Айдос САРЫМ. 3D басқару жүйесі: дүріл, діріл, дүбір…

774

Өткен жұмада президент Н.Назарбаев 2017 жыл қорытындылары бойынша кеңейтілген үкімет отырысы мен облыс әкімдерімен жиын өткізді. Үш-төрт апта бойы шенеуніктер табы қорқа-үрке күткен шара жылдар бойы қалыптасқан дәстүрге сай өтті десе болады. Қысқартып айтсақ, бүгінгі күнде елді басқару, мемлекетті басқару «үш Д» принциптерге сай өтіп жатыр. Басқарудың үш-ақ өлшемі бар: алдымен оқиға болады деп дүрілдету, сол арқылы шенеуніктер мен шенділерді дірілдету, оқиға өткеннен кейін сан-саққа жүгіртіп дүбірлету. Шу бар, шаң бар, ал нәтиженің болу-болмауы неғайбыл…

Жалпы алғанда, шенді-шекпенділердің арасында ақпан айында мемлекет басшысы кеңейтілген үкімет жиынын өткізіп, талай басшыны жұмысынан алады, осы жиында барлығы да шешіледі деген дақпырттың тарағанына біраз болған еді. Онсыз да негізінен тек өсек-аяңмен тыныстап, қоректенетін Астана қаласының сол жағалау тұрғындары үшін барша ғұмыры «жиынға дейін» мен «жиыннан кейін» болып кетті. Біреулері «ана басшы жиыннан аман қалса көрерміз» деп шіренсе, екіншілері «жиыннан аман қалсақ көре жатармыз» деп тіренеді. Қарапайым адамдар уақытын күнтізбемен өлшейді: бірі жылын жаңа жылдан бастаса, бірі тек Наурызбен бастайды. Шенеуніктердің жылы да, уақыты да осы жиналыс-жиындармен өлшенеді. Барша ой-арманы – бір жиыннан аман өтіп, екіншісіне жету. Міне, осы дәстүрлі ақпан жиналысы да өтті. Басқаша болуы да мүмкін емес сияқты…

Әншейінде «біз сыннан қорықпаймыз», «жұмысымызды ашық жүргіземіз» деп, кемінде интернет-трансляция арқылы жұмысын көрсететін үкімет бұл жолы әбден үйреншікті «жабық» форматты таңдады. Жиын туралы толық ақпараттар президент пулына кіретін журналистер арқылы жарияланып отырды. Негізгі баяндамалар мен жиынның видеосы тек кешкі жаңалықтарға ғана дайын болды. Соның өзінде жиында біраз драматургия мен сценарийлік ізденістердің болғанын байқай аламыз.

Мысалы, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың баяндамасын тыңдап болғаннан кейін елбасы компартия кезіндегі жастық шағын еске түсірген болуы керек, «Жақсы баяндадың, бірақ самокритика жоқ» деп баға берді. Бірақ  қазақ тілі мен түсінігінде жоқ «самокритика» үкіметтің баяндамасында қайдан болсын? Өзін-өзі сынаған, өз кемшілігін өзі ашқан қазақ болып па бұл заманда? Сағынтаев та бір адамдай жұрт қатарлы қазақ баласы ғой…

Премьерден кейін сөз алған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің баяндамасы да президенттің көңілінен шыққан жоқ. Ақышевтің басты кінәраты екінші деңгейдегі банктердің жұмысын реттеу мен соларға қайта-қайта мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек тұрғысында болды. «Банкрот қылу керек және де ақшаны қалдырсын. Ол акционерлер ешқайда кеткен жоқ, осында отыр. Банктерді ақшаны жинап, одан кейін шығарып алу үшін құрған. Тапа тал түсте қалай ұрлық жасауға болады?» – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ең қызығы, сол барша банктердің түпкі иелері мен акционерлері жиналысқа толық дерлік қатысты десе де болады. Және де олардың көбісіне Ақышевтің сөзі өте бермейтінін президент түгіл, даладағы жер жыртып, мал баққан қарапайым қазақ та түсіне бастаған сияқты.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың баяндамасы да президенттің көңілінен шықпады. Қаржы саласының басшысын сынай отырып президент оған: «Бүгіннің өзінде саған екі ескерту жасадым. Үшіншісі соңғы ескерту болуы мүмкін. Айланыс!» деп дүңк етті.

