Жақында бір топ ғалым президент Н.Назарбаевтың атына ашық хат жазды. Ғалымдардың хаты – «ашынғаннан шығады ащы даусым». Хатта білім және ғылым министрлігімен байланысы жоқ депутаттар мен ұлттық ғылыми кеңеспен ым-жымы жоқ ғалымдардан тәуелсіз комиссия жасақтап, 2018-2020 жылдарға арналып, ғылыми жобаларға бөлінетін грант нәтижелерін қайта қарауды өтінген.

Ашық хатта гранттарды бөлу мәселесінде ғылым саласындағы заңдылықтарды өрескел бұзу орын алғаны айтылған. Ғалымдардың жанайқайын естіп, осы мәселе төңірегінде Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Ғалымдардың президентке ашық хат жазуына не себеп болды?

– Былтыр күзде ғылыми зерттеулерге ізденістерді қаржыландыратын үш жылдық мемлекеттік грант жарияланды. Соған ғалымдардың бәрі өз жобаларын беріп, қатысты. Міне, сол гранттың нәтижелерін көргенде ғалымдар шалқасынан түсті. Себебі жеті-сегіз қоғамдық ғылымдар институтының әрқайсысының берген 30 тақырыбынан 10-ы, яғни 3-4 пайызы ғана өткен. Сөйтіп, 90 пайыз ғалым жұмыссыз қалайын деп тұр. Басқа институт ғалымдарында да осы жағдай.

– Ғалымдардың жобасын қарап, грантты бөлуді министрліктің қандай мекемесі атқарады?

– Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті ғылыми кеңеспен бірлесіп, шешіп отыр. Комитеттің грант бөлудегі ісіне қатысты біздің Ғалымдар одағына елдің түкпір-түкпіріндегі ғалымдардан бір топ наразы хаттар келіп түсті. Бізге ғана емес, бас прокуратураға, қаржы полициясына тікелей жазылып жатқан хаттар да бар.

– Министрліктің жанындағы ғылыми кеңес сонда ғылыми жобаларды дұрыс сараптай алмай ма?

– Ол жердегі ғылыми кеңесте ғылым шенеунігі, яғни ректорлар, проректорлар, институт басшылары болмауы керек деген үкіметтің қаулысы бар. Міне, ғалымдардың президентке жазған хатында министрліктің өзі сол қаулыны бұзып, ғылыми кеңестің құрамына директорларды кіргізіп жібергені айтылады. Әрине, әр директор өз саласы бойынша бөлінетін гранттарды қорғайды.

Шындығында, егемендік алғалы ғылымға қиянат жасалуда. Ғалымдар өлместің күнін көріп келеміз. Оның дәлелі, егер ғылымға берген қаржының көлемі 1991 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,68 пайызын құраса, ал қазір небәрі 0,14 пайыз. Өсудің орнына 4,25 есе кеміген. Бұл ғылымның дамуына кері әсерін тигізбей ме?

«Шетелде қалай?» деген сұрақ туады. Біз дүниежүзіндегі бәсекелестігімізді ғылымға берген қаражатпен есептесек (шетелде солай), көп артта қалып отыр екенбіз. Бізде ғылымға бөлінетін қаржы дамыған елдермен салыстырғанда 20-25 есе аз. Оларда жалпы  ішкі  өнімге  (ЖІӨ) шаққанда 3-4 пайыз. Көп мақтанбай-ақ, осыдан-ақ біздің экономикамыздың төмен екендігін білуге болады. Осындай мүшкіл жағдайда отырып бізде қалайша дүниежүзілік деңгейдегі ғалымдар шықпады деп айта аламыз?!.

