары да баршылық болатын. Бүгінде саяси оппозициялық партия немесе қозғалыс, ұйым, бірлестік атымен жоқ. Некен-саяқ саясаткерлер мен бытырап жүрген белсенділерден басқа, саяси аренада бой көрсеткендерді байқамайсыз.

 «Үштаған» – басты күдікті дедік. Үштағанның үш тіреуі – отбасы, айналасы, олигархтар. Бұлар « мемлекет дегеніміз – біз» дейді. Онысы расқа айналды, билік те, бәрі де өздері. Жекешелендіріп  алған. Алтыкеннің сөзімен айтқанда, «жабық акционерлік қоғам».  Мемлекеттік құрылымдар солардың дегенін орындайды. Енді әрқайсысын  нақтылы қарастырайық. 2005-06 жылдары отбасы санатындағылар  –  Нұрсұлтан  Назарбаев, Болат Назарбаев, Қайрат Сатыбалды,  Дариға  Назарбаева, Рахат  Әлиев, Динара Назарбаева, Тимур Құлыбаев  және басқалар болды. Айналасында жүргендер – Нұртай Әбіқаев, Бауыржан Мұхамеджанов, Рашид Түсіпбеков, Нартай Дүтбаев, Тайыр Мансұров, Қалмұханбет Қасымов  және басқа да жоғары шенділер мен солардың көлеңкесіндегі  Ержан Өтембаев сияқтылар.  Олигархтары – Болат Өтемұратов, Машкевич, Шодиев, Ибрагимов,   қант пен мұнайдың, банктердің  қожалары, күйеубалалар – Рахат Әлиев пен Тимур Құлыбаев – бұлар әрі отбасы, әрі олигархтар және тағы басқалар.

2006 жылғы 11 ақпандағы қылмыстық оқиғаны тергеп-тексергендер мен мемлекет атынан айыптау қорытындысын жасап, сот үкімін шығарғандар – тергеуші Г.Машанло бастаған топ, прокурор В.Кириленко,  судья Л.Мерекенов. Олар  Ержан Өтембаевты  тапсырыс беруші және қылмысты ұйымдастырушы ретінде таныды.  Жәбірленуші жақтың оған сенбестігіне, дәлелдердің қисынсыздығына қарамастан, ауыр жаза кесті. Көндіру және сатып алу жолымен басқа тұлғаны адам өлтіруге жұмсады, яғни жалдау арқылы басқа адамның өмірін қасақана қиғызды деп   20 жылға соттады.

Сенат төрағасы Н.Әбіқаевтың қанатының астындағы қызметкері – аппарат жетекшісі Е.Өтембаев Талдықорғандағы сотта неліктен сырттан таңылған айыптауға келісе салды?   Оған тергеу жүріп жатқан кезде сол кездегі ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов, оның орынбасары Қ.Қасымов, прокурор Р.Түсіпбеков үшеуі оңашада не үшін жолықты?  Олардың қайсысы қысым көрсетті,   президенттің атына  «мойындау хатын» жаздырған кім? Солай ету жөніндегі шешімді қабылдаған Н.Назарбаевтың өзі  ме? Сол кездерде «құдіретті» саналған күйеубала Р.Әлиев бұл іске қаншалықты ықпал етті? «Көлеңкедегі сұр кардинал» Н.Әбіқаев өзінің қамқорлығындағы адамын неліктен қорғай алмады?

Қалай болса да, 2006 жылы  нағыз тапсырыс берушіні және сол тапсырысты жоспарлап, іске асырушыларды  құтқарып қалу үшін Е.Өтембаевтың құрбандыққа шалынғаны анық. Оны ет пен сүйектен жаралған  тірі қуыршаққа айналдырды. Есімізге алдымен мынаны алайықшы. 2006 жылы ақпанның соңына қарай «Арыстанның» жалдамалы жендеттері Е.Әбікенов, Р.Еспенбетов, Е.Ералиев, А.Тәжі, Е.Қасымов пен ішкі істердің қарақшылары Р.Ибрагимов, А.Газиев, В.Мирошников қамауға алынды. Қазақстан Республикасы сенатының аппарат жетекшісі Е.Өтембаевтың қолына кісен салынды. Президент Н.Назарбаев сенатта сөйлеген сөзінде қылмысқа тапсырыс беруші ретінде Е.Өтембаевты атады. Елге белгілі Өтембаевты –өзінің айнымас ең сенімді серігі болып жүрген сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевтың  қосшысы, аппарат жетекшісі, кезінде премьер-министрдің орынбасары болған  Өтембаевты, «Қазақстан-2030» бағдарламасын жазуға қатысқан Өтембаевты, араққа салынса қызметті ұмытып кетіп, тіпті Ресейдің Кремліндегі кездесуге де бармай қалатын Өтембаевты байлап берді. Неліктен?

