Міндетті медициналық сақтандыру туралы сөз қозғалғанға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесіне мойын бұрмаған үкімет енді олардың мәселесін шешуге белсене кіріспек. Өткенде президентті «шаршап қалған» еңбек және әлеуметтік қорғау министрін ауыстыруға мәжбүр еткен мәселелердің бірі осы еді. Бірақ Тамара Дүйсенованың орнын басқан су жаңа министр Мәдина Әбілқасымова өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың бәрін тіркеуден өткізіп, салық және зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттемек.

Әбілқасымованың жоспары

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың тобына тұрақты жұмысы жоқ, бірақ әртүрлі кәсіппен айналысып күн көріп жүрген еңбек жасындағы азаматтар жатады. Бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрін жұмыстан босатарда президент Н.Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесін ауызға алған. «Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесі үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды уақытында енгізе алмадық. Бұлар салық төлемейтін, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын, былайша айтқанда, тасада қалып отырған азаматтар. Осылардың мәселесін айтып жүргеніме бес жылдан асты. Бірақ бұған көңіл бөлген ешкім жоқ», – деді ол бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға қарата. Экс-министрдің өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайттық деген уәжі президенттің көңілін көншіте алмады. Сөйтіп, Т.Дүйсенованы қызметінен босатып, оның орнына М.Әбілқасымова тағайындаған еді.

Министр орнына енді ғана жайғасқан М.Әбілқасымова осы бастан-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды тіркеуден өткізіп салық төлетпек, медициналық сақтандыру мен зейнетақы жүйесіне жарна аударуға міндеттемек. Алайда бұрынғы министрдің қолынан келмеген істі жаңа министр қалайша жүзеге асырмақ? Айтуынша, аймақтарда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер тіркеуге алынып, салық төлеу жүйесіне қосылмақ. Осы ретте, жаңа министр өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды тасадан шығаратын заң жобасын дайындап, биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан қалмай ұсынбақ. Осы заң аясында өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды салық төлеуге ынталандыру, олардың тіркелуін жолға қою шаралары қарастырылмақ. Сондай-ақ барлық заңнамаларға өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың кім екенін түсіндіретін тармақтар енгізілмек. Әбілқасымова Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі тезірек қарап шықса деген тілегін жеткізді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы кім?

Қазақстанда ресми дерек бойынша, 2,2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың тобына жатады. Бұл – еңбекке жарамды халықтың үштен бірі. Олардың 945 мыңы – ауыл, орман және балық шаруашылығында 1 миллионнан астамы қызмет көрсету саласында, қалған 231 мыңы өнеркәсіп пен құрылыста жұмыс істеп, нан-тұзын ажыратып жүр. Үкіметке алақан жаймай, өз күнін өздері көріп жүрген бұл азаматтар еш жерде тіркелмеген, тұрақты табысы жоқ, сол себепті мемлекетке салық төлемейді, бейнетінің зейнетін ойлап, зейнетақы қорына жарна аудармайды. Еңбекке жарамды халықтың мұндай тобы өркениетті елдерде жұмыссыздар санатына жатқызылады, бірақ статистикалық деректердің мінсіздігіне көп көңіл бөлетін Қазақстан үкіметке емес, өздеріне ғана сенім артып күнелтіп жүрген мұндай азаматтарды өзін-өзі жұмыспен қамтығанға жатқызады. Осылайша қара жұмыс істеп жұртқа жалданатындар да, өз көлігімен адам тасып күн көретіндер де, я болмаса қара базарда сауда жасайтындар да өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жатады.

«Бұл әлеуметтік жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін»

Әбілқасымованың ӘМИЯН жоспары

Саяси талдаушы Талғат Мамырайымов өзін-өзі жұмыспен қамтушылар  дағдарыс шағында экономиканың қозғаушы күші болып, дағдарыстың асқынып кетпеуіне септігін тигізді дейді. Сондықтан мемлекеттің баламалы экономика болып саналатын бұл секторға араласуы әлеуметтік жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін.

Үкімет неліктен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, бұл азаматтарға салық төлету тәрізді бастамаларды көтеріп отыр?