Мен сізге айтайын, кеше Путин ғалымдармен кездесті. Сонда ғалымдар «кейбір жобалар аяқсыз қалып қояды» деді. Ал Путин болса «ешбір ғылыми жоба аяқсыз қалмауы тиіс» деді. Ғылыми жобаларға қаржыны тікелей береміз деп Путин ғалымдармен сұхбаттасты. Енді сізге сұрақ берейін, біздің президент ғалымдармен қашан сұхбат жасады?  Журналистердің төрт-бесеуі болсын президентпен кездесті, сұхбат құрды. Ал елбасының ғалымдармен кездесуі, әңгімелесуі болған жоқ. Жалпылама кездесулер өтті. Бірақ дөңгелек үстелде ғалымдармен отырып сөйлесу – ол басқа. Ашығын айтқанда, президенттің ғалымдармен сұхбат құратын уақыты келді.

– Ғылымға деген саясат өзгеруі керек дейсіз ғой…

–Иә, ғылымға радикалдық өзгерістер қажет. Қазіргі министрлік ғылымды алып жүре алмайды.

– Енді не істейміз?

– XXI ғасырда ғылым мен жоғары технологияның рөлін ескере отырып, осы салада ведомствоаралық мемлекеттік орган – ұлттық ғылым агенттігін құру керек. Және де АҚШ-тағыдай ұлттық ғылыми қор қажет. Қазір не көп – академик көп, академия көп. Олардың елге беріп отырған пайдасы шамалы. Осылардың басын біріктіріп, бір мемлекеттік қоғамдық ұлттық академия құру керек. Ғылымы терең, білімі қоғам талабына сай тұрған мемлекет те жоғары, асқақ, биік деңгейде болады. Дамыған елдердегідей президенттің басқаруымен ғылым мен техника жөніндегі жоғарғы консультативті кеңес ашу қажет. Ол халықаралық деңгейде бәсекелестікті күшейтеді. Әсіресе ғылымы, білімі күшті үлкен аймақтарда кластерлік ғылыми-инновациялық орталықтар ашудың маңызы зор. Халықаралық деңгейдегі жеке ғалымдардың ғылыми мектептерін ашып, оларға жағдай жасау керек. Өйткені мемлекет экономикасының дұрыс дамуы үшін кем дегенде ғылымға ЖІӨ-нің 1,5 пайызын бөліп, ал үдемелі дамуы үшін 3-4 пайызға жеткізу керек. Халықаралық деңгейде ғалымдардың мектептерін ашып, жалақыны еселеп көтеру де ләзім.

– Шенеуніктік жүйе жағдайындағы ғылым дамиды деп ойлайсыз ба?

Дамымайды. Дамыған елдерде ғылымды басқару жүйесі алты буын болса, бізге 10-12. Яғни министрліктен бөлінетін қаржы немесе шешім ғалымға жеткенше 10-нан астам шенеуніктің қолынан өтеді. Егер ол ғалым облыста, ауданда болса, шенеуніктер саны тағы өседі. Мұндай жағдайда ғылымның дамуы мүмкін емес. Сондықтан ғылымды басқарудағы шенеунік жүйесін қысқарту керек. Өйткені тізбектеліп кете беретін шенеуніктердің әрқайсысына есеп керек, сол қағазбастылыққа ұрындырады. Кез келген институт қазір қағазға көміліп отыр.

– Ғалымдардың президентке жазған хатынан қандай да бір үміттеріңіз бар ма?

Үміттенбеуге болмайды. Бірақ сол үміт үзіліп барады. Себебі ғылымдағы осы бір ауру жылдан-жылға асқынып барады.