Бұл сұрақ және жоғарыдағы сұрақтар кеше де қойылған. Бүгін де қойып отырмыз. Өйткені шын мәніндегі тапсырыс берушіні айқындау үшін керек олар. Талдықорғандағы, одан кейінгі Қаскелеңдегі соттар бұл сұрақтардың бәрінен айналып өтті.

Қылмыстық топты ұйымдастырғаны, үш адамды ұрлап әкеткені, адамдарды өлтіруге жалданғаны және басқа да қылмыстары үшін Р.Ибрагимов  өлім жазасына кесілген.  Президенттің 2007 жылғы 6 желтоқсандағы жарлығымен ең ауыр жаза – өмірлік түрмеге ауыстырылған. Міне, сол ит өмірі темір торда өтетін Ибрагимов 2012 жылы жоғарғы сотқа арыз жазды, «мен енді шындықты айтамын, адам өлтіруге тапсырысты маған   Рахат Әлиев  Әлнұр Мұсаев пен Амангелді Мақашев арқылы берді» деп. Қаскелеңде соған байланысты 2014 жылы сот өтті. Е.Өтембаевтың ісі қайта қаралып, оны айыптау баптары ауыстырылып, тапсырыс берушіден итермелеушіге ауыстырылды, жазасын өтеу мерзімі 13 жылға түсірілді. Көп ұзатпай, 2015 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатты. Бастапқыда 20 жылды арқалаған ол тоғыз жылда түрмеден шықты. «Мемлекет» мүддесі үшін отыра тұр, кейінірек шығарып аламыз» деген уәделерін іске асырғандары болар.

Тапсырыс беруші делінген Е.Өтембаев тірідей құтылса, жаңадан белгіленген тапсырыс беруші санатындағы Р.Әлиевті кезекті тергеу мен соттан құпия жағдайдағы ажалы арашалап қалды. Бұл айыпталушы көзі тірісінде «тапсырыс беруші мен емеспін, тапсырыс беруші – президенттің өзі, оған менің дәлелім бар» деп жария түрде мәлімдеді. Ал «Әлиевтің тапсырысы Мұсаев арқылы келді» делінген айыптауды Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне  1997 және 1999 жылдары  екі рет тағайындалған, бүгінде Еуропаны паналаған қашқын Ә.Мұсаев та мойындар емес.

Бұл деректерден қандай қорытынды шығарамыз? Біріншіден, 2006 жылғы 11 ақпандағы қылмыстың тапсырыс берушісі және ұйымдастырушысы –  Р.Әлиев деген құқық қорғау ұйымдарының байламы негізсіз емес. Демек, отбасы мүшесінің қатысы болған. Оның қылмыс жасағанын отбасының басқа көрнекті мүшелері, мәселен, қайын атасы, әйелі, бажасы білген бе, білмеген бе? Р.Әлиевті 2006 жылғы қылмыстық іс бойынша жауапқа тартудан қорғап қалғандар кімдер? Оның  сырттай ажырасқанға дейінгі әйелі Дариғаның «Де жавю» жазып, ҰҚК төрағасы Н.Дүтбаев президентке Р.Әлиев, Т.Құлыбаев, Қ.Сатыбалды туралы теріс ақпарат берді, олардың қылмысқа қатысы бар  дегені – отбасын қаралағаны деп аттандағаны тегін бе? Басқа білмесе де, күйеубаласының барлық әрекеттерін 2001 жылғы оқиғадан кейін жіті қадағалауға мәжбүр болған президенттің «аңғалдығына» мен сенбеймін. Яғни Р.Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалмауы, оның тасада қалуы отбасының мүшесі болғандығынан. Ол үшін Е.Өтембаевты құрбан етуге тура келген.

