Облыс әкімі «рухани жаңғыру» арқылы медицина саласын көркейтпек. Бірақ ол елге мақтана  баяндаған осы жоспарын президентке айта алмады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов үшін өткен аптаның басы тәтті, аяғы қатты күндерімен есте қалғандай. Аптаның алғашқы күндерінде облыс орталығынан Семейге келген өңір басшысы қаладағы нысандарды аралап, соңында қала әкімі  Ермак Сәлімовтің есеп беру жиынына қатысты. Былай қарасаң, ай сайын келіп, жергілікті шенеуніктердің тапсырманы қалай орындап, жұмысты қалай жапырып, уәдені қалай сапырып жатқанына куә болып жүретін Ахметовтің келіп-кеткенінде тұрған пәлендей ештеңе жоқ. Бірақ Ахметовтің бұл жолғы сапарында медициналық мекемелерде  айтқандары еріксіз назар аудартады. Тіпті еріксіз езу тартқызатындай. Әсіресе дәрігер алдынан шықса, өңірдегі медицинаны дамытуда толағай табыстарға жетуге жол ашылып жатқанын айта жөнелетін облыс әкімінің сөзіне сенсек, Шығыс Қазақстан облысы бұл салада  басқа аймақтарды басып оза бастағандай.

Әкімнің одасына арбалмай тұрып, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бұған дейін таратқан мына бір ақпараттарын екшеп көрелік. Айталық, Өскемендегі №1 қалалық ауруханада роботтандырылған хирургия орталығы ашылмақ. Оның қашан іске қосылатынын бір құдай білсін,  әйтеуір, басқарма басшысының жоспардағы тізіміне еніпті. Республиканың ешбір қаласында жоқ мұндай орталық ашылса, трансплантологиялық және ангиохирургиялық ота жасауға қол жеткізеді екенбіз. Облыстық бюджеттен медицина  саласына 9,5 млрд теңге қаржы бөлініп, оның 7,3 млрд теңгесіне қажетті құрал-жабдықтар алынуы тиіс екен. Есесіне Бородулиха, Бесқарағай, Глубокое, Ұлан аудандарындағы орталық ауруханалар және Өскемендегі инсульт орталығы жаңа жабдықтармен толықтай қамтылмақ.

     Әрине, әдемі жоспар шын мәнінде іске асып жатса қалайша қуанбассың? Д.Ахметов Семейге келген осы жолғы сапарында бұл күндері әкімқаралардың  аман-саулықтан кейінгі айтатын «рухани жаңғыруы» медицина саласына да жеткенін айтып салды.  Семейдің беткеұстар медициналық нысаны, облыстың тоғыз ауданына қызмет көрсететін жедел жәрдем ауруханасында көп ұзамай ортопедия және политравма орталығы ашылмақ екен. Ал келесі жылы облыстағы барлық ауруханалар мен емханалар орта деңгейдегі әлемдік жабдықтармен қамтылатынына сендіре сөйлеген Ахметов алдағы бес жылда өңір медицинасының бәсекеге қабілеті бірнеше есе артарын күмәнсіз айтты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі қазақ медицина орталығын ашамыз», – деді облыс әкімі жедел жәрдем ауруханасыңда.  Әрине,  медицина қызметі мен сапасын дамытамыз дегені жақсы-ақ. Алайда дәстүрлі қазақ медицина орталығын ашуды «рухани жаңғыруға»  қыстырып қоюдың қисыны бар ма? Сосын облыс әкімі дәстүрлі медицинаны қалай түсінеді, көз тимес, сөз тимес үшін түшкіртіп берсе жетеді дей ме? Айтпақшы, осы «рухани жаңғыруды» қазір өңір әкімдері ұраншылдыққа айналдырып, ұсақ-түйек шараларға да телу етек алып кеткенін президент жұма күнгі (9 ақпан) үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде беттеріне басты. Осы жиында мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, ШҚО әкімі Д.Ахметовтерді тұрғызып қойып, сапасы төмендеп кеткен медицина қызметін  сынға алды. Облыс аудандарын аралаған сайын ақхалаттыларға ақыл айтып, «Шығыс Қазақстан облысы медицинаны дамыту жағынан республикада бірінші болатынына» мақтанып жүрген Даниал Ахметов президент алдында жер шұқып  қалды. «ШҚО-да медицинаны компьютерлендіру неліктен 21-ақ пайыз?» деген сұраққа қалай ақталарын білмеген Ахметов қипақтай жауап қатып, алдындағы столды сипалап қалды. «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» керімен, жіптің бір ұшы қаржы министрі Бақыт Сұлтановта жатқанын айтып, ақталған болды.

