Тексеру комиссиясының төрағасы не үшін сотталды?

964

Қаншама шенеунік  алған парасына қарай жаңа тәжірибеге сәйкес, 100 миллиондап айыппұл арқалап жатқан кезде Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты тағы бір тың жаңалық ашты.  Сот былтыр жазда 7 миллион теңге парамен ұсталған Оңтүстік Қазақстан облыстық  тексеру комиссиясының бұрынғы төрағасы Сырым Шалабай мен осы комиссияның бұрынғы бас маманы, мемлекеттік аудитор  Біржан Құдияровқа айыппұл төлеу түріндегі жазаны қолданудың қажеті жоқ деп тапты. Себебі кінәсін мойындамаған сотталушылар бәрібір өздеріне салынған айыппұлды төлей алмайды деген шешімге келді.

Бұл оқиғаның басы 2017 жылдың мамыр айында Шымкенттегі Темірлан тас жолының бойындағы бильярд клубтарының бірінде С.Шалабай мен Б.Құдияровтың арасындағы әңгімеден басталады.  Осы жерде екеуі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүргізілетін тексерудің жұмыс жоспарын талқылаған. Төраға бас маманға егер басқармадан қаржылық заңбұзушылықтар анықталса, онда ол үшін 30 мың АҚШ долларын сұрау қажеттігін айтқан көрінеді. Ол бұл ақшаның 10 мың доллары аудиторлық қорытындыны өткізу үшін  Есеп комитетіне жіберілетінін де жұқалап жеткізген.

Б.Құдияров басқармадан біраз заңбұзушылық табады. Оны қорытындыда көрсетпеу үшін бөлім басшысынан бақандай 50 мың доллар сұраған. Бөлім басшысы бұл жайтты басқарма басшысының орынбасары Сәтжан Полатовқа барып хабарлапты. Орынбасар: «Ондай болмайды ғой, ол дұрыс емес, ертең пара беруші ретінде өзіміз кетеміз, мүмкін, ұлттық бюроға шағымдану керек шығар», – дегенді айтыпты. Бөлім басшысы осыдан кейін өз бастамасымен сол күні, яғни 19 шілдеде кешкі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаментіне барып арыз берген. Сотта куә ретінде жауап берген С.Полатов «Ұлттық бюроға шағымдану керек шығар» деген сөзді айтқанын жоққа шығармаған.  Алайда ол бұл сөзді  20 шілдеде (яғни ҰБ-ға арыз берілгеннен  бір күн кейін) айтқанмын депті. Бір айта кетері, Сәтжан Полатовтың өзі арада екі ай өткенде «сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады» деген күдікпен ұсталып кетті (ол С.Шалабайдың сотына түрмеден, әлде үйқамақтан келіп жауап берген болуы мүмкін).

Бұдан кейінгі сценарийдің бәрі антикоррупциялық мекеменің жоспары бойынша жүргізілген. Олар арызданушыны дыбыс жазу құралдарымен қамтамасыз етіп, Б.Құдияровпен екі-үш мәрте кездестірген. 50 мың долларды 7 миллион теңгеге түсіруге көндірген. Кездесуде ойында ештеңе  жоқ Б.Құдияров бөлім басшысына «картаны ашып қояды». Ол бастығының «аппетитный» адам екенін, бұрын тексеруге барғандарында ынсап болатынын, қазір С.Шалабай келіп, еш нәрседен қорықпай ұрып жатқанын, өзі орын босаса, аудандарға ауысып кеткісі келіп жүргенін айтыпты. 23 шілдеде Б.Құдияров  қаладағы кафелердің бірінде 7 миллион теңге параны алу үстінде ұсталады.  Ол қолға түскен бойда параның 3 миллион 300 мың теңгесін бастығы С.Шалабайға алдын ала сөз байласу арқылы берілуі тиістігін айтып, арыз жазады. Департамент қызметкерлері төрағаны шұғыл түрде ұстау шараларына кіріседі.

 Енді пара берушінің рөлін Б.Құдияровтың өзі ойнайды. Ол Байтұрсынов көшесінің бойындағы С.Шалабайдың үйіне жақын жерге барып, оны ұялы телефон арқылы кездесуге шақырады. Қысқасы, сол күні тексеру комиссиясының төрағасын ұстау операциясы сәтті жүзеге асқан.

Б.Құдияров тергеу барысында кінәсін мойындаудан бөлек, С.Шалабайдың қылмыстық әрекетін де әшкерелеп берген. Оның бастығы сияқты қамауда емес, үйқамақта жүргені де осымен байланысты болған шығар, бәлкім. Алайда іс сотқа өткен соң, ол жауаптарының бәрінен бас тартып, күрт айныған.

Құдияров енді  2005 жылы жол апатына түскеннен кейін басы ауыратынын, әлдебір дауыстарды естіп, далаға шығып кететінін, мелшиіп отырып қалатынын, көп нәрселердің есінде жоқтығын айтады. Ең ақыры ұлттық бюро қызметкерлерінің өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізіп, асылып қалғанын мәлім етеді. Мұны сотта жауап берген келіншегі де растаған. Ол күйеуінің түн ішінде пресс жіпке асылып қалғанын, оны дер кезінде байқап қалып, жіпті пышақпен кесіп алғанын айтады. Ақыр аяғында сот Б.Құдияровтың ақыл-есінің бүтіндігіне көз жеткізу үшін сараптама тағайындайды. Сарапшылар «сотталушының ақыл-есі дұрыс, өз-өзін қорғау үшін осындай әрекетке барып жүр» деген қорытынды берген.

Ал С.Шалабай сот барысында өзінің қазақша мүлдем білмейтінін, жұмысындағылардың мұны сыртынан «орыс» деп атайтынын,  сол себепті оқиға кезіндегі әңгімелердің бірін түсінсе, бірін түсінбегенін алға тартады. Алайда сот бұған сенімсіздікпен қарап, С.Шалабайдың ана тілін тәп-тәуір білетінін дәлелдеп шыққан. Дәлелге С.Шалабайдың орта мектеп пен  университетте қазақ тілі пәні бойынша «5» деген бағамен оқығаны, аттестаты мен дипломында «өте жақсы» деген баға қойылғаны келтірілген.

Бір қызығы, сот істі болған экс-шенеуніктердің бірде-бір мүлкін тәркілеген жоқ. Құдияровтың атында бір жер телімі бар екен. Ал С.Шалабайдың Астана және Шымкент қалаларында сегіз үйі болған. Судья аталған жылжымайтын мүліктерді  сотталушылар қызметтеріне тағайындалғанға дейін сатып алған, сондықтан оны қылмыстық жолмен табылған деуге негіз жоқ деген шешімге келген. Бұдан бөлек, сот «егер сотталушыларға айыппұл түріндегі жаза тағайындалса, онда белгіленген сома өте көп болып кететінін, кінәсін мойындамай отырған сотталушылардың оны төлей алмайтынын» алға тартыпты. Нәтижесінде С.Шалабай мен Б.Құдияров пара алуға оқталу бабы бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылдан бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге үкім етілді.

Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Осылайша облыста қазір тексеру комиссиясы төрағасының орны бос тұр. Облыстық мәслихаттың депутаттары енді бұл орынға ынсабы бар және қазақ тілін жақсы білетін  біреуді тағайындап алатын шығар.

 Сот үкіміне қарағанда, пара беруші бөлім басшысы осы оқиғадан кейін жұмысынан шығып кетіпті. Өз еркімен.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.