Екіншіден, Р.Әлиев қайын атасына оның да, өзінің де, қызының да ортақ жауына айналған, оппозициялық күштердің басын біріктірген, авторитарлық-отбасылық жүйеге қатер төндіре бастаған саяси қарсыласты демократиялық жолмен тежеудің мүмкіндігі жоқтығын айтып сендіруі,  басқаша жоспар құруы әбден мүмкін. Атасының батасын алмағанымен, ишарасын ұғып, өз білгенін жасауға кіріссе, оның қолын кім қағады? Талай рет әрқилы бастама көтеріп, сарай төңірегіндегі тартыстарда, сайлауларда, оппозициядағы адамдарды қудалауда қолғабысын тигізген  «радикалға» іштей сенім артқан шығар көкесі. Өйтпесе оны бастапқыда неге қорғаштады?

Әрине, кейін жағдай күрт өзгерді. Р.Әлиев 2007 жылдың мамырында өз меншігіндегі «Нұрбанк» қызметкерлерін өлтірді деген дауға шатылды. Оны жасырып-жауып қалу мүмкін болмады. Мұндай қылмыскер туыстың, басбұзар, шектен шығар отбасы мүшесінің өзі үлкен қатерге айналса, одан безбей қайтсін. Бұл безіну күйеубала үшін бәрінен – биліктен, байлықтан, асып-тасудан, асқақтап-шалқақтаудан, өзгелерге қожа болудан, әмірін жүргізуден жұрдай етер еді. Ең өкіндіретіні және өшіктіретіні – қайын ата отырған, өзі есіл-дерті кете аңсаған және сол үшін қастандыққа, төңкеріс жасауға дейін барған тақтың енді бұйырмайтыны. Оған Р.Әлиевтің қатты дәмеленгенін жұрт біледі, оны өзі де жасырмаған. Содан барып соғыс өрті тұтанды, екі арада жылдарға созылған шайқас басталды.  2006 жылы оның қылмысына жоғарыдағыдай себептермен көзін жұмып қараған, жазалаттырмаған көкесі өзіне қауіп қайта төнгенде амалсыздан атқұйрығын кесісті. Бұл жолы біржолата және кектескен күйде.

Сотталған 10 қылмыскердің екеуінен – Р.Ибрагимов пен В.Мирошниковтен басқасы түрмеден босатылды. Олардың бәрі де жасаған қылмыстарына қарай ауыр жазаға тартылуы тиіс еді. Бірақ билік олай етпеді. Қанды қол қарақшылардың мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы, жеңілдік жасалуы көңілдегі күдікті күшейтті. Саяси сипаттағы өте ауыр қылмысқа мемлекет басшысының  қатысы болмаса, оларға  мұндай жұмсақтық танытпас еді.

Ибрагимовтың соңғы көрсетуі бойынша, жаңадан ашылған жайларға байланысты деп қозғалған қылмыстық істі жүргізуге 2014 жылы Ж.Бақашбаев басқарған арнайы тергеу тобы құрылды. Оның тындырғаны шамалы. Қашқын чекист шетелде жүріп президентке қарсы ашық және әшкерелеуші әрекеттерін үдеткен соңғы кезде бұл топ қайта жасақталды. Енді оны бас прокуратураның  өкілі Н.Сәбитов қолға алды. Топтың құрамындағы тоғыз адамның алтауы ҰҚК қызметкерлері. Біз бұған қарсылық білдірдік. Өйткені 2006 жылғы 11 ақпандағы саяси  террорлық қылмысқа қатысқандардың басым бөлігі осы «кеңсеге» қарайтындар. ҰҚК-ні басқарған Р.Әлиев, Ә.Мұсаев, Н.Дүтбаев  қылмыскер атанды. Бұл құпия қызметтің қадірі жоқ бүгінде, ел сенімінен айырылған. 37-ні жаңғыртып, қолдан жау жасаушылық үдеген соң түңілмей қайтеміз. Біздің тергеу тобының құрамын өзгерту жөніндегі талабымыз қанағаттандырылмады. Бір қылмыстық істі  үшінші рет қарауға кіріскен құранды топқа тергеу барысында анықталуы, дәлелденуі тиіс жағдайлардың бәрін жіпке тізгендей етіп көрсеттік. Бұрынғы талаптарымызды қайталадық. Президентті  және оның отбасы мен айналасындағыларды біз, жәбірленушілер, әлі де күдіктілер  деп санаймыз. Ақтығын сотқа келіп дәлелдесін! Егер күнәһарлар Әлиев пен Мұсаев болса, оны да ашық сотта халық алдында дәлелдеп берсін.