Ең қиыны қоғамдық ғылымда. Мысалы, информатика институты. Өлместің күнін көруде. Осылай бола тұрса да, олар, бір жағынан, іргелі ғылыммен айналысады; екінші жағынан, мемлекетіміздің идеологиясын жасауға атсалысады. Кешегі конкурста әр институт үш-үштен грант алды. Бұл дегеніміз – әр институтта он шақты адам қаржыландырылады, қалған 90 пайызы жұмыссыз деген сөз. Одан да жауып тастай салмай ма?! Біз өзімізге бермеген қыруар ақшаны біздің жобаларға экспертиза жасап, баға беруге шетелдің эксперттеріне шашамыз. Сонда ойлап қараңызшы, қай шетелдің маманы қазақтың тарихы, әдебиеті, мәдениеті, тілі өссін деп жоғары баға береді?! Ондай ақымақты мен көрген жоқпын, ақымақ өзіміз болып отырмыз. Мұндай бассыз саясаттың тамырына балта шабу керек. Қоғамдық ғылымдарды Қытайдағы сияқты үкімет өз қолына алып, толып жатқан ғылым академияларын, ғалымдар одағының потенциалын пайдаланып, мемлекет қоғамдық ғылымдарға мемлекеттік тапсырыс беруі керек.  Міне, осылайша бұл мәселе шешіледі. Не қоғамдық ғылымдарды жауып тастау керек, не осылай жасау керек. Басқа жол жоқ.

– Білім және ғылым министрлігіне белгілі шара қолдану керек пе?

– Меніңше, білім және ғылым министрлігінің біліктілігі төмен.  Білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, мәдениет министрлігі – бұлар стратегиялық мәні бар мекемелер. Ол министрліктерге қазақтың тұлғаларын қою керек, баланы емес. Сол тұлғаға жүктелген саланы көтеруді талап ретінде қойса, онда жаңағы маңызды салалар дамитын еді.

Міне, қараңыз, ғалымдардың наразылығы президентке, бас прокуратураға, қаржы полициясына жазылып жатыр. Ал министрліктен, министр Сағадиевтен бір ауыз жауап жоқ. Сонда бұл қандай министрлік?

Ғылымды осындай күйге жеткізген не нәрсе?

Ол – жүйе. Тек ғылымның ғана  халі мүшкіл емес, барлық саланың жағдайы осындай. Соның ішінде, ең маңыздысы, ғылым саласының күйі біз айтып отырғандай болса, басқасын сұрамай-ақ қоюға болады.

Мемлекет ғылымға серпін беретін кандидаттық, докторлық қорғауларды, ғылыми кеңестерді жауып тастады. Ал бұл жүйе бізден басқа ТМД мемлекеттерінде сақталып қалды. Оған балама ретінде ашылған магистрмен РҺD арқылы ғылыми ізденіспен айналысатын маман даярлау ісі сын көтермейді, сапасы өте төмен. Егер шынын айтсақ, осы күнге дейін ғылымды әлі де болса көкке көтеріп келген билік емес, жеке патриот ғалымдар.

Былтыр алты елде конференцияға шақырып, лекция оқыдым. Соның бірі, Мәскеуге барып, «Мемлекетті төрттік спиральмен басқару» деген тақырыпта сөз сөйледім. Ол: мемлекет – ғылым – бизнес – қоғам. Ал бізде  мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік қана бар. Кейде кім үкіметте, кім бизнесте жүргенін білмейсің, сапырылысып жатыр. Орындары да ауысып кетіп жатқанын білесің. Ал дамыған елдерде ғылымның жетістігін бизнеске айналдырады.

– Егер аяқастынан үкімет өзгеріп, министр ауысып жатса, бұл жағдай өзгереді деп ойлайсыз ба?

Жоқ. Себебі – қалтадағы 10 сақа. Шиырып, айналдыра береміз. Алшы тұрса әкім болады, тауа тұрса министр қоямыз, тоңқы тұрып қалса орындарын ауыстырамыз. Құлап қалса, көріп отырсыз, құлағандардың не болып жатқанын… Міне, сол 10 сақа. Он сақадан ештеңе шықпайды. Қазақта небір сақалар бар, бірақ қазіргі жүйе оларды жібермейді.

Ғалымдардың хаты – ғылымның бір мәселесі ғана. Меніңше, бұл жерде тек ғылыми жобаларға грант бөлуді ғана емес, ғылымның мәселесін тұтас шешпесе болмайды. Ең әуелі нағыз ғалымдармен кездесіп, саланың ащы шындығын есту керек. Сол негізде әрі қарай жұмыс істелгені абзал.

–Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан   Өміржан Әбдіхалықұлы   

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.