Семейдің әкімі Ермак Сәлімов қала тұрғындарымен есептік кездесуін өткізген соң, журналистерді тың жаңалығымен таңғалдырды. Оның сөзінше, бүгінде семейліктерді коммуналдық мәселелер мен қоғамдық көліктердегі қызмет сапасы қатты алаңдатады екен. Қала тұрғындарының зары мен мұңы ақыры қала басшысының құлағына жетіпті.

Дегенмен жөнделіп жатқан жолдарды, жаңарған автобустарды айтып өткен қала әкімі ел осы жаңалықтарды да көрсе, білсе дейді. Қоғамдық көлікке қатысты жұмыс  жалпақ жұртқа анық көрінуі үшін биыл қаладағы автобус бағыттары да өзгермек.  Сондай-ақ қала әкімі тіпті автобус жүргізушілері үшін қаладағы шеткі аялдамаларға әжетханалар  салынатынын да айтып қалды. Әкімнің тап осы мәлімдемесі автобус жүргізушілері үшін «Сіз үшін тағы не істей аламыз?» деген банк жарнамасын еске түсіретіндей. Өйткені бұған дейін Семейде қоғамдық көлік жүргізушілері үшін арнайы әжетхана салдырту ешбір әкімнің өңі түгіл, түсіне де кірмеген іс. Әрине, әжетхана да қажет шығар. Алайда қала орталығындағы аялдамаларға келгенде  кез келген арнайы әжетханаға кіріп шығуға уақыт тауып үлгеретін жүргізушілер үшін оның маңызы шамалы емес пе?

Дегенмен соңғы аялдамаларда әжетхана салуға бел буған әкім осы бастамаға деп бөлінген 8 миллион теңгені қалай жұмсамақ?  Қарапайым есепке салсақ, қалада 505 аялдама бар,  оның 11-і қала шетінде. Яғни бір әжетхана салуға 700 мыңнан астам теңге кетпек. Қала әкімі үшін бұл көп қаржы да емес шығар. Мейлі, салса салсын. Бірақ салып біткен соң әжетхананың өтеуі деп  қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын көтеріп жібермей ме? Бұған дейін бензиннің, автобус шығынын көтеріп келген қарапайым жұрт енді әжетхананың салмағын арқалай ала ма?

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Шығыс Қазақстан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.