Құқық қорғаушы, қоғам қайраткері Маржан Аспандиярова 2006 жылы жәбірленушілер Р.Әлиевтің қылмысқа қатысы барын айтқанда, олардың сөздерін тыңдамаған, қайта, керісінше, күйеубаланы арашалап қалуға тырысқан лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуы керек деді.

2009 жылы ішкі істер министрлігінің аса маңызды істерін тексеретін тергеуші Г.Машанло өз сұхбатында Р.Әлиевтің қылмысқа қатысы жоғын алға тартып, істі қайта қараудың негізі жоқ екенін мәлімдеген. Бұрынғы ішкі істер министрі Б.Мұхамеджанов брифингте Р.Әлиевтің бұл іске қатысы бар деген ақпарат – жалған екенін тәптіштеген. Осындай жалған мәлімет, жалған куәлік  берген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс.

«Алтынбектен кейінгі азаматтық қоғам рухани мүгедек күйінде»

Алтынбексіз өткен 12 жыл

А.Сәрсенбайұлының замандасы, журналист Ермұрат Бапи өзінің баяндамасында саясаткердің өмірін алты тармаққа бөліп қарастырды.

– Біріншісі – «ерте Алтынбек». Бұл 1980 жылы оның Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға кеткен кезінен бастап және 1992 жылы өкіметтің ішкі саясат басқармасына барғанға дейінгі кезеңді қамтиды. Мәскеудегі интеллектуалдық ортада сусындап, рухани азық жинап елге қайтқан соң, Алтеке тиражы 50 мыңға жететін «Арай–Заря» журналына редактор болды. Кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Өркен–Горизонт» газетінің редакторлығына келді. Қоғамда қозғаушы рөл ойнаған газетті басқарып жүргенде, жоғары жақтағылар тәуелсіз елдің ішкі саясатын қалыптастыра алатын лайықты тұлғалар іздеп, Алтынбекке көзі түсті. Осылайша Алтынбек тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясатын қалыптастырған азаматтардың бірі және бірегейіне айналды.

Осы тұстан бастап «биліктегі Алтынбек» кезеңі басталды. Тәуелсіз мемлекеттің қоғамдық-саяси негізін қалау  үлкен шаруа еді. Журналистік тілмен айтқанда, бұл қаңқасы ғана бар, шашылып жатқан киіз үйдің бөліктерін құрумен пара-пар еді. Осылайша Қазақстанның мемлекеттік идеологиясын қалыптастыруға Алтынбек көп атсалысты.

Негізінде, билікте қызмет етіп, биліктен қайтқан азаматтардың ішінде сөзге ілікпегені жоқ. Өйткені билікте жүргеннен кейін биліктің былғайтын дәстүрі бар. Менің білетінім, билікте жүріп, кетіп қалған соң сөзге ілікпегендері Ғалым Әбілсейітов пен Петр Своик қана. Ал Қажыгелдиннен бастап, Жақиянов, Әблязов, Тұяқбайлардың барлығы сөзден кенде емес.