Себебі Қазақстанның негізгі экспорты – көмірсутегі өнімдерінің бағасы төмендегендіктен, экономика дағдарысқа ұшырады. Бұған Ресейге қарсы санкцияның да әсері бар. Дағдарысқа ұшырағанның өзі бұл экономиканың жарымжан екенін көрсетіп, ашып берді.  Бұл – әміршіл-әкімшілік жүйеге негізделген экономика. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар нарығы бұл экономиканың бұдан да терең дағдарысқа ұшырамауына бірден-бір себепші болды. Былайша айтқанда, бұл баламалы экономика. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар өзінің қосалқы шаруашылығын жүргізу арқылы мемлекет диктатына қарсылық көрсетуге тырысып жатыр. Ресейлік әлеуметтанушы Бессонова «әміршіл-әкімшіл экономика дағдарыс шағында көлеңкелі экономиканың арқасында аман қалды» дегенді айтты. Совет Одағының өзі көлеңкелі экономиканы ынталандыру қажеттігін түсінген. Ал біздің билік керісінше істеп отыр. Дағдарыс кезінде қылбұрауды бұрай түсіп, мемлекеттің экономикаға қатысуын арттыруда. Енді мемлекет баламалы экономика көзі саналатын өзін-өзі жұмыспен қамту нарығына араласпақ. Мұның арты экономика үшін зиян. Егер министрлік жоспары іске асса, бұл дағдарысты асқындырып, үлкен әлеуметтік жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін дейді. Себебі халықтың басым бөлігі баламалы экономика арқасында күнелтіп жүр. Тіпті тұрақты жұмысы барлардың өзі ауық-ауық өзін-өзі жұмыспен қамтып, қосалқы жұмыс істейді. Себебі тапқан айлығы шайлығына жетпейді. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі халықтың үштен бірінің айлығы тек тамаққа ғана жететінін көрсетті. Яғни бұл – күн көру де емес, халық әрең күнелтіп жүр деген сөз. Мемлекет бұл азаматтарды одан айырса, бұл халық наразылығын тудырып, қарсылыққа жол ашып бермек.
Өзін-өзі жұмыспен қамту нарығы экономиканың нағыз қозғаушы күші дегенге мына бір мысалды келтіргім келеді. Ауыл шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтитын 700 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы жерлерінің 0,3 пайызында ғана жұмыс істейтін бұлар ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің тең жартысын өндіріп отыр. Әрі бұл үшін мемлекеттен бір тиын көмек алмайды. Ал ірі агрокорпорациялар мемлекеттен миллиардтаған теңгеге көмек алып, өнімнің қалған жартысын шығарып отыр. Яғни өзін-өзі жұмыспен қамтушылар нарықта бәсекеге қабілетті, ақылға қонымды бағаның қалыптасуына септігін тигізуде. Құрылыс саласы да сол. Бұл саладан өзін-өзі жұмыспен қамтушылар кетіп, ірі құрылыс корпорациялары ғана қалса, нарықтағы баға аспанға ұшар еді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар осы салада жүргендіктен, қызмет көрсету бағасы да ақылға қонымды. Десек те, министрліктің жоспары іске асып жатса, бұл осы нарыққа кері әсер етіп, қымбатшылыққа әкеп соқтырады.

«Министрдің қолынан келмейтін іс»

Әбілқасымованың ӘМИЯН жоспары

Экономист Айдар Әлібаев жаңа министр өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көлеңкеден шығара алады дегенге күмән келтіреді. «Себебі бұл – экономикалық және әлеуметтік қана емес, саяси мәселе», – дейді ол.

Тәуелсіздіктен бері еңбек және әлеуметтік қорғау министрлерінің барлығы осы мәселені шешпек болды. Өз басым жаңа министрдің қолынан бұл келеді дегенге күмәнмен қараймын. Өйткені бұл – түп тамыры тереңде жатқан мәселе. Бұл проблеманы тіпті жеке ұйымдар, мемлекеттік шенеуніктерді былай қойғанда, осыған мүдделі болған жеке ұйымдар да шеше алмады. Мәселен, жекеменшік зейнетақы қорлары кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды анықтап, оларды есепке алуға мүдделі болды. Бірақ қаптаған агенттері бола тұра, оны іске асыра алмады.

Шын мәнінде бұл мәселені шенеуніктердің де, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың да шешкісі жоқ. Себебі шенеуніктер бұл мәселені шеше алмайтынын түсінеді, ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың өздері есеп беретін ашық жүйеге көшкісі жоқ. Өйткені бұл іс жүзінде салық органдары тұншықтыратын, тексерушілер күн көрсетпей, пара талап ететін жүйе. Яғни мұндағы мәселе саяси жүйеге келіп тіреледі. Саяси жүйе бәсекеге қабілетті болса, лауазымды тұлғалар, әкімдіктер, парламент халықпен кері байланыс орнатса, салық жүйесі мен бизнес-климат реттелсе, жекеменшікке қол сұғылмайтын жүйе орнаса, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар өздері-ақ келіп тіркелер еді. Ал оны қазіргідей мәжбүрлі түрде шешу мүмкін емес. Десек те, жас, тәжірибесіз министр «бұл менің қолымнан келмейді екен, қызметімнен бас тартамын» демейтіні анық. Сондықтан өзі айтуға тиіс нәрсені жеткізді.

Шынтуайтына келсек, бүгінгі саяси жүйенің өзі өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды тудырды. Демократиялық жүйеде өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат деген түсінік мүлде жоқ.

Іс жүзінде еш жерде тіркелмеген, табысы бірде бар, бірде жоқ бұл азаматтарды жұмыссыз деуге бола ма?

Ресми терминология бойынша, олар жұмыссыз. Батыс стандарты бойынша, егер адам салық төлемесе, демек, ол жұмыссыз. Бірақ бізде бұл азаматтарды жұмыссыз демейді. Себебі елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз шамасында. Бұған өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді қосса, жұмыссыздық 50 пайызға жетеді. Сондықтан жемқорлыққа батқан авторитарлық мемлекеттерде өзін-өзі жұмыспен қамтушы деген топ бар.

Егер министрлік қандай да бір жолын тауып, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды анықтап, оларды салық пен әлеуметтік жарна төлеуге міндеттесе, бұл әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін бе?

Біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, министрліктің қолынан бұл келмейді. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды қалай анықтамақ, қандай әдістеме қолданбақ, оларды қалай есептемек? Бұл – бір. Екіншіден, бұған дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ендіріп, «салық төлемегендер емделмейсіңдер» дегендей жүйе жасамақ еді, одан да түк шықпады. Тіпті оларды анықтап, тіркеді делік. Сонда үкімет өз бетінше күн көріп жүрген оларға көмектеспейтіні, қолдамайтыны былай тұрсын, салық салып қанамақ. Әрине, әлгі азаматтар бұған наразылық танытып, мұның арты әлеуметтік жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.