Алайда жиынның басты қызығы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға қатысты болды. Еліміздегі еңбек нарқы, жұмыссыздық, жаңа еңбек орындарын құру мәселелеріне тоқталған президент сала министрінің бетін бірден қайтарып тастады: «Бұнымен ешкім айналыспаған. Министр Дүйсеноваға талай рет айтып едім осыны. Не болды, Тамара, айтшы, әлде шаршадың ба осы жұмыста?» Жиында шаршамағандай болып көрінген Тамара ханым шаршаған болып шықты. Дәл сол күні кешке Дүйсенова ханым еліміздегі жұмыссыздардың қатарын толықтырды. Оның орнына ұлттық экономика вице-министрі болып қызмет атқарған Мәдина Әбілқасымова тағайындалды.

Бұл жұрт көрген, естіген жағдайлар. Ал жиынның астарында қамтылмаған не қалды? Не айтылуы керек еді? Не айтылмады?

Біріншіден, біздің елдегі билік кемі 26 жыл бойы өзгермеген, ауыспаған билік. Биліктің барлық дерлік технологиялары мен қулықтарын халық ұғына бастады. Интернет заманындағы, әлеуметтік желілері дамыған қоғамды алдап-арбау жыл өткен сайын қиындап бара жатыр. Ерінбей отырып президент өткізген осындай дүбірлі жиындар мен жиналыстардың видеоларын қарап шығуға болады. Кейбір адамдардың аты мен заты өзгерді демесек, айтылып жатқан сынның сыңайы мен шырқы біреу. Кейбір кезінде сыналып, жұмысынан алынған адамдар уақыт өте қайтадан бұрынғы орындарына қонжиғанына да куә болып отырмыз. Олай болатын болса, биліктің технологиясы мен риторикасы да өзгеруі тиіс еді. Кемі шенділеріміз «халық деген бала ғой, не айтсақ та тұтына береді» деген надан психологиядан арылуы керек. Жас өспей ме, жарлы байымай ма? Бүгінгі халық – бұрынғыдан мүлдем өзге халық. Оның талап-тілегі де, арман-мұраты да өзгеріп келеді. Ескінің қалдығы мен жылытпасы оған қорек бола алмасы көзі ашық адамның барлығына да түсінікті.

Екіншіден бүгінгі билікке қатысты «бүгінгі жүйе өзгере ала ма, жоқ па?» деген үлкен сұрақ бар. Егер бұл билік пен жүйе эволюцияға дайын болып қана қоймай, сол эволюциялық жолды бастай алса, онда оның болашағы бар деген сөз. Егер болмаса, онда қоғам ішінде «бұл жүйені түбегейлі құртпай, ештеңе өзгермейді» деген пікір саяси идеяға, тіпті ұранға айналып кетуі ықтимал. Кеше ғана «тәубе, шүкір, әйтеуір, соғыс болмасыншы» деген жұрттың орнына бүгінде «не болса да бірдеңе болсыншы, әйтеуір» дейтіндер келіп, олардың саны көбейіп келеді. Кешегі жиған-тергені желініп, жұтылып, девальвацияға ұшырап, алғаны тозып жатқан қоғам кез келген билік үшін зор қауіп. Себебі революциялар халықтың аш кезінде орын алмайды, кешегі байлығы мен ризығы қолынан кете бастаған кезде болады. Есі дұрыс биліктің осындай кездегі бірінші міндеті – халықпен бірге болу, халықтың сөзін сөйлеу. Бүгінгінің басты ұраны – әділет, әділеттілік деп ұғынсақ, болардың қайнар көзі мен алғышарты – шындық пен шынайылық.