Алтынбек те атқарушы билікте болған. Бірақ оның биліктегі қоғамдық-саяси өміріне баға берілерде мына жайт назарға алынуы керек. Мәскеуде білім алып, бойына адами құндылықтарды сіңіріп, демократиялық қайта құру заманынан өтіп, әбден қалыптасып пісіп-жетілген Алтынбек Назарбаевқа емес, тәуелсіз демократиялық мемлекетке қызмет ету үшін билікке келді. Осы қызмет барысында, әрине, оны қателік жасауға итермелеген кездер болды. Өйткені режим сондай – онда жүріп режимге қарсы ештеңе істей алмайсың. 1995 жылғы Конституцияны дайындау кезінде, тәуелсіз басылымдар мен қоғамдық ұйымдарды қудалау кезінде ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі одан шет қалды деп өтірік айтуға болмайды. Алайда кейін осы кезеңді ғалымдар зерттеп, бағасын берерде Алтынбектің билікте жүргені турасынан емес, Алтынбектің биліктен кетуге мәжбүр еткен жағдайлар турасынан баға беруі керек. Ол мүмкіндіктер ортасында жүрді, басқарған министрліктің қолында бүкіл материалдық игіліктер мен ақпараттық қару болды. Бірақ Алтынбек соның бәрін тастап, демократиялық оппозицияға кетуге мәжбүр болды. Осы кезден бастап «оппозициядағы Алтынбек» кезеңі басталады.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының идеологиялық негізін жасағандардың қатарында Алтынбек болды. Қазақстандағы авторитарлық режимнің елді тығырыққа тірейтінін, өзгеріс қажеттігін сезген, соны жасауға күш салған кезең бұл. Осы кезеңде Алтынбек жасаған бірнеше дүние маңызды. Алғашқысы – 2005 жылы «Әділетті Қазақстан» қозғалысының аясында Қазақстанның Ата заңына балама Конституция жасауға мұрындық болды. Одан кейін 2005 жылы президент сайлауы қарсаңында әртүрлі демократиялық күштердің басын біріктіріп, ортақ кандидат ретінде Ж.Тұяқбайды ұсынуға еңбек сіңірді.  Сол уақытта біздің бақылаушылардың есебі бойынша, Ж.Тұяқбай шын мәнінде 35 пайыз дауыс жинаған.

Ал енді «Алтынбек атылуға тиіс еді» деген кезеңге келейік. Иә, мұны қатты айтып отырмын, бірақ ол 2006 жылы атылмағанда, 2007 жылы атылар еді, 2007 жылы атылмаса, 2008-де атылар еді. Олай болмас үшін ол не шетелге қашып тынуы керек еді,  не болмаса бас сауғалап барып билік алдына, президент алдына барып, «қателестім, сізге қызмет етуге келдім» деп жығылуы керек еді. Президент оны оппозицияға кеткен соң, бір рет ақпарат министрі етіп тағайындады. Министр еткенде де, президент «Ақ жол» партиясының көп дауыс алғанынан қорқып, оппозициялық партияның арынын басу үшін министр етіп тағайындады. Бірақ ол екі-үш айдан артық отырған жоқ, себебі енді спикер болып та, премьер-министр болып та ештеңе өзгерте алмайтынына, тек қана билікті өзгерту керек екеніне көзі жетті. Яғни ол биліктің алдына бас иіп бармайтынын көрсетті. Ал енді оны неге қастықпен атуға тиіс еді? Себебі ол қоғамдағы қарсылық қозғалысының идеологы болды.

Алтынбектің көзі кеткеннен кейін, қоғамдағы негізгі қозғаушы күш болған «Ақ жол» ыдырағаннан кейін, оның алдында біраз интеллектуалдық күштерді біріктірген Масанов қаза тапқан соң, белгілі публицист С.Дуванов сотталғаннан соң, қоғамдағы қарсылық күштерінің ыдырауы басталды. Енді Алтынбектен кейінгі Қазақстан көз алдарыңызда. Бұл Қазақстанда бәрі бар: ұлтшылдар бармыз дейді, бірақ үш-төртке бөлінген, желтоқсаншылар бармыз дейді, оның өзі бес-алтыға бөлінген, діндарлар бармыз дейді, оның өзі төрт-беске бөлінген. Мемлекеттік емес ұйымдар бір-бірімен бақталас. Айналып келгенде, қоғамды бір идея төңірегіне топтастырып біріктіретін, күн тәртібін белгілеп, ұран тастайтын Алтеке сияқты азаматтар жоқ. Он екі жылдан бері қоғамды топтастыруға ынта болды, бірақ одан ештеңе шықпады. Осылайша халықты алға ұмтылдыратын, наразыларды көшеге алып шығатын күштер жойылды. Соның салдарынан Қазақстан рухани мүгедек халге түсті.

