Былтырғы жылдың қаңтар айының басында қамауға алынып, «топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алған» деген күдікпен ұсталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын қалған сияқты. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар таққан болатын.

19 ақпан күні тараптар жарыссөзге көшті. Сөйтіп айыптаушы прокурор Сәуле Сыдықова соттан Қ. Бишімбаевты Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлімі (« Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басшылық ету, сол сияқты қылмыстық топты құру не оған басшылық ету»), 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы («Топ болып немесе астыртын сөз байласып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды ұйымдастыру») бойынша айыпты деп тануды және 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесу, мемлекеттік басшылық қызметті атқару құқығынан өмірбақиға айыру, мемлекеттік «Құрмет» орденін қайтарып алуды және қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілеуді сұрады.

Қаңтардың 8-і күнгі сот процесінде сөз алған 37 жастағы Қуандық Бишімбаев «ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен барша қазақстандықтардың сенімін ақтай алмағаны» үшін өзін кінәлі сезінетіні туралы мәлімдеген. Президенттен кешірім сұраған лауазымды тұлғалардың сотталмай қалғаны жоқ. Бірақ, көп ұзамай түрмеден босап кеткендері бар. Енді Қуандық Бишімбаевқа қандай үкім шығатынын уақыт көрсетеді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.