Атырау облысында кәмелет жасына толмаған қыздар арасындағы жүктілік назар аударатын мәселеге айналып барады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2017 жылы жасөспірімдер арасындағы 106 жүктілік тіркелген, оның 91-інде жас ана босанып, 15-інде жасанды түсік жасатқан.
Атырау облыстық прокуратурасы қыздардың жыныстық қарым-қатынасқа ерте баруына «үйдегі тәрбие, қарауысыз қалу, порнографиялық материалдарға қолжетімділік, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиісінше атқарылмауы» себеп дейді. Құзырлы орын жасөспірімдер жиі бас сұғатын «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен әқайсысында 70 мыңға жуық жазылушысы бар 60 топты бұғаттап тастаған еді.
​Облыстық салауаттық өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Алуа Сыралиева прокуратураның бұл бастамасын қолдайды. Оның ойынша, түрлі тәрбиелік жұмыстар қазіргі кезде интернеттің теріс ықпалына тосқауыл қоя алмай жүр. «Менің байқағаным: ата-аналар көз алдында өскен баласын кішкентай көре ме, жұмысбасты боп жүре бере ме, ұл-қыздарымен мұндай «жіңішке» тақырыпқа сөйлеспейді. Балалар мектепте те мұғалімдерге, психологқа батылы жетіп, ойындағысын жеткізе алмайды. Сондықтан, жасөспірімге жыныстық тәрбие беру міндетін тікелей біз атқарып отырмыз десем артық айтпаспын. Заман ағымы бәрін жылы жауып қойып, «жабулы қазан» күйінде қалдырғанды көтермейді. Ғаламтор да жағаласып, біздің алдымызды орап кетіп жатыр. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ, ер балалар мен қыздарды бөлек жинап, қалай қатынас жасайды, қажетсіз жүктіліктен сақтанады, басқа да жағдайлар бойынша жоспарға сай түсіндіру сабақтарын өткіземіз»,– дейді Алуа Әділбекқызы.
​Жас шамасы қатар балаларға арналғанмен, орта білім беру мекемелері мен колледждердегі жағдай оң-солын енді тани бастаған жасөспірім үшін әртүрлі болып шықты. Мектепке өз үйінен қатынайтын бала да, қанша дегенмен, бақылау басым. Ал тоғызыншы сыныптан кейін орта кәсіптік білім беру ұйымдарына түскендердің жүріс-тұрысы еркіндеу. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары ата-аналар басқа жақта оқып жатқан ұлдары мен қыздарының тәртібіне жете көңіл бөлуі керек дейді. Атырау облысында қазіргі таңда жатақхана тапшы. Содан келіп, пәтер жалдап тұратын колледж оқушылары мен студенттері көп. Бәрі бірдей демесек те, бойжеткен мен бозбаланың бірге тұруы, оңаша кездесуі сияқты әрекеттер осылайша «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қалмаған тұста басталады.
​Желкілдеген жауқазын шағында ағат басып, аузы күйген жас аналардың паналап баратын жері – Атыраудағы «Аналар үйі». Аналар үйінің үйлестірушісі Гүлфариза Ғұбашева мұнда келген қыздардың, соның ішінде он сегізге толмаған аналардың жай-күйінен хабардар. Жалпылама сипаттама берсек: олардың мұндай қадамға баруы, негізінен, «сүйген жігітіне сеніп қалғаннан», ал баланың әкесі – көбінесе өздері құралпы немесе аздап үлкен ер азаматтар. Олардың ішінде отбасын құрғаны сирек болса да мойнына жауапкершілік алып, өзінен сәби сүйген қызға үйленетіні сирек кездеседі екен. Мәселеге тереңірек үңілсек, оның да тегін еместігін көреміз. Өйткені: қыз да, жігіт те отбасылық өмірге дайын емес, мамандығы, үй-жайлары жоқ, «өмір көріп» жүре тұрғысы келеді… Яғни, физиологиялық жағынан жетілсе де психологиялық тұрғыдан кемшін тұр. Енді бір жағдайда жігіттің әке-шешесі ұлдарын «тәрбиесі жоқ әрі жеңілтек» қызға нәрестелі болса да үйлендірмейтінін ашық мәлімдеп, солардың айтқанынан шықпайтын әкесымақ теріс бұрылып кете берген.
– Кімнен болса да бір қателік кетті, болар іс болып, өмірге нәресте келді, — дейді Гүлфариза Ғұбашева, — Меніңше, осындайда қыздың ет жақындарының «жұрт не дейді» деп жалған намыстың жетегінде кетпей, түсіністікпен қарағаны жөн болар еді. Біз оң жақта отырып босанып келген қызды сәбиі қатайып, өзі кәмелет жасына толып, етек-жеңін жинағанша ғана ұстай аламыз. Одан кейін жалғызбасты ана пәтер жалдап, итініп-тартынып жүріп, күндердің бір күні туғандарына қайта оралып жатады. Ішіңнен шыққан баланы бұлай тентіретіп жіберіп, одан сайын тағдырдың тәлкегіне салу дұрыс болмас деп ойлаймын.
​Өмір болған соң түрлі жайға куә боласың. Бір жолы ерлі-зайыптылар жасөспірім қызын жаңа туған шаранасымен бірге алып келеді. «Біз қызымызды аяғың ауырлады деп қумадық, көзін шұқымадық, балапанды бауырымызға бастық, — дейді олар, — Бірақ, бір жалақыға қарап отырмыз, үйде үбірлі-шүбірлі көп бала, бұл екеуін баға алар емеспіз, сіздерді паналай тұрсын ба, әлде кішкентайды уақытша балалар үйіне өткіземіз бе?» Балалар үйін естігенде аза бойы қаза тұрған Ғұбашева ханым анасы мен баласын алып қалады.
​Жүкті болған жасөспірім қыздың құқығы заң жолымен де қорғалуы тиіс. Есепке тұрған әйелдің кәмелет жасына толмағанын білген емхана дәрігері дереу полиция органдарына хабарлап, олар бұған жол берген ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғайды. Бұл жерде де заңдағы кейбір ерекшеліктерді ескеру қажет: ҚР Қылмыстық Кодексінің 122 бабына сәйкес, қыздың жасы он алтыға толмаған жағдайда ғана онымен жақын қарым-қатынаста болу қылмыс саналып, зорлықшы деп саналған азаматты алты айдан бастап үш немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырады. Атырау облыстық жасөспірімдер соты бұл процестердің жабық өтетінін, ал мәліметтердің құпия екенін жеткізді. Дегенмен, қаралған істердің бәрі дерлік жастарды үйлендірумен аяқталатын көрінеді. Өкінішке қарай, мұны да біреуді жазадан құтқарудың бір амалы деп қарамасаң, проблеманы шешудің жолы деп арқаны кеңге салу артық. Қазіргі күні үйленгеніне екі ай өтпей жатып ажырасып жатқандардың ауқымды бөлігін амалдың жоқтығынан бас қосқан осындай жас отбасылар құрап тұр.

Құралай ҚУАТОВА

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.