«Жастар үшін Алтынбек пен мемлекетшілдік бір ұғымға айналды»

 

Жиынға қатысқан «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі бір топ белсенді жастар А.Сәрсенбайұлының өздеріне белгілеп кеткен бағыт-бағдары қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Абылай Сәрсенбай, Рауан Бұғыбай, Нұрғали Нұртай, Аманжол Қарабай, Бексұлтан Шатлан, Ербол Молдажан, Ернар Алмабек, Есдәулет Қызырбекұлы, Махмұт Қошқарұлы және Манас Қайыртай сынды әлеуметтік желідегі белсенді жастар атынан баяндама жасаған Қайсар Тұрсынғожа бүгінгі жастар қоғамдағы сұрақтарға жауап беру үшін Алтынбек мұрасын іздейтінін, саясаткерді өздеріне үлгі-өнеге тұтатынын айтты.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, мемлекет құрылуының алғашқы жылдары туған еліміздің жас азаматтарының саяси көзқарасы, тарихи санасы, тәуелсіз ұлттық мемлекеті туралы ойлары, дүниетанымы қалыптасуының күрделі процесі жүріп жатыр. Бұл процесті бәріміз күнделікті өмірде көріп, жастардың басым көпшілігі пайдаланатын әлеуметтік желілер арқылы байқай аламыз.

Бұл маңызды да күрделі процесс қалай жүзеге асып жатқанын сол әлеуметтік желілерде жастардың мемлекет жайлы, тарих туралы, қоғамдық-саяси жағдай турасында жазған ойлары арқылы түсінуге болады. Сол жастар не дейді? Жастар әртүрлі ойларын білдіреді, бірақ дәл қазіргі кезеңдегі тренд, хайп, мейнстрим болып тұрғаны – маргиналды ұлтшылдық риторикасы. Алаш арыстарына еліктеушіліктен гөрі, олардың миссиясын, идеяларын, мақсаттарын түсініп, оны жүзеге асыру ізденісінен гөрі бұл жалпыұлттық барша азаматтарымызға ортақ тарихи құндылықты жекешелендіріп, ол брендті қолданып, сол арқылы көптеген деструктивтік топтар Алаштың атын жамылып, өздерінің жеке мүдделеріне пайдаланып, сол арқылы бұл қасиетті құндылықтың қадірін кетіруге тырысып бағуда. Жоғарыда атап өткен әлеуметтік желіде бір белсендінің «Алаш партиясын» құрып жатырмын дегені – бұл көріністің айқын дәлелі. Өкінішке қарай, оны қолдаған жастар да табылып жатыр. Осыған қатысты саяси ғылымдар докторы, Алтынбек Сәрсенбайұлының мына пікірін жеткізуді жөн санаймыз: «Саяси партияның құрылуы бір адамның немесе бір топ адамның «игілігі» болуға тиіс емес. Саяси партиялар қоғамның ішкі қажеттілігінен пайда болады және пайда болуға тиіс. Белгілі бір идеялар, құндылықтар, принциптер қоғамның өз қайнауынан өтіп барып, соның төңірегіндегі азаматтар саяси партияға немесе қозғалысқа бірігуі мүмкін». Алаштың қасиетті атын діни радикалдар, саяси экстремистерден бастап, блогерлерге дейін белсенді пайдаланып, тарихи кезеңде Алашорда идеясын маргинализацияға ұшыратуға тырысуда. Бұл өте қауіпті жағдай.

Алтынбек Сәрсенбайұлының көптеген сұхбаттарынан, мақалаларынан Алаштың тарихтағы орны, қазіргі Қазақстанмен тарихи-саяси мұрагерлігі, мемлекеттілік сабақтастығы жайында айтылған ойларын көре аламыз. Алтынбек Сәрсенбайұлы тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясатының басты архитекторы, мемлекеттің басты идеологы ретінде Алаш идеясын терең түсінді, Алаш тек мемлекеттің, қазақ ұлтының, егемендігіміздің символы, ұлтқа  қызмет етудің нақты үлгісі деген қағида ұстанды. Ол демократиялық күштердің лидері болған кезде де бұл ұстанымынан айнымады. Алтынбек Сәрсенбайұлы өзінің саяси ориентациясын либерал-мемлекетшіл деп анықтап, сол арқылы Алаш арыстары ұстанған ұлтшылдықтың бүгінгі сипаттамасын көрсете білді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының бүгінгі жастар үшін жасаған үлкен, таптырмас еңбегі – Алашорданың саяси концепциясын, идеологиялық миссиясын жаһандану заманында, саясаттың күрделену кезеңінде заманауи платформаға көшіріп, антоганизмге жол бермеуі дер едік. Алтынбек Сәрсенбайұлы барша қазақ жастарына ортақ, бір идеологиялық векторды жасақтады: бұл – мемлекетшілдік сана-сезім. Оның саяси жолы мемлекетшіл азаматтарға, белсенді жастарға нақты саяси бағыт-бағдарды көрсететін Темірқазық жұлдызы іспеттес. Жастар үшін Алтынбек пен мемлекетшілдік бір ұғымға айналды деп айтуға толық негіз бар.

