Өзге жұрт мына тұрған Айды қойып, Марсқа құшақ ашып, небір ғажайып технологиялардың сырына сүңгіп жатса да, біздің қоғамда  ғасыр бойы өзгеріске түспейтін дүние жетерлік. Соның бірі – мемлекеттік мекемелердің есеп беру жиындары мен алқа отырыстары. Әлі сол қалпы: қойша иіру, сағаттап күткен адамдар, көпірме баяндамалар, шынайы өмірмен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын бұрма деректер, бірен-саран жарқылдақ экрандар мен көшпелі көрмелер, тағысын тағылар…

Зарықтырып барып шенділер келеді, жаманын жасырып, жақсысын тіптен асырып ұрандатып баяндама жасайды, отырғандар ду қол шапалақтайды. Қалғанын тілшілер қатырады, өздері жұмыс істейтін ақпарат құралдарының саясатына сай үзіп-үзіп жұртқа жеткізеді. Айта алмағанын немесе айтқысы келмегенін есеп беруші мекеменің өзі қыруар қаржы жұмсап жекеменшік басылымдарға апталап, айлап жырлатып алады. Осымен іс бітеді.

 

САҒАДИЕВ мырза, шкаф қайда?

Апта басында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те шенділер мен ұстаздардың басын қосып, жаңа да ескі дәстүрмен жиын өткізді.

Қызығы, сағат 15:00-ге деп шақыртылған жиынға алып-ұшып барған жұрт басында біраз абдырап қалды. Өйткені көшпелі көрме әлі жасақталып бітпеген екен.  Министр келіп жеткенше, шабармандар жас мұғалімдердің екі аяқтарын бір етікке тығып, көрменің сәнін келтіріп үлгерді.

Айтпақшы, алқа жиынға Ерлан Сағадиевтің өзі тақпақ жаттаған оқушыдай дайындалып келіпті.  Салған жерден бір жылдағы жетістіктерін  тізбелеп, бағындырған биіктерін айтып өтті. Сөзіне сенсек, Қазақстан оқушыларды бастауыш біліммен қамту жөнінен әлемде 4-орынға көтеріліпті. Жалпы білім беру бойынша 44-тен 35-орынға, алға сырғыппыз. Мектептерде ағылшын сабақтары нанға май жаққандай сәтті басталыпты.  Әзірдің өзінде 153 мектепте физика, химия, биология және информатика пәндері ағылшын-қазақ, ағылшын-орыс және таза ағылшын тілдерінде тәжірибе ретінде оқытылып жатыр екен. Ал 10-шы және 11-сыныптар 2019 жылдан бастап оқытыла бастамақ. Келер жылдан бастап тағы төрт пән ағылшынша оқытылады. Қазір соған дайындық басталған. 2020 жылы елімізде нөлінші сынып пайда болады. Олар кириллицаның не екенін білместен, бірден латын қарпімен оқитын болыпты. «Нөлiншi сыныпты енгiзу алғашқы жоспарымызда 2019 жылға қойылған болатын. Бүгiн бiрыңғай бағдарлама және мұғалiмдердi дайындау кестесi әзiр. Оқулықтар сараптамадан өттi. Ендi 400 мыңға жуық балаға нөлiншi сыныптың жаңа оқулықтарын басу керек болып тұр. Бiз латын әлiппесiне көшетiндiктен, оқулықтарды бiржолата латынша басқан жөн деп санаймыз. Бұл ақша жағынан да тиiмдi. Жаңа оқулықтарды дайындап, сараптама мен апробациядан өткiзуге және мұғалiмдердi дайындауға уақыт қажет. Сондықтан нөлiншi сыныпты 2020 жылы енгiзбекпiз», – дедi Е.Сағадиев.

Министр 1 қаңтардан бастап 90 мыңға жуық мұғалімнің жалақысы көбейгенін атап тұрып айтты. Оның сөзінше, қыркүйектен бастап тағы 200 мың мұғалім Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға дайын. Осы сынақтан сүрінбегендерге 30 пайыз  жалақы қосылмақ.  

Өткен жылы елдегі барлық мектепте 40 мыңға жуық  бейнелекциялар қосылған интерактивті сабақ өткенін сенімді түрде баяндаған Е.Сағадиев: «Кез келген мектептің  әрбір сыныбына интернет тарататын Wi-Fi жүйесін орнатып, видеоқұрылғылар сатып алу ғана қалды. Ендігі мақсат әрбір сыныпты цифрлы білім беру ресурсымен қамтып,  ауыл болсын, қала болсын техникалық жабдықталуын 80 пайызға жеткізу жоспарда», – деді.

Бір қызығы, биыл цифрлы оқыту жүйесіне арбалып қалған Е.Сағадиев былтырғы есебінде мектептерде оқушының жеке заттарына арналған жеке шкаф қоямыз деген еді. Бұл уәдесі сол күйі орындалған да жоқ. Сағадиевтің өзі осы уәдесін биыл есіне де алмады. Сондай-ақ оқулық сапасын жақсарту мен оқулық салмағын азайтуға қатысты уәделеріне да қайта оралмады. Алқа жиынында орындалмаған уәделерге қатысты сұрақ та қойылмады.

Тіптен бас мұғалімнің есебін тыңдауға келген вице-премьер Ерболат Досаев  білім саласында қиюы келмей тұрған біраз шаруаны сипалап айтумен ғана шектелді. Оның айтуынша, шешімі табылмай тұрған мәселенің бірі – білім мекемелерінің басшылары қоғаммен ашық байланысқа түскісі келмейді, құлшыныстары жоқ. Сосын басшылардың көбі мекеме жұмысын  дұрыс ұйымдастыра алмайды екен.  Яғни менеджмент жүйесі ақсап тұр. Сандық технологияның тілін білетін де маман жоқ. «Бәрінен де қиыны – білім саласын қағазбастылық дендеп тұр. Білім саласы  көп нәрсеге, бюрократия мен қаржылық, шаруашылық жұмыстарға  тәуелді болып қалған. Түптеп келгенде оның азабын өзіміздің оқушылар мен қарапайым мұғалімдер тартып жүр», – деп Е.Досаев жиынды қорытты.

Міне, көрдіңіздер ме, үкіметтегі шенді-шекпенділер білім саласындағы шикіліктерді бүге-шігесіне дейін біледі. Білген соң ғой, өздерінің балаларын, немерелерін шекара асырып, шетелдерде оқытып жүр. Айтпақшы, ол жақтың мектептерінде интернет пен ноутбуктың жеткілікті екенін айтпағанда,  оқушының зат қоятын жеке шкафы бар…  

 Бүркіт НҰРАСЫЛ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.