Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағында бір өзгерістер болғалы жатыр. Таяуда ұйым пленумы өтті. Бір-бірін іш мылтықпен атып жүрген қаламгерлер біраз шерін тарқатты. Енді 800-ге жуық мүшесі бар одақтың делегаттары наурыз айында съезге жиналмақшы. Біраз уақыттан бері қоғамдық сынға ұшыраған шығармашылық ұйымның тағдыры сол жиында шешілмек.
Әдебиетсүйер қауымды мойындатқан жетістіктерден гөрі алыпқашпа әңгімесі көбірек, арагідік ішкі тартыстары мен ішектей шұбатылған айқай-шуымен елді елең еткізіп жүрген ұйымның мүшесі емеспін, ішкі жыры мен сырын білмеймін. Сондықтан да одақтың жұмысына объективті баға бере алмаймын.
Бірақ осы жиын біздегі мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің басын біріктіретін ұйымдар туралы тақырыпқа қайта оралуымызға мықты сылтау да, себеп те болып отыр. Әйтпесе шығармашылық одақтардың шынайы тірлігі туралы қалың жұртшылық аса көп біле бермесе де, олардың басшыларына қатысты алыпқашпа ақпарат пен сондағы орынтаққа таластан біршама хабардар.
Қазіргі шығармашылық одақтар бір ғана партия басқарып, бір ғана идеологияға бағынған Совет Одағынан мұра боп қалған атавизмдер, сарқыншақтар екенін түсініп алған жөн.
Иә, Совет империясы келмеске кетті. Біз тәуелсіз елміз. Ескі де кертартпа мұраның біразынан құтылдық, арылдық. Бірақ батпандап кірген нәрсе мысқалдап қана емес, мысқылдап та шығады екен. Өйткені қазіргі шығармашылық одақтар сол ескінің шырмауынан шыға алмай келе жатқанын өмір өзі көрсетіп отыр. Оларды тіпті қазіргі қоғамның шағын көшірмесі деуге болады: себебі ол жақта бәрі бар.
Одақтардың дені кешегі сталиндік модельден асып кете қойған жоқ. Сол кезде олар биліктің ғана сойылын соғатын қоғамдық ұйымдар ретінде құрылып, балама пікір иелерін өз қатарына қабылдамай, таза партиялық жұмыс жүргізген. Талай еркін ойлы суреткерлердің обалына қалған. Сананы болмыс анықтайды деп, билікшіл талант иелеріне атақ, пәтер, саяжай сыйлап, ынталандырып отырған. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деп, материалдық игіліктер – ғимарат, демалыс орындарымен режимге сымсыз байлап қойған. Одақтарға тиесілі болған сол элиталық мүлік тістегеннің аузында, ұстағанның уысында кеткені туралы дау-дамайлар толастар емес.
Қолына қалам мен қылқалам ұстаған адамның табиғатына мүлдем жат болуы тиіс мансапқорлық, атаққұмарлық секілді дерттердің вирусын совет идеологтары шығармашыл ортаға әдейі жұқтырған сияқты. Сол сырқаттардан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз.
Осындай олқы одақтар XXI ғасырда керек пе? Мұндай өткір сауал ашықтан-ашық қойылып, өз қолдаушыларын тауып жатқаны да өтірік емес.
Сөз жоқ, суреткер – ең алдымен индивидуум, тұлға. Өз туындысын ол жеке-дара дүниеге келтіреді. Ұжымдасу оның табиғаты мен болмысына жат. Абай мен Махамбет Жазушылар одағының мүшесі болмай-ақ өшпес дүниелерін қалдырды емес пе?
Дегенмен талантқа ұжым керек емес деп, ондай ұйымдарды түбегейлі әрі толығымен жоққа шығарып, тарихи тұрғыдан тәрк ету дұрыс емес болар.
Кез келген суреткерге орта керек, шынайы талант өз ортасында жүріп қана өседі, толысады, кемелдене түседі. Ондай орта белгілі бір ұйым формасында болып жатса, еш әбестігі жоқ. Бірақ ол үшін мынадай шарттар орындалуы тиіс сияқты.
Біріншіден, ондай ұйым біреу ғана болмауы тиіс: шығармашылық одақтардың да өзіндік бәсекелі ортасы болғаны абзал, сонда ғана жұмыс жандана түседі, соны идеялар пайда болады. Әрине, Жазушылар одағы секілді іргелі ұйымдардың өз тарихы, керек десеңіз, өз киесі бар. Қазақ әдебиеті классиктерінің басын қосқан ол ұйымның орны бір төбе. Бірақ естеліктермен ғана өмір сүруге болмайды, сондықтан да заман талабына сай ол одақ та өзгеруі тиіс.