Осыдан туындайтын тағы бір мәселе бар. Ол – құлық пен жігер мәселесі. Кешегі алқалы жиыннан ұққанымыз бір ғана: билік бүгінгісіне толық көңілі толмайды, қателігі бар дейді, бірақ, негізі, үрдісін дұрыс, сара жол деп ұғынады. Осынысы қаншалықты дұрыс? Қаншалықты шындыққа саяды? Басқа емес, тек өз айтқанын, мәлімдегенін атқаруға биліктің күші, жігері, шындығы жете ме? Мысалы, банктерді алайық. Банктер мәселесі, айналып келгенде, биліктегі 20-30 адамның мәселесі емес пе? Егер осы 20-30 адамды бір тоқтамға келтіріп, нақты шешім қабылдайтын ниет болса, оны істеу қиын емес сияқты. «Мінеки, осындай ойын ережесі болады. Осыдан кейін еш өзгермейді. Өлген банк өледі, қалған банк қалады. Ешкім де мемлекеттің қолдауына жүгірмейді. Бұл мызғымас ереже» деген қатаң ұйғарым керек. Биліктің өз ұстанымдарын іске асырудағы белсіздігі кез келген ереже мен ұстанымды жоққа шығарады. Өз ережеңді өзің орындамаған соң, кез келген жаңа ойыншы бұл ережені бұзуға болады екен деп ұғынады. «Анаған рұқсат етілсе, маған неге рұқсат болмауы тиіс?» деген пайым басым болады. Бұны тек дүріл мен діріл арқылы, пәрмен мен полиция арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес. Шындасақ ұзақ мерзімге ойын ережелерінің мызғымастығын екі құрал, екі бағыт арқылы қамтамасыз етуге болады. Бірі – ішкі мораль, наным-сенім, сол моральды бұзғаны үшін қолданылатын санкция. Екіншісі – мықты мәдениет, әдебиет, өнер. Билік осындай мораль мен мәдениеттің бар екендігін көрсете білуі тиіс. Соған барынша тырысып-тырмысуы керек.

Үшіншіден, бүгінде үкімет мүшелері жүргізіп, өткізіп жатқан іс-шаралар қоғамның, елдің ертеңгі түгіл, бүгінгі, ағымдағы мәселелерін шеше алмайды. Мәселе шаралардың бұрыстығында немесе оларды істеп жатқан азаматтардың шикілігі мен жемқорлығында ғана емес. Билік пен қоғам арасындағы қоғамдық келісімшарттар ауысуы қажет. Жаңа консенсустық келісімшарттар биліктің қоғамға барынша тәуелдігін, жақындығын, ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, билік атқарып жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың қоғамның көңілінен шығуын, алдағы 20-30 жылдағы қажеттіліктері мен проблемаларының алдын алуға негізделуін қамтамасыз етуі міндет. Бұл билік ұстанып, тұтынып, қолданып келе жатқан барша саяси-экономикалық идеялар жиынтығының, әдістеменің, тіпті риторика мен сөздіктің жаңартылуын қажет ететін түбегейлі дүние. Қазақ ұлттық мемлекеті көпшілікке қызмет етуі тиіс. Ең алдымен ұлттық байлық ат төбеліндей ғана топтың емес, барша елдің игілігіне қызмет етуі парыз. Шынайы әлеуметтік модернизация қоғам дамуының адами, адамгершілік аспектілерінен тыс айналып кете алмайды. Жаһандану және жаппай урбанизация заманындағы жаңа қазақ қаласының болмысын жасақтау, қазақ қаласының кедейшілік пен бақытсыздық мекені емес, керісінше, белсенділік пен бақуаттылық мекеніне айналуын қамтамасыз ететін әлеуметтік саясат ауадай керек. Мұны халықты әлеуметтік реабилитациялау деп  айтсақ та болады. Оның жолдары мен тетіктері әлемде бар. Біразы қазақтың ұлттық дәстүрі мен мәдениетінен туындайды. Осы әлемдік тәжірибе мен ұлттық дәстүрдегі ең керекті, қажетті тетіктер мен жолдарды табыстыру қоғам қолдайтын, қазақ іздеген әлеуметтік моделі, болашақтың саяси прагматикасы мен парадигматикасы болмақ. Өзінің де, ұлтының да болашағын ойлаған билік осы тұрғыда ойланып, осы тұрғыда жұртқа ой салуы керек сияқты. Басқасы – бекершілік, бос даурығу.

Қысқасы, билік аталмыш «3D» басқару моделінен, яғни репрессивті-мобилизациялық модельдерден бас тартуы керек сияқты. Дүріл, діріл, дүбір, айналып келгенде, қайтадан сол дүріл, діріл, дүбірді ғана қайта тудырады. Илон Масктар 90 миллион долларға Марсқа ракета ұшырайын деп отырған заманда аталарымыздың «тігідік-тігідігі», советтердің «атамын-жоямыны» өтпейді. Кешегі өткен жиын қазақ тарихындағы ең соңғы «советтік» жиын болсын деп тілейік. Бізге шынайы жаңалық керек.

Айдос Сарым, саясаттанушы

 арнайы «Жас Алаш» үшін

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.