Шығыс өңірде туризмді дамытудың басты нысандарының бірі – Алакөл жағалауы. Сонымен қатар, дертіне шипа іздеп, денсаулығын оңалтуға ұмтылатындардың да баратын жері — Алакөл. Алып көлдің су құрамының ерекшелігі туралы бұған дейін де талай зерттеліп, ел аузында да сантүрлі әңгімелер ертеден айтылып келеді.

Ал облыстағы 8 көл мен 2 бұлақ қайнарының суы мен батпағының құрамын зерттеген ғалымдар Алакөлге айрықша назар аударды. Зерттеу нәтижесінде Алакөлдің суында адамның буын, тері ауруларына, қан айналымы жүйесіне тағы да басқа сырқатына ем болатын   радон көрсеткішінің жоғары екені ғылыми түрде дәлелденген жайы бар.

«Барлығына ғылыми дәлел қажет. Сондықтан облыстағы көлдер мен қайнарлардың құрамын зерттеуге ғалымдарды қатыстырып отырмыз. Алакөлдің қасиеті қандай екенін жұрт бұрыннан біледі, туристердің көптеп ағылуы да соңдықтан. Алайда су құрамында радон көрсеткіші жоғары екенін терең  зерттеу нәтижесінде анықтап отырмыз. Бұрын радон тек Рахман қайнарларында ғана бар деп есептелетін»,-дейді Шығыс Қазақстан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының  басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Бұл өңірдегі көлдер мен бұлақтардағы су құрамын зерттеудің бірінші кезеңінде анықталған жайт. Д.Серікбаеватындағы ШҚМТУ-нің ғылыми жұмыс және иннновациялар жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың  айтуынша, зерттеудің бірінші кезеңінде  Алакөл, Зайсан, Марқакөл, Сібе көлдері, Шыбындыкөл, Дубығалы  (Окуньки), Рахман қайнарлары, «Барлық-Арасан» және Қоңырәулие бұлағы мен Қасиетті бұлақтың су құрамы мен батпағынан  үлгілер алынған. Сондай-ақ, ресейлік ғалымдардың да атсалысуы нәтижесінде Бесқарағай ауданындағы Шошқалы көлі суының минералдану және  иондық-тұздық құрамы 30% -ға жоғары екені де анықталған.

Ал зерттеу кезеңінің екінші кезеңінде ШҚО-дағы тағы 4 көлдің суы мен емдік батпағы құрамының физика-химиялық қасиеттері тексеріліп, табиғи минералды суларды пайдалану үшін бальнеологиялық  қорытынды жасау жоспарланып отыр.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.