Екіншіден, ондай одақтар мейлінше еркін, шығармашылық жағынан алуан пікірлі, цензурадан мүлдем ада болуы керек. Атқарушы биліктің қолбаласы болмауы шарт.
Әрине, олар саясатпен айналысуы немесе оппозициялық болуы міндет емес, биліктің жақсы жағын айтып отырып, онымен қоян-қолтық араласудың еш айыбы жоқ. Бірақ кез келген суреткердің немесе ол мүше болып отырған одақтың ел алдындағы абырой-беделін анықтайтын екі нәрсе бар. Бірі – ол өкіметтің ішінен кіріп, сыртынан шыққандай өлердей мақтап, оның табанын жаламауы керек. Әйтпесе қазіргі заманның ешкімге дес бермес жағымпаздары дәл осы шығармашылық ортадан шығып жатыр емес пе?! Лириканың жаңа жанры пайда болды, оның аты – жағымпазика. Екіншісі – қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер мен оқиғаларға үн қосып, өзінің суреткерлік, азаматтық көзқарасын білдіріп отыруы керек. Мәселен, кешегі Жаңаөзен қанды қырғыны мен жер толқуы кезінде ығай мен сығайлар, лауреаттар мен классиктерден құралған шығармашылық одақтар жұмған аузын аша алмай, қазақ жұрты алдында қарабет боп қалды емес пе?! Кезінде лениндік «партиялық әдебиет» ұраны тұсында құрылған ол одақтар бейпартиялық, бейидеологиялық болуы тиіс. Таланттар халыққа жаққысы келсе, халықшыл болғаны жөн.
Бұрын «әдебиет – ардың ісі» десек, енді әдебиет бардың ісі боп кеткені рас. Шығармашылықтың басқа салаларына қарағанда дәл осы салада графомандар мен халтурщиктер қаптап кеткені де өтірік емес. «Жазушы» деген атақты базбіреулер оңды-солды иемденетін болды. Содан олардың қадірі де кетті. Шынайы таланттарға берілуі тиіс атақтар да құнсызданғалы қашан.
Меніңше, жаңаша құрылатын одақтар заманның осы кеселімен ымырасыз күресуі тиіс. Екінің бірі, иттің құлы итақай еніп кеткен қатарларын бір тазалап алса да артық болмайды деп ойлаймын.
Үшіншіден, шығармашыл азаматтардың ұжымдасуының бір сөзсіз қажеттілігі бар. Бұл – бір ортаға ортақ кәсіби мүдделер төңірегінде топтасу қажеттілігі. Жетпіс жыл бойына тек қана мемлекеттің арқасында күн көріп келген ол орта нарықтың қатаң заңдары мен талаптарына үйрене алмай келе жатқаны рас. Әр саланың өзіне ғана тән өзгешеліктері бар, соны ескеріп, билікке тиісті талаптар қойып, заңдарды реттеу үшін де ұйымдасу керек. Яғни кәсіподақ принципінде бірігу қажет.
Не болса да, бір нәрсе анық – кез келген қоғамда классикалық тұрғыдағы базис, яғни болмыстың сипаты – нарықтық, еркін, бәсекелес, яғни либералды болған соң, оның қондырғысы, яғни қоғамдық өмір және оның институттары да дәл сондай нарықтық, еркін, бәсекелес, яғни либералды болуы шарт.
Сондықтан да шығармашыл одақтар (немесе олардың жаңартылған формалары) осы ақиқатпен санасып, оны өз жұмысында басшылыққа алуы тиіс. Әйтпесе мына зымыраған заманда олар тарих пен архивтің шаңына көміліп қалып, олардың орнына төменнен құрылған жаңа, заман талабы мен шығармашыл ортаның алуан түрлі мүдделеріне сай ұйымдар пайда болмақ. Оған қажетті сұраныс пен инфрақұрылым (әлеуметтік желілер мен коммуникация мүмкіндіктері) бар.
P.S. Осы орайда, шығармашылық салаға мемлекет тұрғысынан қамқорлық жасауға тиіс шенеуніктер туралы да айтпасқа болмас. Оларға да көп нәрсе байланысты. Биліктегілер кейде осы мәселеге қатысты пікірімді сұрап жатады. Мен: «Осы саланы басқаратын шенді, ең болмағанда, қазақ әдебиетінде үш Молдағалиев болғанын білуі тиіс», – десем, олар: «Қайдағы үшеу? Екеу емес пе – Жұбан мен Тұманбай», – деп таңғалады. Мен: «Жайсаңбек Молдағалиев деген де жазушы болған», – деп жауап қайтарамын.

Әміржан ҚОСАНОВ
арнайы «Жас Алаш» үшін

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.