Сөз соңында Алтекеңнің ұлт болашағы туралы арманымен бөліскіміз келеді:

«Қайда жүрсем де,  тек қана өңдері абыржусыз, тұрмыстары күйлі, киімдері әдемі һәм оңтайлы, жүнжімеген, еңсесі тік, денсаулығы жақсы, мәдениетті, білімді, рухы жасымаған, көңілдері қобалжусыз, бой-басы көрікті, көркем, бір-бірімен қазақ тілінде емен-жарқын сөйлесіп бара жатқан бауырларымды көрсем деп армандаймын.

Әрине, бұл қол жетпейтін арман емес. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Бәрі өзімізге байланысты…».

«Билікке енді қасқырлар келмек»

Алтынбексіз өткен 12 жыл

Жиында қорытынды сөз алған саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан маңызды кезең – билік транзитінің алдында тұрғанын, халық бұл кезеңге аса үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.

Қазақстан оппозициясы дүниеге келгелі бері қудалаудың небір толқындарын бастан өткерді. 1998 жылы Қазақстанның республикалық халықтық партиясына қосылдым. Оған дейін «Азат» қозғалысы, «Азамат» партиясы, Халықтық конгресс тәрізді қозғалыстар болды. Бұл енді өткен тарих, ал алда бізді не күтіп тұр? Террордың көкесі күтіп тұр. Неге? Осы уақытқа дейін президент Назарбаев өзінің мықты екенін, билігінің мықты екенін, бәсекелес адамдардан құтылғанын біліп келді, беделіне сеніп келді. Енді біз транзиттік кезең алдында тұрмыз. Бұл қазіргі президент кеткеннен кейін Алтынбектің елулердегі құрдастары билікке келеді деген сөз. Президент, бәлкім, либералды экономика, саяси интриганың құлы болмаған шығар, бәлкім, біреулерге кешіріммен қараған шығар. Бірақ қазір қасқырлар заманы келе жатыр. Олар ақша үшін, мүлік үшін, меншік үшін әке-шешесін сатып, жора-жолдастарын құртады, біз сияқты құрдастарына шүйлігеді. Нағыз қудалау, адам өлтіру, арандату, соттап жіберу оларға түк емес.

Сонда қоғам қайда қарап отырмақ? Неге біз тойға баруға ақша табамыз да, ал апта сайын тәуелсіз газет сатып алуға ақша таппаймыз? Неге әлеуметтік желіде белсенді емеспіз?

Сондықтан тек қана билік кінәлі, бәрін құртқан билік дегендерге айтарым: біз өзіміз кінәліміз. Осы күнге дейін Алтынбек, Заманбек, Батырханды кім өлтіргенін біле алмай отырған өзіміз кінәліміз. Ең бастысы, билік халық алдына шығып сөйлейтін адамдарды қырды, соттады, жапты, шетке қуды, партияларды, газеттерді жапты. Халық билік осы саяси ахуалды пайдаланып, ойына келген адамды билікке отырғызуы мүмкін екенін түсінуі керек. Біздің бұған төтеп беретін не партиямыз, не мықты басылымдарымыз жоқ. Сондықтан Алтынбектер өмірлерін не үшін қиды? Біз осында жыл сайын жиналып, не асқа барып, сөз сөйлеуіміз үшін қиған жоқ қой.  Олардың өмірінің бағасы – жаңа Қазақстан, тәуелсіз Қазақстан, президентке сын айтқан болашақ Алтынбектерді өлтірмейтін, оларға кепіл болатын Қазақстан. Осыған қарай жылжиық, соны іске асырайық.

P.S. Ақпанның 11-і күні бір топ саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, құқық қорғаушылар, жастар мен қарапайым азаматтар «Кеңсай» зиратына барып, Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына құран бағыштады.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.