Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының бүгін өткен сессиясында депутаттар өздерінің тарихи шешімдерін қабылдады. Иә, жиын барысында халық қалаулыларының өздері де, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та «тарихи» деген сөзді қайта-қайта ауызға алды. Сессияның күн тәртібінде қаншама жылдардан бері айтылып, біраз жүзеге аспай келе жатқан-Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарын қайта бөлу  жөніндегі шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта Сарыағаш ауданында 326 мыңнан астам халық бар. Ал Мақтаарал 304 мыңнан астам халықтан тұрады. Мәслихаттың қабылдаған шешімі бойынша Мақтаарал: Жетісай, Мақтаарал және Асық ата аудандары болып, ал Сарыағаш: Сарыағаш және Келес аудандары болып қайта бөлінбек. Жетісай ауданының орталығы -Жетісай қаласы, Асықата ауданының орталығы — Асықата кенті, Мақтаарал ауданының орталығы — Мырзакент болып белгіленді. Сарыағаш ауданының орталығы — Сарыағаш қаласы, Келес ауданының орталығы — Абай ауылы болмақ.

Осылайша осыдан 21 жыл бұрын қосылған аудандар сол бұрынғы атауымен қайта бөлінгелі жатыр. Сессияда сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Үкімет пен Президент әкімшілігіндегі  рәсімдеу процестері аяқталған соң, қос аудан Президенттің жарлығымен ресми түрде бөлінетінін жеткізді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.