 Өткен жылдың соңында ғана мемлекет басшысының  қолынан «Отан» орденін алған қос әкім – Сапарбаев пен Ахметовтің отандық медицинаны дамыту бағытындағы істерінде кемшілік аз  еместігіне «Істей алмайсыңдар ма? Онда себебін айтыңдар», – деп Назарбаевтың ызбарлана қарағаны дәлел. Оның үстіне күні кеше ел-жұртты алаңдатқан  Үржар ауданы  Шолпан ауылында жаппай етек алып кеткен вирусты А гепатитінен бір мектеп оқушысы қайғылы қазаға ұшырап, жергілікті дәрігерлердің қанша баланың ауру жұқтырғанына қатысты нақты  шындықты жасырып қалғаны тағы бар. Бұл туралы «Жас Алашта» екі мәрте мақала жарық көрді. («Өрімдей қыздың өмірі қиылды», (18. 01. 2018 ж.)  «Сараурудың соңы шоуға айналып кеткендей» 25. 01. 2018 ж.)  Жергілікті дәрігерлердің ауру диагнозы жазылған дәптерлерді қолмен түзетуге жанталаса кіріскені де біздің қай ғасырдың медицинасында отырғанымызды көрсетіп бергендей болды.  Бәлкім, «Цифрлы Қазақстан» аясында ауылдағы медициналық  мекемелерді компьютерлік базаға көшіруге осындай жайттар түрткі  болды ма, кім білсін?..  Әйтеуір, Даниал Кенжетайұлын президент атын атап, орнынан босқа тұрғызбағанын өз көзімізбен көрдік.

Тағы бір таңғалдырған жайт, едел-жедел республикалық, облыстық комиссиялар Шолпан ауылына барғанда да, «бәріне кінәлі» ауданның бас дәрігері қызметін атқарған Ж.Тілеубердин екендігін анықтап, оны орнынан босатып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауырды жаба тоқып жатқанда да, Д.Ахметов бұған қатысты жұмған аузын ашқан жоқ. Құдды Үржар шығыста емес, басқа облыста орналасқандай кейіп танытты. Ал Үржар ауданының әкімі С.Зайнулдиннің ауру тұралатқан ауылға болары  болып, бояуы сіңгенде барғанымен, қызы Заринадан айырылып аһ ұрып қалған анаға көңіл айтып көрінуге жарамағаны тағы бар. Мұны «Жас Алашта» жарық көрген мақалаларды оқып, көкейдегі  ойын жеткізгені үшін газетке алғысын  білдірген Заринаның анасы Индира Жәнібекованың өз аузынан естідік.

Айтпақшы, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Шорановқа Шолпан ауылындағы жағдайды өз көзімен көріп қайтқаннан кейін қандай қорытындыға келгенін, дәрігерлерге қандай шара қолданатынын білу үшін және Шолпан ауылынан кейін Аякөз ауданында 19 баланың вирусты А гепатитін жұқтырғанына байланысты нақты мәлімет беруін сұрап, бір апта бұрын арнайы хат жолдаған едік, әлі күнге дейін жауап жоқ.

Сонымен, облыс әкімі Д.Ахметовтің шығыста отандық медицинаны дамыту бағытында атқарып жатқан істері ұшан-теңіз, жоспарлап отырған шаруасы шаш етектен болып жатса да, оның бәрі де президент алдында түкке тұрғысыз болып қалды.

Сәтжан  ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.