Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Қ.Түймебаевтың назарына! Құрметті Жансейіт Қансейітұлы!
Сіз облысқа басшы болып келгелі бері руханият төңірегіндегі ой-ұсыныстарыммен бөлісу мақсатында әлденеше рет қабылдауыңызға жазылғаныммен өзіңізбен жүздесудің сәті түспеді. Сол себепті, баспасөз арқылы осы ашық хатты жолдауға мәжбүр болып отырмын. Енді назарыңызға салсам ба деген бірқатар мәселелердің ішінде негізгі ұсынысымды тарқатыңқырап баяндайын.
Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сан ғасырлық отарлық езгіден санасы сансыраған қазақтың мүлгіген рухын оятып, намысын жаныған тарихи құжат болды десек қателеспейтін шығармыз.
Ендеше, бұхараның дүр сілкініп, өткеніне жіті көз жүгірте отыра, рухани түлейтін кезі келді деген ойдамыз. Неге дегенде, ұлтымызға дәл қазіргі кезеңде ең жетіспей тұрғаны президент мақаласының өн бойында меңзелетін рух пен намыс екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әрі-беріден соң елімізде орын алып отырған небір жосықсыздар мен катаклизмдердің түпкі төркіні осы рухсыздықтан туындап жатқан жоқ па? Ал, сол рух пен намысты атойлататын жалғыз дүние ол – бабаларымыздың Ұлы Дала төсінде ғасырлар бойы жасап қалдырған ұшан-теңіз руханияты. Олай болса, адамзаттық өркениетте айшықты орны бар асыл мұрамызды ұлтымыздың санасын отаршылдық зардаптардан құлан таза айықтырып, азат ету жолында неге тиімді пайдаланбасқа?!
Бұл үшін руханиятымыздың ғажайып бір саласы дәстүрлі төлтума өнерімізге төрден орын беріліп, мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде орнықтырылғанда ғана бір нәтижеге қол жеткізетін боламыз. Осы орайда дәстүрлі өнеріміздің барлық жанрын қамтитын (ән, күй, терме, жыр, толғау, поэзия, ақындар айтысы, күй-тартыс т.б.) «Бабалар аманаты» атты тарихи-танымдық, әдеби-музыкалық жобаны төрт жылға жуық уақыттан бері жүзеге асырып келе жатқанымызды назарыңызға салғымыз келеді. Бірақ, «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпастың» кебін киіп жүргенімізді жасыра алмаймыз. Өйткені, қазір той-бизнес төрге озып, төлтума өнеріміздің босағада жетім баланың күйін кешіп отырғаны елдігімізге, ұлттығымызға сын деген ойдамыз. Ілдебайлап жүрген кездері аңғарғанымыз қазағымыздың өзінің төл өнеріне деген тосырқаушылығы, қызығушылығының бәсеңдігі мен бейтараптығы қынжылтады. Мұндай ахуалдың орын алуына бодандық қамытын киген кезеңдегі өнерімізге, мәдениетімізге евроцентристік көзқарастың үстемдік құру зардаптарының әлі де жойылмай келе жатқандығы, біржағынан дәстүрлі өнердің насихатының нашарлығы, қолдаудың жоқтығы болса, екіншіден осы өліара шақты тиімді пайдалана білген «самсаған жұлдыздардың» шоу-концерттеріндегі татуы жоқ нәрсіз, туындысымақтардың сонау түркілік дәуірден тамыр тартатын мәдени желімізге сызат түсіріп, қалың бұхараның көркемдік талғамын қиратуында болып отыр. Қазіргі таңда, әсіресе жастарымыз ата-бабадан қалған саф алтындай жауһарларымызды іздеп жүріп тыңдаудың орнына, әсіреқызыл, жетесіз әуеннің жетегінде кетті. Түйіндей айтқанда, Қазақ Елі топан судай ағылған керекті-керексіз ақпараттар ағыны мен түрлі қиратқыш мәдениеттер тасқыны астында қалды. Соның салдарынан әлемдегі ең бай да , шұрайлы тілдер санатындағы ана тіліміз бен қатар музыкалық тіліміз шұбарлануға бет түзеп, өнерге деген дүниетаным ала-құла болып барады. Бұл үрдіс осылай үздіксіз жалғаса беретін болса, асыл мен жасықтың ара- жігін ажыра алмайтын дүбара ұлтқа айналмасымызға кім кепіл! Елімізде орын алып отырған аталмыш ахуал тек өнер мен мәдениетті ғана емес, түптің-түбінде тұтастай ұлтты жоюуға бастайтын аса қатерлі тенденция екені белгілі.
Тарих қатпарларындағы ұлттық рухани бірегейлігін сақтай алмай ақыр аяғында тоз-тозы шығып ыдыраған азулы империялардың тағдыр-талайынан сабақ алуға тиіспіз. Сол себепті, елімізге дендеп еніп келе жатқан тобырлық мәдениет экспонциясына қарсы тұрарлық рухани қаруымыз-ұлттық құндылықтарымызды мемлекеттік деңгейде кең көлемде насихаттау дәл қазіргі алмағайып кезеңде өте-мөте үлкен маңызға ие деп есептейміз.
Құрметті Жансейіт Қансейітұлы!
Баяндалған жәйларды қаперге ала отыра, Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін теңізге тамған тамшыдай үлес қосу мақсатында, сізге нақты мынандай ұсыныстар айтқымыз келеді:
Қазіргі таңда Қазақстанда 70-ке жуық театр жұмыс істейтін көрінеді. Бірақ, солардың арасында бірде-бір дәстүрлі өнер театры жоқ екен. (Тек былтыр Алматыда ашылған «Алатау» театры болмаса).
Осы орайда ұлысымыздың ұйытқысы саналатын 3 миллионға жуық халқы бар өңірдің орталығы, аса қуатты экономикалық және мәдени әлеуетке ие Шымкент қаласынан неге дәстүрлі өнер театрын ашпасқа?
Ал, бұл миссияны жеке авторлық идеям бойынша дүниеге келген жоғарыда атап өтілген «Бабалар аманаты» жобасы дәстүрлі өнер театрына айналған жағдайда толықтай атқарар еді деген ойдамыз.
Егер театр ашылатындай күн туып жатса, консерватория, өнер университетінің арнайы дәстүрлі өнер факультетін бітіріп бүгіндері жұмыс таппай жүрген жастар үшін халыққа қызмет жасайтын әрі кәсібилігін шыңдайтын орын болар еді. Сайып келгенде мұндай қадам төлтума өнерімізді төрге оздырған елдігіміздің айқын көрінісі болмақ.
Сөз соңында өтінерім, осы хатпен мұқият таныса келе, жағдайды бетпе-бет отырып талқылау үшін қабылдауыңызға шақырарсыз деген үміттемін.
Қалмахан ОМАР,
«Бабалар аманаты» жобасының авторы, ұстаз-домбырашы.
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
Шымкент қаласы.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.