Қазақстанда ешқандай ғылыми және экономикалық негізі жоқ «базалық жалақы» деген түсінікпен 2008 жылдан бастап ұстаздардың еңбекақысы 17 697 теңгемен күні бүгінге дейін есептеліп келеді. Ешбір дамыған мемлекетте мұндай есептеу жүйесі жоқ екенін және осы жүйенің өзіне де 10 жыл толғанын неге үкімет ескермей отырғанына таңғаласың. Ал президент жолдауында мұғалімдердің айлығын біліктілігіне қарай 50- 30 пайызға көбейту айтылды. Енді осы үстеме қосымша ақы қалай төленбек?

Үкімет ұстаздың айлығын неге дұрыс есептей алмайды?

Мұғалімдер осыған алаңдап отыр. Оның өзіндік себебі де бар. Ұстаздың еңбек сіңірген жылдарына қарай белгіленген коэффициентпен базалық жалақыға көбейткен ставкасымен есептелсе, нұр үстіне нұр болар еді. Егер де базалық жалақының тек өзімен есептейтін болса, онда ол бар болғаны 8848-5897 теңгенің аралығында ғана көбейтілетін болып шығады. Осындай қосымша ақы үшін шебер-педагог, зерттеуші, сарапшы, модератор- педагог сияқты жаңашыл  төрт категорияның біріне Ұлттық біліктілік тестілеуге құжат тапсырып, оның сұрақтарына дайындалып, тиісті деңгейде шекті пайыздан өтіп оған қол жеткізді дейік. Енді ұстаз алтын уақытын сарп етіп, үй бетін көрмей, көз майын тауысып түнімен қағаз жазып, компьютердің алдында сағаттап отырған еңбегінің өтеуі бар болғаны 8848-5897 теңге аралығында болғаны ма? Міне, мәселе осында болып тұр. Егер дәл осылай базалық жалақының 50-30 пайызымен ғана көбейтетін болса, оған бүгінгі таңда ешқандай мұғалім  қызығушылық танытпайтыны анық. Бұл ойланатын жағдай. Әрине, үкімет ең аз шығын жұмсайтын осы нұсқамен жұмыс жасайтын болса, онда жолдаудың тапсырмасы толығымен іске асады  деп айту қиын.

Біздің қоғам халықаралық көрме мен симпозиумдарға, семинар-кеңестерге, жарыстар өткізуге келгенде ақша аямайды. Ал ұрпақтың келешегін қалыптастыруға  келгенде үнемшіл бола қалатынына қынжыласың. Оған нақты дәлел сынып жетекшілігіне төленетін қосымша ақыны мысал ретінде келтірсек те жеткілікті. Сыныптағы бала саны 15 оқушыдан кем болса – 2654 теңге, ал одан асқан сыныпқа 5309 теңгеден төлеп келеді. Көріп отырғаныңыздай, осындай мардымсыз ақшаға бола қазір ешкім сынып жетекшісі деген лауазымды мойнына алғысы келмейді. Оның себебі – бала тағдыры өте күрделі, оның сыныптағы және мектептен тысқары барлық іс-әрекетіне сынып жетекшісі жауапты деген қасаң қағиданың өзі өткен ғасырдан қалыптасқан түсінік. Өкініштісі сол – біз оны әлі күнге дейін қолданып келеміз. ХХІ ғасырда осы мәселенің күрмеуін шешетін уақыт жетті ғой. Бұл да министрліктің назар аудармай келе жатқан ең үлкен қателігі. Қазіргі таңда партадағы балаға ең басты құндылық – білім беру деп жанталасудамыз. Ал оның тәрбиесі тасада қалып қойды. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім  адамзатқа апат әкеледі» деген өсиеті дәл қазіргі таңда шындыққа айналғаны қашан. Осыдан барып террорист, экстремист, хаккер, суицид, қылмыс сияқты жағымсыз жағдайларға жасөспірімдер жиі барып жатқандығы ащы да болса шындық. Осы жағдайларды саралай келе, ұлттық тәрбиеге баса көңіл бөлетін уақыт жетті. Ол үшін жаңаша жаңғыратын «сынып тәрбиешісі» деген лауазымды енгізу қажет. Ол сыныптың бүкіл тәрбие саласындағы жүгін арқалауы керек. Еңбегіне зейнеті сай еңбекақы төленгені дұрыс. Ол 14,  әлде 30 оқушы бола ма, әңгіме оқушының санына байланысты емес, оның сапасын көтеруге күш жұмсалғаны жөн. Олай болмайынша, баланың бойында ұлттық сананы қалыптастыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және прагматизмді орнықтыру дегеніміз қағаз жүзінде қала береді. Мен мұны 35 жылдық ұстаздық тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен ойымды қорытар болсам, «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала» қайдан болсын дегім келеді.

Талғат ШАЙМЕРДЕНОВ

Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі, 

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Созақ ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.